
Әркімнің өз туған жері ыстық. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырым. Сол сияқты мен де кіндік қаным тамып, туып-өскен ауылым – Айыртау ауданындағы Қаратал елді мекенін перзенттік пейілмен ерекше жақсы көремін. Балалық шағым осы ауылда өтті. Қарағанды мемлекеттік университетін тамамдағаннан кейін Қараталдағы өзім оқыған мектепте шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі, неміс тілі пәндерінен сабақ бердім. Жастайымнан қазақтың сөз өнері көгінде шоқжұлдыздай жарқыраған қаламгерлердің туындыларын оқып, зерделеуге, шығарма жазуға құмар болдым. Сол қасиет мені жауынгер жанр – журналистикаға жетеледі. Бұл салада да өзімнің жолымды таптым. Осы орайда мені жазу өнеріне машықтандырған ұстазым, марқұм Мақтым Шәбжантайқызының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ол кісінің терең білімі, дариядай ақылы, мейірімділігі мен сияқты талай өреннің қиялына қанат бітірді.
Жазушы Шерхан Мұртаза “жегені жантақ, арқалағаны алтын” деп бағалаған осы саладағы 40 жылдық еңбегім бағаланып, биыл Журналистер күні қарсаңында “Еңбек ардагері” медалін омырауыма қададым. Ел деңгейінде жыл сайын ұйымдастырылып жүрген “Алтын қалам” байқауының жеңімпазы атанғанымды да еңбегімнің жемісі деп санаймын. Мұны тізбектеп отырғанымның себебі, журналистикада жүріп, тұрғындарды алаңдатып отырған ауылдарды сақтау, туған жерге деген патриоттық сезімді қалыптастыру мәселесін жиі көтердік. Біздің ауылымыздан шыққан көп азаматтар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада жемісті еңбек етіп келеді. Олар өздерінің жеткен жетістіктерінің құзар шыңында туған жердің қасиеті, оның қарапайым тұрғындарының берген тәлім-тәрбиесі, ақ батасы тұратынын жақсы біледі.
Мақаланың жалғасын газетіміздің 27 шілде күнгі №86 санынан оқи аласыздар.