
Құс салып, аң аулау – көнеден жеткен дәстүр. Бүгінгі таңда саятшылықтың осы түрін құстың тілін жетік білетін құсбегілер насихаттауда. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін саятшылық сайыстары елімізде жиі өтіп тұрады. Бұл жолы Қызылжар өңіріндегі “Құлагер” атшабарында құсбегілер арасында XIV ел біріншілігі бастау алды. Сайысқа 12 облыс пен екі қаладан қолына бүркіт, қаршыға және ителгі қондырған 50-ден астам құсбегі қатысуда.
Ұлттық өнерді қайта түлетуді мақсат еткен шараның ашылуына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев жиналған көпшілікке құттықтау сөзін арнап, сайыстың алдағы уақытта облысымызда құсбегілікті дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.
Бұдан кейін сөз алған спортты дамыту дирекциясының ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Атамекен Рүстемов соңғы жылдары елімізде төл өнердің екінші тынысы ашылғанын атап айтты.
– Құсбегілік – қазаққа ғана тән бекзат өнердің бірі. Ол әлем бойынша спорт түрі ретінде 3-4 елде ғана тіркелген.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының саятшылықты спорт ретінде дамытуының басты мақсаты – ата-бабамыздан мұра болып қалған құсбегілікті жоғалтпай, келер ұрпаққа аманаттау. Бүгінгі таңда құсбегілік өнер Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қамқорлығына алынған. Жарыс өткізудің ереже-талабы бірізге түсіріліп, бекітілді. Алдағы жоспарымыз – құсбегілер жарысын әлемдік деңгейде өткізу, – деді Атамекен Нәбиұлы.
Жарыс қатысушылары 34 бүркіт, 8 қаршыға және 8 ителгімен келді. Біріншіліктің алғашқы күні құсбегілер бүркітті қолға қондыру бойынша сынға түсті. Қатты соққан жел бүркіттердің ұшуына біраз кедергі келтіргенін де айтып өткен жөн. Тіпті, қатарынан үш бүркіт қатты желден бұл тапсырманы тиісті деңгейде орындай алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Біріншіліктің бас төрешісі Дулат Маратұлының айтуынша, спорт түрі ретінде ресми бекітілген соң жарыс арнайы ереже шеңберінде өткізілуде. Ережеге сәйкес әр бүркітке ұпай қойылады. Егер құс жерге қонбай, бірден иесінің қолына барып қонса, ең жоғары 10 ұпай беріледі. Ал жерге қонғаны үшін бір ұпай төмендетіледі. Қаршыға мен ителгіге байланысты да ереже бірдей. Халықаралық додаларда да осы талаптар сақталады екен.
Бірінші кезеңнен сүрінбей өткен құстар еркін ұшу, аңға түсу және шырғаға тарту шеберлігі бағаланатын екінші кезеңге жолдама алады. Ал финалда бүркіт, қаршыға және ителгі құсқа, қоян мен түлкіге салынады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік деп танылған құс иесі ақшалай сыйлықпен марапатталмақ. Біріншілікте үздіктер қатарынан көрінген құсбегілер спорт шебері атағына ие болып, кейін ел құрамасына қосылады.
Қазақстанның құсбегіліктен аға жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлының айтуынша, көне өнерден қол үзіп қалмаудың бір амалы – оны спорт түрі ретінде танып, мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету. Кешенді шаралардың нәтижесінде елімізде саятшылық спорт түрі ретінде ресми бекітіліп, 2004 жылы бүркітшілер федерациясы құрылды. Жыл сайын “Салбурын”, “Саят”, “Қансонар” атты бүркітшілердің республикалық чемпионаттарын ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Бұл біріншіліктерге 100-ге жуық құсбегі қатысатын болса, оның 60-сы бүркіт баптайды.
– Соңғы жылдары құсбегілік өнері біршама ілгеріледі. Бірақ жасыратыны жоқ, бұл сала Қызылжар өңірінде кенжелеп қалған. Осыны ескерген ұйымдастырушылар алқасы сайысты Солтүстік Қазақстан облысында өткізуді жөн санады. Төл өнерімізді насихаттап, оған жастардың ықыласын аудару үшін биылдан бастап өңірлерде спорттың бұл түріне жан-жақты қолдау көрсетіледі. Қазақстанның бірқатар өңірлерінде құсбегілік бөлімдер ашылуда. Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында аталмыш бөлімдер өз жұмысын бастады. Алдағы уақытта саятшылық бойынша тәрбие беретін мектептер ашу жоспарлануда, – деді Базарбек Күнтуғанұлы.
Биылғы қазан айында Павлодар қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында құсбегілер біріншілігі өткізіледі. Сондай-ақ, ел құрамасының өкілдері биыл Бурабайда өтетін әлем чемпионатында және Түркияда жалауы желбірейтін халықаралық көшпенділер ойындарында ел намысын қорғамақ.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.