Бүгінде өңірімізде көзі тірі 280-нен астам қарт майдангер бар. Солардың бірі – Бескөл ауылының тұрғыны Бронислав Щавинский. Ол 1926 жылы Киев облысында дүниеге келген. Әскер қатарына 1943 жылы шақыртылған 17 жастағы бозбала Тадэуш Костюшко атындағы екінші Польша армиясы қатарында, миномёт полкінің бірінші бөлімшесінде Украина, Польша жерлерін жаудан азат етуге қатысыпты. Нақтырақ айтсақ, майдан даласының қақ ортасында отандастарына жүк көлігімен ауыр миномёттер мен қару, оқ-дәрілерді жеткізіп тұрған. Сонда снарядтың жарықшасы тиіп, оң аяғынан жараланып, госпитальға түскен. Бірақ көп ұзамай қайта қатарға қосылыпты.
– Міндетім жаумен арпалысқан әскерді оқ-дәрімен үздіксіз қамтамасыз етіп тұру болды. Сол шақта немістер көліктерімізді көк аспаннан торуылдап атқылайтын, снарядтар тастайтын. Қайткен күнде де межелі жерге жетуіміз керек, сондықтан көліктерімізді қалқалайтынбыз. Біріншіден, ол өзіңді аман сақтауға, екіншіден, майдандастарыңа қару-жарақты дер кезінде жеткізуге мүмкіндік беретін, – дейді сол бір сұрапыл жылдарды есіне алған қарт майдангер Бронислав Щавинский.
Ардагер майданда көрсеткен ерлігі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Германияны жеңгені үшін”, “Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков”, “Ерлігі үшін” медальдарымен марапатталған.
Жасы тоқсанға аяқ басқан қария денсаулығы сыр бермесе, Жеңістің 70 жылдығын облыс орталығында қарсы алуды жоспарлап отыр.
Бүгінде Қызылжар ауданы бойынша Екінші дүниежүзілік соғыстың 12 ардагері болса, солардың 3-еуі Бескөл ауылында тұрады.
– Қазір аудан көлеміндегі барлық ауылдық округтерде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына қызу дайындық жүргізілуде. Сонымен қатар естелік кітап та шығармақпыз. Оған осыған дейінгі шығарылған кітаптарға енбей қалған ардагерлерімізді қосу үшін қазір туыстарын тауып, олардың өмірбаяндарын бір жинаққа топтастырып жатырмыз. Бұдан бөлек ірі елді мекендерде олардың құрметіне ескерткіш тақталар орнату да жоспарымызда бар, – дейді Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хабиболла Жақсылықов.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.