Ләззат Әшімованың ас үйі таңнан кешке дейін бір босамайды. «Енемнің дәмді қамыры» брендімен танымал болған кәсіпкердің өнімдеріне тапсырыс қала мен аудандардан, Астанадан, тіпті Ресейден де түседі екен. Екінші топтағы мүгедектігі бар қала тұрғыны келінімен бірге бала тәрбиесімен де, сүйікті ісімен де еш кедергісіз айналысуда.
Еңбекқор жандардың жұмысы таңертеңгі 09.00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Ал демалыс күндері қамыр илеу таңғы сағат 07:00-ден басталады. Олар тәулігіне 40 шақты қамыр жайып, тұтынушылардың тапсырысын сапалы әрі уақытында орындайды.
Қамыр илеуді оқушы кезінен жақсы көрген Ләззаттың аспаздық білімі болмаса да, тағам дайындауға деген сүйіспеншілігі мен тәжірибесі осы істі бастауға себеп болыпты. Кейіпкеріміз арманын жүзеге асырудың жолдарын талмай іздеген. «Ізденген жетер мұратқа» демей ме? Кәсібін дамытқысы келетіндерге берілетін мүмкіндіктер туралы естігеннен кейін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, «Мансап» орталығы арқылы мемлекеттік грантқа өтініш береді. Кейін жобасын сәтті қорғап, қол жеткізген 1 млн. 380 мың теңге қайтарымсыз грантқа кәсібін дамыту үшін қажетті барлық құрал-жабдықтарды сатып алады.
Кейіпкерімізге аспаздық хоббиді табыс көзіне айналдыру идеясын келіні Мақпал ұсыныпты. Енесінің қамқорлықпен дайындаған тағамы әрдайым жайлылық пен үйдің жылуын сездіретінін мойындаған келіні қамырды дайын күйінде нарыққа шығарып, қызметтегі әйелдердің уақытын үнемдеуге болатынын айтқан.
— Адамға өзіне ұнайтын кәсібін бастау ешқашан кеш емес. Жақсы өмір сүруге адамның өзі де әрекет жасап, оқып ізденіп, мақсатқа жетуге талпынуы керек. Оның үстіне қазір кәсібін ашқысы келетіндерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Шағын кәсібіміздің атауын «Енемнің дәмді қамыры» деп қоюды да келінім ұсынды, — дейді іскер әйел.
Кәсіпкер бұл жетістікпен шектелгісі жоқ. Өнімнің көлемін де түрлерін де арттырғысы келеді, сондықтан келіні екеуі қазіргі таңда жайлы нысан қарастыруда.
— Кең жер болмағаннан кейін тапсырыс көп болған күндері дайындау қиынға соғып жатады. Мәселен, Жаңа жыл қарсаңында әдеттегі тапсырыстан екі есе көп: 50-60 жайма және мантыға да осыншалықты қамыр дайындадық. Жұмысымыз ас үйде атқарылып жатқандықтан қазір өндіріс көлемін шектеп, тапсырысты тек қажетті мөлшерде ғана қабылдаймыз. Сол үшін тез арада ыңғайлы, кең орын тауып алғымыз келеді. Мүмкін болған жағдайда тек қамыр ғана емес, нарыққа жартылай дайын өнімдерді шығару жоспарымызда бар. Бұл бізге өндіріс көлемін арттыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, — дейді іскер әйел.
Енесі мен келіні тұтынушыларына тек мантының қамырын ғана емес, қолжетімді бағада еттің жаймасы мен бүйрек, тұшпара, чебурек қамырын да ұсынады. Қамыр тұтынушының көңілінен шығу үшін сапалы әрі табиғи ингредиенттерден дайындауға аса мән береді.
Әрине кәсіп бастау оңай емес. Бастапқыда Ләззат Әшімова да бірнеше қиындықтарға тап болды. Жаңа кәсіп болғандықтан тапсырыс беретін тұтынушылар, ал танымалдылыққа қол жеткізу үшін жақсы жарнама қажет. Әлеуметтік желіде контент жасап, сапалы суреттер мен видео түсіру — уақыт пен күшті талап етеді. Ал өнімнің сапасын үнемі жоғары деңгейде ұстау және тұтынушылардың көңілінен шығу кәсіпкер үшін маңызды.
— Қазір әлеуметтік желіде ақпарат алмасып, қарым-қатынас жасайтын заман болып кетті ғой. Барлық адам керегін интернет арқылы табады. Осыны білгендіктен, ең алдымен, «Instagram» әлеуметтік желісінен жұмыс парақшамызды аштық. Оқырмандарды қызықтыру мақсатында SMM маман, фототілші жалдаймыз. Парақшаның жұмысын келінім жүргізеді. Ісімізде қиындықтар туындаған кей кездері тұтынушыларымыздың жақсы пікірлері бізге жігер сыйлайды, алға жетелейді. Өнімдерімізді аудандар мен қалаларға және Мәскеу, Челябинск, Қорған қалаларына арнайы тапсырыспен алып кететін тұрақты тұтынушыларымыз бар, — дейді кәсіп иесі.
Тәжірибе алмасу – табыс кілті екенін түсінген кәсіпкердің келіні Мақпал өткен жылы Астана қаласындағы аспаз цехында шеберлігін шыңдаған. Ол жерде қамырды дұрыс әзірлеу, сақтау және әр өнімнің құрамын дұрыс анықтауды үйренген.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.