«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қанатын кең жайған қожалық

 

 

“Ата-бабамыз аңсаған азаттықтың ақ таңы әрбіреуімізге бодандық қамытынан босап, сахарадай кең жайылған дарқан даланың төсінде еркін өмір сүруімізге жағдай жасады. Дербес ел ретінде біз жаңа ұмтылыстарға қол создық”, – деп бастады әңгімесін еңбек ардагері Бағдат Таспаев.

“Молшылық” шаруа қожалығының бұрынғы басшысы Бағдат Таспаевтың жаңа ұмтылыстарға қол создық деп айтуы бекерден-бекер емес. Онсыз да экономикасы тұралап қалған елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы қандай болғаны айтпаса да түсінікті. Тұрмыс тауқыметі бір бүйірден қысса, елдің ертеңгі тағдыры да көптеген азаматтарға ой салды. Осы тұста бірқатары тығырықтан шығудың жолын іздеді. Бұл 1994 жыл болатын. “Молшылық” шаруа қожалығы құрылып, кәсіпкер тынымсыз тіршіліктің қойнауында күн-түн демей еңбек етті. Бүгінде қожалыққа ұлы Азамат басшылық етеді. Бастапқыда олардың 76 гектар жері болған. Оның өзі – Жаңажол ауылы тұрғындарының пай үлесіндегі меншік жер. Бүгінде 1800 гектарға бидай, арпа, сұлы, зығыр ексе, бір мың гектар жайылымдық жерлері бар. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытуға да шаруашылық үлкен мән беруде. 2003 жылдан бері төрт түлік өсіріп, өнімін ұқсатуды басты мақсат еткен олар ауқымды жоспарлармен алға басуда. Екі жүзге жуық жылқы мен қара мал болса, қой мен ешкінің саны мыңға жетіп қалды.

Шаруашылық түйе өсіруді қолға алып отыр. Қазір жеті түйе бар. Оның санын жүзге дейін жеткізуді басты мақсат еткен Азамат Таспаев болашақта шұбат өндіруді қолға алмақ. Сондай-ақ, жиырма бір адамды жұмыспен қамтып, қолдарынан келгенше көмек көрсетуде. Үкіметтің ерекше қамқорлығының арқасында соңғы жылдары техника паркі жаңартылуда. Өткен жылы Үкіметтен алған алты миллион теңге субсидияның арқасында бірқатар ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Былтыр орташа гектар берекелігі жиырма бір центнерден айналған екен. Биыл да егіннің шығымдылығы жақсы.

Мұнда жұмыс істейтін еңбек адамдарына көрсетілетін құрмет те ерекше. Жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына баса мән беріледі. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, өзін ғана емес, өзгені де жұмыспен қамтыған қожалық басшысы Азамат Бағдатұлы сөздің емес, істің адамы екеніне өзіміз де анық көзімізді жеткізгендей болдық. Себебі, жұмысшыларға үй салып, көлік мінгізуге әрбір кәсіпкердің жүрегі дауаламайды. Жұмысшылар үшін екіқабатты жатақхана салдырып, асхана ашқанын да айтып өткен жөн. Сонау 1994 жылдан бері еңбекпен біте қайнасып, барлық қиындықтарды бірге еңсерген Жаманқұл Ожықаев, Амантай Айжарқынов сияқты еңбек ардагерлерінің есімдері ардақты. Олар күні бүгінге дейін еңбектен қол үзген жоқ. Ауылдың әлеуметтік жағдайы да шаруашылықтың басты назарында. Биыл ауылда дене шынықтыру және сауықтыру кешені іске қосылған болатын. Өз қаражаты есебінен 1,5 миллион теңгені материалдық көмек ретінде ұсынған кәсіпкерге ауыл тұрғындарының айтар алғысы шексіз.

“Атына заты сай” дегендей, ырыс пен құтқа, молшылыққа кенелген қожалықта мал және өсімдік шаруашылығынан басқа, құс өсіру де жақсы дамыған. Мыңдап тауық, қаз, күркетауық өсіріледі. Ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты қамтыған жаңажолдық кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алда атқарылуы тиіс шаруалар көп. “Құлан”, “Сыбаға”, “Алтын асық” сияқты мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қожалықтың несібесі артуда.

– Әкемнің өнегелі ізімен мен өмірімді ауыл шаруашылығы саласымен байланыстырдым. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тамамдап, жұмысқа бірден ауылға келдім. Қожалыққа басшылық етсем де, әкемнен әлі үйренерім көп. Қасымда ақылшым болып, жөн сілтеп отырады. Ауыл шаруашылығы саласында маңдай теріңді төгіп жұмыс істесең ғана жемісін береді. Сондықтан бұл сала қандай қиын болса да, ауылды көркейтіп, елімнің болашағы үшін өзімнің үлесімді қосуға дайынмын, – деді Азамат Бағдатұлы.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp