«Тумақ бар жерде өлмек хақ», – дейді халық даналығы. Алла тағала жаратқан пендесінің көрер жарығының, татар дәмінің таусылып, бес күндік жалған дүниеден мәңгілік мекеніне озуы – еш талассыз ақиқат, табиғаттың бұлжымас заңы, оған қарсы шығуға тіршілік иесі дәрменсіз. Ешкім де пешенеге жазған тағдырынан қашып құтыла алмасы анық. Қайғыдан қан жұтқан шаңырақтың қазасын хакім Абай былай сипаттаған: «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол, Қаза көрген жүрегі жаралы – ол. Көзінің жасын тыймай жылап жүріп, Зарланып неге әнге салады ол?».
Қазақтың пайымында кез келген өлім ағайын-туыстың, ауыл-аймақтың орны толмас ортақ қасіреті саналған. Осы себепті «қайғыны бөліссең азаяды, қуанышты бөліссең көбейеді», демекші, көшпелі жұрттың тұрмыс-тіршілігінде естірту, көңіл айту, жұбату, жоқтау, жаназа шығару, сүйекке түсу, ақыретке шығарып салу салттарына ерекше мән берілген. Мәселен, өлім жайлы суық сөзді естіртудің өзіндік қалыптасқан жөн-жоралғысы болған. Өткен тарихқа көз жүгіртсек, ауыз әдебиетінде «Аққу ұшып, көлге кетті, Сұңқар ұшып, шөлге кетті. Ол адасып кеткен жоқ, Әркім барар жерге кетті», «Тұлпардың тұяғы кетіледі, Қыранның қанаты сетіледі, Бүтін тұратын дүние жоқ!» деген сияқты озық үлгілер көп ұшырасады. Үмбетей жырау Абылай ханға Бөгенбай батырдың қазасын жеткізгенде алдымен жауға жалғыз шапқан ерлігін термелей келіп: «Жыламай тыңда, Абылай, Жараға жақсы-қас қарар. Ойбайлап жаман бас салар, Көріспей айтты демеңіз, Осы еді біздің келген жай», – деп жұбату айтады. Әз Жәнібек сөзінің аяғын «Қатыны өлген қандай болады?» – дегенде малдас құрып отырған Жиренше шешен қамшысын тіреп, орнынан тұра бергенде сабы екіге бөлініп кеткен екен. «Қатын өлді, қамшының сабы сынды» деген мәтел содан қалған. Естіртудің айрықша түрі күй құдіреті арқылы да өріліп отырған. Оған «Ақсақ құлан», «Жошы хан» тәрізді атақты күйлер дәлел. Естірту эпоста да аз кездеспейді. Келдібек бидің Шоқанның қазасын Шыңғыс төреге «Құдай бізге гауhар тас беріп еді, оны өзі алды», – деп астарлап жеткізуі көп жайтты ұқтырып тұр. Қай-қайсысын алсақ та, ишаралау сарыны басым. Өйткені дәм-тұзы сарқылған марқұм жайлы қазаны отбасына тікелей естіртпеген. Жаманат жағдай одан сайын психологиялық ауыртпалық түсіретіні, соңы түрлі кесепатқа соқтыру мүмкіндігі ескеріліп, жауапкершілігі де, салмағы да ауыр міндетті көрген-түйгені мол ауыл ақсақалдары өз міндетіне алған, арнайы хабаршыларға жүктеген. Қара жамылған шаңырақтың табалдырығын аттағанда аузы дуалы қария әңгімені алыстан орағыта бастап, өлді демеген, «арамыздан кетті», «мәңгілікке сапар шекті» деген жұбату сөздермен суыт хабарға алдын ала дайындап, сабырға, бекем болуға шақырған. Осылайша көпшілік болып қайғы салмағын бөлісіп, көтеріскен.
Халқымыздың салт-дәстүрлерінің ішінде ежелден қалыптасқан естірту мен көңіл айту үрдісін бала кезімізден білеміз. Қаралы үйге қарай жүгіру, асығып-аптығып жету, атпен шауып бару секілді жаман ырымдарға тыйым салынатын. Естіртуге жалғыз-жарым адамды, әйелді болмаса баланы жібермейтін. Үйге жақындағанда «Ой, бауырымдап» дауыстап келетін, жылап көрісетін. Ауыр қазаны естіртудің аяғы көңіл айтып, жұбатуға жалғасатын. Жоқтау іштегі қайғы мен шерді сыртқа шығару, ардақты жанның игі істерін үлгі ету ғибраты ретінде қабылданып, шек қойылмайтын.
Өкінішке қарай, далалық даналыққа толы дәстүрлеріміз бүгінде бастапқы мәнін жоғалтып, ұмыт болып барады. Жақынынан айырылып, қасірет шегіп, жан-дүниесі бордай езіліп отырған шаңырақтың қайғысына ортақтасу мәдениеттілікті былай қояйық, сыпайылықтың, ізеттіліктің ауылынан мүлдем алыстап кеткендейміз. Етіміздің үйреніп кеткені соншалық, кісі өлімін кәдуілгі үйреншікті істей қабылдайтын болдық. «Бір ауыз сөз қасіретті тыяды, Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды» (К.Салықов) дегендей, хат-хабар алмасудың кең өрістеген техникалық заманында ащы өлімнің байыбына бармастан «сүйіншілегендей» бірі-бірімізге тезірек жеткізгенше асығамыз. Марқұммен ешқандай таныстығымыз, қарым-қатынасымыз болмаса да, фотосын әлеуметтік желілерге салып, жерден жеті қоян тапқандай дүйім елге жариялап, өрескел қылық танытып жатамыз. Әр нәрсенің шегі болатынын естен шығарғандаймыз. Бір дұға асында қайғырып отырған үй иесіне «Әкеңіз 90-нан асыпты, той ғой» деген көңіл айтуды да естігенбіз. Бәзбіреулердің көңіл айтуы той тілегіне ұқсас. «Иманды болсын» деп әбден жауырға айналған жаттанды тіркеспен шорт қайыратындар көп. Телефон арқылы түйеден түскендей лақ еткізіп қазаны тікелей естіртетіндер аз емес. Әлеуметтік желілерде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, әбден белең алған жағымсыз әрекеттер ата салт- дәстүрімізден, мәселен қазаны арнайы естірту, көңіл айту дәстүрінен ажырап бара жатқанымызды аңғартады.
Иә, өлімді естірту, көңіл айту – парыз, бірақ осы борышымызды қаншалықты дәрежеде атқарып жүрміз дегенде күмілжитініміз рас. Сондықтан тірлікте жаныңдай жақсы көретін, арқа тұтатын ардақты жан, қимас аға-бауыр, сырлас әпке-қарындас, замандас жора-жолдас, қияметтік дос, сыйлас әріптестің өмірден өткенін есту қандай ауыр тисе, жауапкершілігін де бір кісідей сезіне білгенге не жетсін?! Бұл орайда «азалау жарысын» өткізгеннен гөрі қайғыны жеңілдетер естеліктермен бөліскен әлдеқайда дұрыс болар еді.
Тәли КАРИЕВ,
еңбек ардагері.