Сұрапыл соғыс басталғаннан кейін 72 жыл өткен соң қан майданнан оралмаған боздақ туралы хабар оның туған ауылына да келіп жетті…
Қуанышы мен қайғысы ортақтасқан бұл хат-хабар Шал ақын ауданының Жаңажол ауылына бағыт түзеді. Онда Ресейдің іздеушілері Ленинград облысының Лодейное поле ауданындағы Старая Слобода ауылының маңында соғыс жылдарында ажал құшқан қазақстандық сарбаз Мұқажан Махметовтың сүйегі табылғандығы жайында айтылған. Осы уақытқа дейін сарбаз із-түзсіз жоғалған деп есептеліп келді.
Оның сүйектері Новая Сегежа ауылы үшін шайқасқан батырларға қойылған құлпытастан төрт жүз метр жерде табылған. Құлпытаста Жаңажол ауылының тумасы Мұқажан Махметовтың есімі өзге батырлардың аты-жөндерімен бірге тасқа ойып жазылған.
Ол әкесі Махмет пен анасы Ақбілек Махметовтар отбасының ең кіші ұлы еді. Соғыс басталғанда майданға алдымен оның ағалары Омар, Серғали және Нұрғали аттанды. Көп күттіртпей Мұқажан да ағаларының артынан еріп, соғысқа аттанды. Бір отбасынан қан майданға кеткен төрт ағайындының ішінен туған ауылына тірі қайтқан тек Нұрғали болды. Қалғандары Отан алдындағы борыштарын өтеп, қан майданда жер жастанды.
Соғыстан кейін Нұрғали үйленді. Махметовтар әулетінің тұқымы жалғасты. Дүниеге 5 баланы әкеліп, әкесі Махмет сияқты көпбалалы әке атанды.
Ол 90-шы жылдардың ортасында дүниеден озды. Соғыс оны да есіркеген жоқ. Бір шайқаста жарақат алып, сол көзінен жараланып, өмір бақи 1-топтағы мүгедек болып қалды. Нұрғали Махметұлы орденмен және бірнеше медальдармен марапатталды.
Нұрғали ата сұрапыл соғыста дұшпанға қарсы тұрып, бейбіт күндер үшін жанын берген ағалары мен інісі Мұқажанның ерліктерін артынан ерген ұлдары мен немерелеріне жиі айтып келді. “Мұқажан ұзын бойлы, батырлардай кең иықты еді. Ол ән айтқанды ұнатқан. Домбыраны да асқан шеберлікпен тартып, тойлардың сәні болды”, – деп артынан ерген немерелеріне інісінің қадір-қасиеттерін әңгімелеп отырған екен.
Мұрағаттардағы деректерге сүйенер болсақ, Мұқажан Махметовтың өмірі соғыс жылдарының басында, 1941 жылдың қазанында қиылған. Үйге жазған соңғы хатында ол Ленинград іргесінде фашистермен шайқасып жүргенін айтқан болатын.
Сол шайқастың қанды қырғынында қаза тапқан батырларымыз жайында құлпытаста жазылған мына мәтін баяндайды. Онда: “Новая Сегежа операциясы 1941 жылдың 21-24 қазан аралығына дейін созылды. Ұрыс барысында 314-ші Атқыштар дивизиясы Свирь өзенінен өтіп, плацдармды алып, неміс-фашист басқыншыларының Тихвин қаласына шабуыл жасауына және Ленинград төңірегіндегі екінші шеңберлі құрсауды орнатуына тосқауыл болды. Күштері тең емес ұрыста қазақстандық батырлар жоғары жауынгерлік дағдыны, қажырлылық, ерлік пен қаһармандықтарымен көзге түсіп, мәңгілікке жер жастанды. Батырлар мәңгілік ұмытылмайды!” делінген.
Мұқажан Махметов Отан алдындағы борышын өтеген Кутузов орденді Кингисепп 314-ші Атқыштар дивизиясы Петропавл қаласында 1941 жылдың шілде-тамыз айларында құрылды. Дивизияның алғашқы құрамының 70 пайызы облыстың тұрғындарынан жасақталды.
Кұрам жасақталғаннан кейін Жоғары бас қолбасшының нұсқауы бойынша дивизия Хвойная және Песь станцияларының маңына (қазіргі Новгород облысы) жөнелтіліп, 52-ші дербес армияның құрамына енді. Содан кейін Селище, Веретье, Лынна, Усадище аудандарына жіберіліп, жаңадан жасақталған 54-ші дербес армияның құрамына қосылады. Бірақ көп уақыт өтпей, 7-ші армияның Оңтүстік жедел тобының құрамына кіріп, Карель майданында шайқасады. Дивизия Хвойная бекетінен Малый Веширге дейін жетеді. Веребья шағын бекетінде атқыштар батальоны ауыр техниканы тастап, вагондарға мініп, Тихвин арқылы Оять бекетіне де жетеді.
Алдағы құрама отряд Подпорожье қаласына келіп, 1941 жылдың 12 қыркүйегінде финдермен шайқасқа түседі. Қалған бөлімдер мен техника бөлек эшелондармен Малая Вишера, Окуловка, Неболчи, Будогощь, Тихвин, Волховстрой, Колчанова және Паша бағыттары бойынша қысқа дейін келіп жетті.
Подпорожьеден шегінген кезде дивизия екіге бөлініп, екі топпен кетті. Бір топ Свирь өзенінің бойымен шығысқа, одан кейін Юксович ауылы және Винницы аудан орталығына қарай беттеді. Екінші топ Яндебу арқылы Теникондтқа, Янегке, Лодейное поле және Заостровьеге жетіп, сонда бекініп, 1942 жылдың сәуіріне дейін Горка ауылынан Тениконда бекетінің учаскесінде шайқасты.
Ерлігімен тарихта қалған дивизияның құрамында шайқасқан Мұқажан Махметұлының есімі туған жерінде де ұмыт қалған жоқ. Нұрғали Махметовтен тараған шөбересіне оның аты берілді. Арғы атасының есімін алған кішкентай Мұқажан ұрпақтары бейбіт заманда ғұмыр кешсін деп, жанын пида еткен атасына сай болуды қалайды. Ол оқу озаты, спортпен шұғылданады. Каратэдан республикалық және халықаралық сайыстардың жеңімпазы. 2011 жылы 8 жасар Мұқажан Швейцарияда өткен шинкиокушинкай каратэден Еуропа чемпионатында алтын медаль алды. Қазіргі таңда Мұқажан елорданың №37 мектеп-лицейінде білім алып жүр.
Туған-туысқандары Мұқажан атаның сүйектерін туған ауылына әкеліп, барлық жөн-жоралғысымен қайта жерлеуді парызы деп білді. Бірақ іздеушілердің берген ақпаратына сәйкес табылған қабір ұжымдық болғандықтан, эксгумация кезінде сүйектерді бөлу мүмкін болмапты. Лодейное поле ауданының әкімшілігі 2013 жылдың маусымында қазақстандық жауынгерлердің сүйектерін қайта жерлеген. Қазақстаннан арнайы шақыртылған сарбаздардың туыстарына салтанатты кеште Мұқажан Махметовтың медальоны мен хаттары табысталды.
“Мен Ресейдің шалғай жатқан ауылын азат ету үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқан Мұқажан атамыздың жатқан жерінен топырақ алып келіп, оның табылған заттарымен қоса, әкеміздің қабірінің қасына қойдым. Атамыздың жаны жәннатта тыныштық табуы үшін Құран бағыштай алатындығымызға ризамыз”, – дейді Нұрғали Махметовтың үлкен ұлы Балуан.
Қуаныш ҚОЖАХМЕТОВ.
(“Казахстанская правда”,
2013 жылғы 8 мамыр).