«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРАУСЫЗ МАЛ — ҰРЫҒА “ОЛЖА”

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев былтыр Үкіметке мал ұрлаушыларға жазаны күшейтуді тапсырған болатын. Өйткені, мал – ауыл халқының күнкөрісі. Нарықтағы еттің бағасы қымбаттаған сайын, оңай жолмен пайда тапқысы келетіндердің де қатары жыл санап артып келеді. Ал қыс мезгілінде, әсіресе, соғым кезінде мал ұрлығының жиілеп кететіні де рас.

Облыстық полиция де­партаментінің деректеріне қарағанда, соңғы жылдары өңірімізде мал ұрлығы азаяр емес. Атап айтқанда, былтыр өңірде 92 факті тіркелген. Бұл 2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 16-ға көп. Бұдан бөлек, жолға шыққан қараусыз малдың кесірінен 6 жол-көлік оқиғасы орын алған. Бұл оқиғалар барысында бір адам қаза тапса, он кісі әртүрлі дәрежедегі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
Кей жағдайда малдың қолды болуына иелері де кінәлі. Жаз бойы жылқыны сауын үшін немесе мінуге деп ұстайтындар оны еркін жайылымға жібереді. Осылайша өрістегі малдан көз жазып қалатындар аз емес. Ал құқық қорғау органдарына шағымдануға асықпайтын тұрғындар ұрының ізін суытуына өздері жағдай жасап отырғанын да ескерулері қажет.
Мал ұрлау оқиғалары негізінен, Қызылжар, Ақжар, Айыртау, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда тіркелген. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, ұрланған малдарды иелері бос жіберген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, басты себеп – мал бағудың дұрыс жолға қойылмауы. Малдың басым бөлігі жайылым басынан ұрланады.
Осы орайда облыстық полиция департаментінің басшылығы аудан әкімдеріне иесіз жүрген малдарды қамайтын арнайы тұрақ ұйымдастыру бойынша ұсыныс жасапты. Мұндай тәжірибе Шығыс Қазақстан облысында сәтті жүзеге асырылуда. Нәтижесінде ол жақта мал ұрлығы біршама азайған. Тәртіп сақшыларының бұл бастамасын жүзеге асыру оншалықты қиын емес. Әр елді мекеннен арнайы таңдалған азамат ауылдың маңайында иесіз жүрген малды анықтап, учаскелік инспектордың көмегімен арнайы тұраққа айдап апаруы керек. Бұл орындарды ұйымдастыруға жергілікті шаруашылықтар көмек берсе, дейді полиция қызметкерлері.
Қазіргі уақытта әр аудандағы полиция бөлімінде мал ұрлығын әшкерелейтін арнайы топтар бар. Олар былтыр барымташылықпен айналысқан алты топты құрықтап, 613 бас малды иелеріне қайтарған.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp