«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАНАТЫМ ҚАТАЯ ТҮСТІ

Мен үшін өткен жыл же­місті де жеңісті болды. Өнер өлкесінде биік белестерге қол жеткіздім. “Славян базары – 2019” халықаралық фестива­лінде бас жүлде және “Эстрада” ата­лымы бойынша “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығына ие болдым. Қазір Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының соңғы курсында білім алудамын. Осы өнердің арқа­сында көптеген елдерге жолым түсті. Жақында Украинадан оралдым. Сол жақта білімімді арттырып, бір әнге бейнебаян түсірдік. Қаңтар айында оны жарыққа шығаруды жоспарлаудамыз. Сондықтан өткен жыл­ға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп.

Еліміз үшін де 2019 жыл табысты, жемісті жыл болды деп ойлаймын. Қаншама жастар қолдау көріп, Тәуелсіз еліміздің қамқорлығын сезінді. “Жастар жылы” жақсылыққа толы болды. 2020 жыл – еріктілер жылы. Алдағы уақытта тың бастамалар, жаңа жоба­лар жүзеге асырылатынына сенемін. Өзім еріктілердің қатарында болғандықтан, бізге артылған жауапкершілік екі есе артқанын сезінудемін. Бастысы, баршамыз жұдырық болып жұмылып, еліміздің көркеюіне өз үлесімізді қосуымыз қажет. Қызылжардың ұланы ретінде елімнің абыройын асқақтатып, өнер өлкесінде биік шыңды бағындырғым келеді. Мен үшін жерлестерімнің қолдауы әрқашан маңызды. Жаңа жыл баршамызға қуаныш сыйлап, дарқан еліміз жайнап, көркейе берсін. Жерлестеріме зор денсаулық, бақытты өмір, мол табыс тілеймін. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын.
 

Әділхан МАКИН,
әнші, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp