Ұмытпасам, 7-сыныпқа көшкен кезім. Петропавлда оқитын, үйдің тұңғышы Мұрат ағамыз жазғы каникулға келген сайын бәріміз мәре-сәре болып қуанып қалатынбыз. Бұл жолы да әдеттегідей әрқайсымызға ала келген базарлығын үлестіріп, маған сыртқы мұқабасы қатты, 96 беттік торкөз қалың дәптер бұйырды. Көп ойланбастан қайшымен екіге бөліп, біреуін жанқалтама салып алдым. Ондағы ойым – күнделік жүргізу еді, ол жайына қалды. Қазір парақтап отырсам, не жоқ дейсің?! Құл иеленушілік заманындағы Спартак көтерілісі ме, физикалық есептер ме, математикалық теңдеулер ме, Абай өлеңдерінен үзінділер ме, сыныптағы 22 ұл мен қызға берген мінездеме ме?!. Не керек, дәптердің ішін бір-бірімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жазбалармен толтырып, қойыртпаққа айналдырыппын. Ал бірінші беттің ұшар басына “Арманым – журналист болу” деп айдақтата жазылған жазу – мен үшін ерекше ыстық. Артта қол бұлғап қалған алаңсыз да уайымсыз балалық шақтың, қиялшыл да кіршіксіз көңілдің ұмытылмас бір белгісі, ескерткіші сияқтанады.
Бүгінде алғашқы санының жарық көргеніне 95 жыл толып отырған “Солтүстік Қазақстан” газетінің менің өмірімде қалдырған шуақты шақтары мен ізгілікті іздерін, қанша санамаласам да, тауыса алмаймын. 6-сыныпта жарияланған алғашқы тырнақалды мақаламнан бастап менің өмірімнің ажырамас бір бөлігіне айналды десем, асыра айтқандық болмас. Пошташы Әміржан ағамызды асыға тосатындардың бірі мен едім. Газет-журналды әр үй жаздырып алатын. Қашан таратқанша тағатым, шыдамым таусылатын. Алдымен іздейтінім – өзімнің аты-жөнім. Редакциядан қызыл конверттер келгенде төбем көкке жеткендей мәз болатынмын. Бақыт Мұстафин, Ермек Құсайынов, Мәлік Мұқанов, Амандық Жантеміров, Мереке Тұралин, Болат Қожахметов, Жарасбай Сүлейменов, Амандық Әбжанов секілді өңірдегі журналистика сардарлары қиындығы мен қызығы мол мамандықты біржола таңдап алуыма үлкен ықпал етті. Ойы ұшқыр, сөзі ұтқыр ағаларыма ұқсауға тырысатынмын, ұмтылатынмын. Кейін олардың қатарына Жоламан Шаханов, Тоқтар Зікірин, Зейнолла Әкімжанов, Құрман Рамазанов, тағы басқалары бар тегеурінді лек қосылды.
ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түсу өзгелер секілді менің де басты арман-мақсатым болатын. Әкейдің ақылымен қасиетті қара шаңыраққа алғаш рет бас сұғып, үлкендердің ақыл-кеңесі мен батасын алып шыққандағы жан толқынысымды тілмен жеткізу қиын. Уәп ағаның мен сияқты шикіөкпе бозбалаға тастай қатырып, мінездеме жазып беретінін еш күтпеген едім. Біздің кезімізде журналистика факультетіне қабылдау тәртібі қатаң еді. Газетте жарияланған мақалалар белгілі шекте талап етілетін. Әйтпесе, құжаттарыңды қабылдамақ түгіл, есіктен де қаратпайтын. Оның үстіне оңтүстік астанаға теріскей жақтан баратындар тым сиректі. Бәлкім, Уәп ағамыз осы жағын да қатты ескерген болуы керек.
1980 жылы Алатау баурайындағы еңселі оқу ордасын бітіріп, Алматыда қалу мүмкіндігі бола тұра, еңбек жолымды жергілікті жерден бастағанды жөн көрдім. Таңдау аптасына үш рет 6 мың данамен тарайтын, 40-қа жуық қызметкері бар Алматы облысы Балқаш аудандық “Балқаш еңбеккері” газетіне түсті. 7 жыл қызмет атқарып, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары секілді баспалдақтардан өттім. 1989 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін сол өлкеде жұмыс істеу бұлжымас қағида болатын. “Ленин туы” газетіндегі жанашыр, ақылшы ағалардың қол ұшын беруінің арқасында туған жерге оралдым. Біраз қиындықтарды өткеруге тура келсе де, бұрыннан таныс-біліс, сыралғы ұжыммен қуана қауыштым. 13 жыл қолтықтасып еңбек ету, жас маман ретінде үш бөлмелі жайлы пәтерге қол жеткізу бақытына ие болдым.
Осы уақыт бедерінде нар тұлғалы қаламдас ағаларым мен замандастарымнан қаламгерлік қарым-қабілетке қоса қайраткерлік, азаматтық қадір-қасиетке кір келтірмеудің қаншалықты үлкен жауапкершілік жүктейтінін, зор міндет артатынын анық ұғындым.
Журналистика мамандығын өмірлік серік етуіме бірден-бір ықпал еткен “Ленин туында” бір мүшелдей қызмет еткен кезеңде отызында – орда, қырқында қамал бұзған қаншама қайратты, жампоз қалам иелерінен айрылып, қабырғамыз қайысты десеңізші?! Солардың бірі – Мәлік ағамыздың орны бөлек еді. 2003 жылдың 18 ақпанында айдарлы да айбарлы кемел күрескердің, ұлтжанды қайраткердің жүрегі соғуын тоқтатты. Қызылжар қара жамылып, аза тұтты. Шынын айтсам, “Егемен Қазақстанда” істеген жылдары өзінің айшықты қолтаңбасын қалдыра білген батыр мінезді алып тұлғаның орнын басу маған оңай бола қойған жоқ. Осы қызметке тағайындаларда әрі-сәрі күйге түскенім, қобалжығаным рас. 20 сәуірде “Егеменнен” хабарласып, шұғыл түрде газет басшылығының қабылдауында болуымды жеткізді.
Қызметке қабылдарда газет басшысы Сауытбек Абдрахманұлы: “Жергілікті жерлерде сендерге меншікті тілші ретінде емес, “Егеменнің” өкілі ретінде қарап, әр қадамдарыңды соған қарап бағалайды. Ой да, бой да түзейтін шаңырақтарың бар екенін ұмытуға тиіс емессіңдер!” – деп еді. Содан бері арада зымырап шапқан аттай 12 жыл өте шығыпты…
Бүгінде ғасырға жуық белеске жетіп, тұтас дәуірдің жылнамасына айналған бәріміздің сүйікті газетіміздің шығармашылық әлеуетінің қуаттылығы, тынымсыз ізденістері мен жас мамандарды орналастырудағы, тәрбиелеудегі оң үрдістері сүйсінтеді. “Солтүстік Қазақстаннан” түлеп ұшқан түлек ретінде қара шаңырағыма өз заманының “көзі, құлағы” бола беруіне шын жүректен тілектеспін!
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Егемен Қазақстан” газетінің меншікті тілшісі, мәдениет қайраткері.