«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР?

Жаңа жылдан жақсылық күтпейтін адам жоқ. Санаулы күндерден кейін есігімізді қағатын 2024 жылы қазақ елін қандай игіліктер күтіп тұрғанын саралап көрген едік.

2024 жылы Қазақстанда ең тө­менгі зейнетақы және ең тө­менгі жалақы көрсеткіштері өзгере­ді. “2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заң­ға сәйкес ең төменгі жалақы 85 мың теңге, мемлекеттік базалық зейнет­ақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28215 теңге, ең төменгі зейнетақы 57853 теңге, айлық есептік көрсет­кіш 3692 теңге болады. Базалық әлеу­меттік төлемдерді есептеу үшін күнкөріс минимумы 43407 теңгені құрайды.

* * *

Айлық есептік көрсеткіш мөлше­рінің ұлғаюына байланысты мемле­кеттік баждың мөлшерлері өзгереді. Осылайша Қазақстан Республика­сы азаматының паспорты үшін мем­лекеттік баж мынадай болады:

24 бет – 14768 теңге (4 АЕК) (16 жасқа дейінгі балалар үшін); 36 бет – 29536 теңге (8 АЕК); 48 бет – 44304 теңге (12 АЕК).

Қазақстан Республикасы азама­тының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты – 738,4 теңге (0,2 АЕК). Қазақстан Республикасы азаматы­ның бір жыл ішінде екі реттен артық куәлік жоғалуына байланысты – 3692 теңге (1 АЕК), азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігі үшін – 29536 теңге (8 АЕК).

* * *

Ең төменгі жалақының өсуі жалақысы төмен жұмысшыларға әсер етеді. Сондай-ақ жалақы дең­гей­лерін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер басқа санаттағы жұмыскерлердің жалақысын сана­та­ралық біліктілік жүйесін ескере отырып қайта қарайды. Осының ар­қасында әртүрлі меншік нысанын­да­ғы кәсіпорындарда барлық салалар­да жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жұмысшының, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай кірісі артады.

* * *

2024 жылдың 1 қаңтарында жал­пыға бірдей декларациялау науқа­нының үшінші кезеңі басталады. Елі­мізде мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар, квазимемлекеттік сектор қызметкер­лері мен жұбайларға қатысты жалпы декларациялаудың екі кезеңі өтті. Барлығы 2,6 миллион адам қам­тылған.

* * *

2024 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап Ұлттық қордың ин­вестициялық кірісінің бір бөлігін ба­лаларға есептеуді көздейтін “Ұлттық қор – балаларға” жобасын іске асы­ру басталады. Ұлттық қордан бала­лардың арнайы жинақ шоттарына аударылған қаражатты болашақта тұрғын үй жағдайын жақсартуға не­месе білім алуына жұмсауға бола­ды. Тұрғын үй сатып алуға немесе жақсартуға Қазақстан аумағында ғана рұқсат етілген, ал білім алу үшін шетелдік оқу орнында оқуға мүмкін­дік бар. Бала 18 жасқа толғанға дейін жиналған қаражат Ұлт­тық қорда болады және Ұлттық банк қаржы құралдарына инвестиция­лауды жалғастырады. Баланың ту­ған күнінен немесе Қазақстан аза­маттығын алған күнінен бастап 18 жасқа толғанға дейін оның бағдар­ламаға қатысқан тиісті мерзімі үшін әрбір баланың шотына бірдей сома аударылып тұрады. Шотта жинақ­тал­ған қаражатты балалар 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға мүмкіндік беріледі.

* * *

2024 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге өнер­кәсіп пен салаларды дамытуға қосқан қомақты үлесін ескере оты­рып, зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 55 жастан бастап арнайы әлеу­меттік төлемдерді енгізу жос­парлануда. Қызметкердің денсаулы­ғына келтірілген зиянның дәрежесі ескеріледі. Осыған байланысты “Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне қоғамдық бір­лестіктер мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы” Заң жобасы аясында тәсілдер әзірленді.

Заң жобасында төрт төлем көзі­нен тұратын МКҚК қарастырылған, оның бірі республикалық бюджеттен төленетін арнайы кәсіби мемлекет­тік жәрдемақы. Сонымен қатар қыз­меткерлерге қолданыстағы зейнет­ақы жинақтарын ескере отырып, мін­детті зейнетақы жарналары арқылы БЖЗҚ-дан төлемдер алу құқығы берілген.

Төлемдер зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін сізге зиянды ең­бек жағдайлары бар жұмыстан шығу қажет болады. Яғни қызметкерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады (еңбек­ақы мен жәрдемақы алады) немесе еңбек демалысына шығып, зейнет­ақы тағайындалғанға дейін төлем­дерді ала алады.

* * *

Орталық мемлекеттік және жер­гі­лікті атқарушы органдарға шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге салынған мораторий мерзімі 2024 жылдың 1 қаңтарында аяқталады.

Яғни шағын және микро бизнесті тек­серуге арналған мораторий тоқтаты­лады. Осылайша бақылаудың бар­лық салаларында тәуекелдерді бас­қару жүйесі енгізіледі.

* * *

Сондай-ақ Жаңа жылдан бастап Қазақстанда Бірыңғай жиынтық тө­лем (БЖТ) жойылады. Ол жылдық та­бысы 4,1 миллион теңгеден ас­пай­тын азаматтар үшін енгізілген. Бі­рың­ғай жиынтық төлем 2019 жыл­дан 2023 жылға дейін, яғни, уақытша қабылданған еді. Ол 2023 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Осы­ған байланысты Бірыңғай әлеу­мет­тік төлемді төлейтін азаматтар 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде тиісті салық режімін таңдауы қа­жет.

* * *

2024 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап жұмыс берушінің міндетті зей­нет­ақы жарналарын өз қаражаты есебінен 2024-2028 жылдар аралы­ғында 1,5 пайыздан 5 пайызға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталады. Осы­лайша зейнеткерлікке шыққан кез­де бұл жұмыскерлер қосымша жи­нақтаушы зейнетақы төлемімен қам­тамасыз етілетін болады.

Бұл шара жас буынды қолдауға бағытталған, олардың зейнетақы мөлшері зейнетақы ауда­рымдарына тікелей байланысты бо­лады. Зейнетақы үш компоненттен: мемлекеттен берілетін база­лық зейнетақы, жинақтаушы зейнет­ақы – Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қорына аударымдар есебінен және шартты-жинақтаушы зейнет­ақы – жұмыс берушілердің жарнала­ры есебінен болады. ЖМЗЖ енгізу, әсіресе, ынтымақты өтілі жоқ (1998 жыл­ға дейін) немесе ынтымақты жүйе­дегі өтілі аз азаматтар үшін өзекті.

* * *

Сонымен қатар Жаңа жылдан бас­тап газ жабдығы бар көліктерде арнайы сәйкестендіру белгісі болуы керек. Өзгеріс Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы бұй­ры­ғымен бекітілген Жол қозғалысы ере­желерінде болды.

Леп белгісі және “GAS” деген жазуы бар, сары түсті үшбұрыш нышан газ баллонды жабдығы бар көліктердің барлығына жапсырылуы тиіс. Сондай-ақ бұл белгі жабық паркингтерге кіргенде автокөлік оңай танылатындай етіп орнатылуы қажет. Бұл газбен жүретін көліктер­дің жабық тұрақтарға қойылмауын бақылап, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі.

* * *

Сонымен қатар жеке басын куә­ландыратын құжаттарды алған кез­де саусақ іздерін тапсыру рәсімі бас­талады. Әзірге бұл процесс Қазақ­стан азаматтары үшін ерікті болады. Бірақ елімізге келетін шетелдіктер үшін міндетті.

* * *

1 қаңтардан бастап Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тарды пайдаланғаны үшін төлемнің жаңа мөлшерлемесі енгізіледі. Бұл “Бурабай” мемлекеттік ғылыми-өндірістік кәсіпорнына да әсер етпек. 2024 жылға арналған алым мөлшер­лемелері мыналарға негізделеді: жаяу жүргіншіден – 0,1 АЕК (369 теңге); мотоцикл, мопед, квадро­цикл үшін – 0,2 АЕК (738 теңге); жеңіл автокөлікке – 0,3 АЕК (1108 теңге); сыйымдылығы 16 орынға дейінгі шағын автобустар мен жүк көліктері үшін – 1 АЕК (3692 теңге); 32 орынға дейінгі автобустар үшін – 2 АЕК (7384 теңге); 32-ден көп орын бар автобустар үшін – 3 АЕК (11076 теңге). Оның ішінде жеке/заң­ды тұлғалардың автокөліктерінен тө­лем ұлттық парк аумағында болған әрбір күн үшін алынады.

Дайындаған

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp