Бүгінгі таңда елімізде 627 мың мүгедек бар екен. Олардың арасында бала кезінен мүгедек атанғандардың да саны едәуір. Ендеше, оларды қамқоршылары – аналары күтіп-бағатыны сөзсіз. Бүгінгі таңда мүгедек баланы өсіру үшін жұмыс істемей үйде отырған осындай аналарды әлеуметтік жағынан қамту өзекті мәселеге айналған.
Осы орайда облыс орталығындағы И.Шухов атындағы кітапханада “Нұр Отан” партиясының қалалық филиалы “Кедергісіз келешек” жобасы аясында серіктестері – жергілікті “АДОН-Север” және қостанайлық мүгедек балалары бар аналардың “Радуга” қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп, “Үнемі жанында болатындар үшін” деген атаумен баспасөз конференциясын өткізді. Аталмыш шара “Еуразия” мен “USAID” қорларының жобасы бойынша жүзеге асырылды.
– Елімізде бала кезінен мүгедек атанғандардың қамқоршыларының мәртебесі анықталмаған. Осы орайда олардың әлеуметттік жағынан қорғалмағандығын жар сала айтуымыз қажет. Біз тиісті заңнамаға мүгедектердің қамқоршыларының мәртебесін анықтайтындай өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобын құрудамыз, – дейді “Радуга” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Колоскова.
Осындай міндетті мойындарына алған қоғамдық бірлестіктер заңнамаға енгізілуі тиіс өзгерістерді қамқоршылармен бірлесе отырып талқыламақ. Бастамашылар мүгедек бала бағып отырған 300 қамқоршының арасында сауалнама жүргізіп, бірқатар ұсыныстарды әзірлепті. Мәселен, қамқоршыға мүгедек баланы күтіп-баққаны үшін төленетін жәрдемақыны қамқорындағы жан 18 жасқа толғаннан кейін де төлеу, аналарға әлеуметтік қызметкер мәртебесін беру, кембағал жанды күткен жылдарды жұмыс өтілі ретінде есептеу, зейнеткерлік демалысқа ерте шығару сынды ұсыныстар айтылған екен. Бұл ұсыныстар ендігі жылдың қаңтар айында Парламентке жолданбақ. Егер ұсыныстар заң жобасын талқылау кезінде қабылдана қалса, мүгедек баланы далаға тастамай, өмір бойы аялап, күтіп-баққан қамқоршылардың ауыр еңбегі қайтқан болар еді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.