Дауылбай үйленемін дегенде әке-шешесінің қуанышында шек болмады. Отыздан асып қалған жалғыз ұлдарының тойына Қалқаман мен Сәбина барын салып, ұзақ жылдар бойы жиған-тергендерін аямай шашты. Алыс-жақын ауылдан келген қонақтармен қатар жиырма шақты құда ескі мектептің асханасына лық толды.
– Бәрін түгел отырғыз. Дастарқан басы кең, ана жақта да, мына жақта да бос жерлер бар. Өздерің бос тұрған орындықтарға жайғаса беріңдер, қарақтарым, – деп бәйек болып жүрген қария үлкеннің де, кішінің де көңілін тауып әлек.
Әне-міне дегенше жастар да келіп қалды. Қара костюмі өзіне құйып қойғандай жарасып тұрған ұзын бойлы ұлын көргенде Сәбина көзіне еріксіз жас алып: “ Құлыным менің, бақытты бол, қосағыңмен қоса ағар, тіл көзден сақтасын”, – деп күбірлей берді.
Той жақсы өтті. Ертесіне келін-баласы қалаға кетті. Арада үш күн өткенде Дауылбай кешкі автобуспен үйіне келді. Баласын көрген қария бір қолына шәйнегін, екінші қолына табасын алып, жылы-жұмсағын дайындап, әп-сәтте дастарқанды жайып жіберді.
– Құдай-ау, екі күннің ішінде неге сонша жүдеп қалғансың, Раушан қайда, неге сенімен келмеді? – деді қария шай құйып болған соң.
– Апа, біз Раушан екеуміз қалада қалатын болып шештік. Маған жұмыс та тауып қойдық, бәрі жақсы болады, орналасып алған соң сендерді де көшіріп аламыз, – деді Дауылбай кәрі ата-анасына кезек-кезек қарап.
Отағасында үн жоқ. Ыстық шайын сораптап ішкен бойы терезе жаққа қарап отырды да, ауыр күрсініп, дастарқан басынан тұрып кетті. Шалының мән-жайын айтқызбай-ақ түсінетін қария келіні мен баласының бұл ойын Қалқаманның жақтырмағанын іштей сезсе де, баласының көңіліне қарап, оны ренжітіп алмауға тырысты.
– Барсаңдар, барыңдар, ауылда не істейсіңдер? Жұмыс жоқ, сенделіп босқа жүргенше еңбектеніп, өз қотырларыңды өздерің қасыңдар, бізден енді қандай көмек болар дейсің. Шалдың түрі анау. Бір күн ауру, бір күн сау. Менің қадағалап, дәрі-дәрмектерін айғаймен ішкізіп жүргенімнің арқасы ғой осылай жүргені, әйтпесе… Дұрыс, балам, алаңдамай жүре бер, – деді ол дастарқанды жинастырып жатып.
Әкесінің күрсінгені Дауылбайдың көңіл-күйін бұзып жіберді. Ақталғысы келгендей, дауысын қаттырақ шығарып: “Апа, айттым ғой, сендерді де көшіріп аламыз деп, әйтеуір осы әкемді түсінбей-ақ қойдым”, – деді де, ашуланып өз бөлмесіне барып жатып қалды.
Далада біраз жүріп, үйіне кірген отағасын кемпірі ауыз үйге шақырып алды.
– Осы баламыз үйленіп, өз алдына отау құрсын деп армандап едік қой. Құдай сол күнге де жеткізді. Шүкір, келініміз қаланың қызы болса да, Дауылбайды түсінеді, сыйлайды. Екеулеп жұмыс істесін, өз беттерінше үй болсын, дүние жинасын, мұндай талпыныстары жақсы емес пе, сен осы несіне ренжисің? Барсын, қайтесің, біз оларға шама-шарқымыз келгенше көмектесіп тұрайық, – деді шалының көңілін аулағысы келген кемпірі.
Ертесіне Қалқаман ерте тұрды. Таңғы шай ішіп отырғанда кемпіріне қарап: “Ана балаңнан сұра, ақшалары бар ма екен? Қала-қала деп желкілдеп отыр ғой. Онда барған соң қайда тұрмақшы. Кім оларды күтіп отыр екен?” – деді. Бұл сұраққа шеше байғұс не жауап берерін білмей ойланып қалды.
Сол күні шал-кемпір біраз ақылдасып, қорадағы қара сиырды сатып, ақшасын балаларына берді. Ата-анасына алғысын жаудырған Дауылбай көңілі тоқ, қалтасы қалыңдап қалаға оралды.
Арада екі ай өтті. Дауылбай жақын жердегі дүкендердің біріне күзетші болып орналасқан. Ақшасы мардымсыз болса да, амалсыз істеуге тура келді. Ал Раушанның тапқан еңбекақысы өзінің опа-далабынан да қалмайды.
Күн сенбі. Дауылбай жұмыстан келсе, Раушан әлі ұйқысынан тұрмапты. Сағат он екі болса да, үй әлі жиналмаған, кешегі ыдыс жуылмаған, қара қазан бос. Амалы таусылған Дауылбай әйелін оятып: “ Тұрсаңшы, түс болды ғой, тамақ істеп қойсаң болмай ма, күн де суық, ет жемегелі де көп болды”, – деп әңгіменің шетін бастай беріп еді: “Ет жегің келсе, ауылға барып, әке-шешеңнен алып кел, жоқ етті мен қайдан табам. И вообще, бүгін демалыс, менің мазамды алма”, – деді де қалың көрпені бүркеніп, теріс қарап жатып алды. Жас жұбайлардың әңгімесі осымен аяқталды.
Дауылбай ауылына жеткенше асықты. Әке-шешесін, үйін, көршілерін, тіпті, тістері ақситқанымен адам баласына тимейтін Ақбөрі атты итіне дейін сағынған екен. Бәрін көріп, мауқын бір басқандай болды.
Баласының келгеніне қазан көтерген апасы оған жылқының етін асып, құрт қосқан көже істеп берді. Дастарқан басына Қалқаман келе алмады. Әкесінің жөтеліп жатқанынан сескенген Дауылбай оңашада апасына: “Көкем қалай, ауырып жүрген сияқты ғой, ертең қалаға апарып жақсы дәрігерлерге көрсетейін”, – деп еді анасы үнсіз ғана басын шайқады.
Үйдің маңайын қардан тазалап, отын жарып, су тасып, біраз шаруаның басын қайырған Дауылбай неге келгенін апасына ашық айта алмай, кешкі көліктердің біріне мініп, қалаға қайта кетті.
Үш күннен соң әкесінің қайтқаны жайында суыт хабар келді. Жетпістен асқан ауыл ақсақалын туған-туыс болып соңғы сапарға шығарып салды. Тумаған әкесіне туғанындай бауыр басып кеткен Дауылбай ақ матаға оралған мәйітті қара жердің қойнауына беріп жатқанда көзінен аққан жасын тоқтата алмады. Жүрегі езіліп қоя берді. “Әкешім, жан әкешім, кешір мені”, – деді ақырын ғана күбірлеп.
Дауылбай Қалқаман мен Сәбинаның туған балалары емес екенін ауылдағылардың бірі білсе, бірі білмейтін. Ол – Қалқаманның аға-жеңгесінің ұлы. Жаратқаннан қанша жалбарынып сұраса да Сәбинаның бойына бала бітпегендіктен, абысынына қолқа салып, Дауылбайды қырқынан шығарған соң өз бауырына басқан. Содан бері аттай отыз жыл өтіпті. Шіркін, алдамшы уақыт десеңші?! Бәрі кеше ғана болғандай.
Отағасының жетісін өткізіп, абыр-сабыр аяқталғанда үйге анасының абысыны келіп, Дауылбаймен әңгімелесті.
– Шешеңнің бұрынғыдай денсаулығы жоқ, сендер енді қаланы қойып, елге оралыңдар, қартайғанда жалғыз қалмасын, ұят болады. Сені өзі тумаса да, туғанындай алақанына салып, аялап өсірді, оқытты, үйлендірді, енді соның қайтарымы болар, – деді ол. Жалғыз ұлда үн жоқ.
Ертесіне Дауылбай аудан орталығындағы мал сатып алушылармен келісіп, қорадағы екі сиыр мен үш жылқыны өткізудің жағын ыңғайластырып келді. Сөйтіп, әкесін жерлей сала барлық малын сойып, қорасына біржола қара құлып салды. Төрінен көрі жақын қалған қарияға баласының бұлай істегені ұнамады. Даладан кірген баласына суық жүзімен қарап:
– Әкең көзі жұмылғанша сені уайымдап кетті. Үйсіз-күйсіз қалада не қыласыңдар, біреудің үйі саған пана бола ма? Жетер енді, бұған дейін сенің сөзіңді сөйлеп келдім ғой, қайтыңдар мына қарашаңыраққа. Осының барлығын әкең сен үшін жинап, сен үшін салды емес пе? Жалғызым-ау, өзің ойнап-қунап өскен үйіңді қаңыратып бос қалдырмасаңшы, – деді көзіне келген жасын орамалының шетімен сүрте берген кейуана.
– Жақсы, анашым, ертең қалаға барып келініңізді алып келейін, сосын бәріміз бірге тұрамыз, – деді Дауылбай.
Оның сөзіне сенбесе де, сенген кейіп танытқан қария әңгімені әрі қарай тыңдамастан өз бөлмесіне кетіп қалды. Анасының мұндай мінезін бірінші рет көріп тұрған Дауылбай оның жарты жолда жалғыз қалып, жетімсіреп жүргенін сезіп, жүрегі одан сайын сыздай түсті.
Ертесіне Дауылбай қалаға келді. Анасына “ертең келеміз” деп кетсе де, жоспары бұзылды. Олар енді малдан түскен бар ақшаға шағын үй сатып алуды ұйғарды. Сөйтіп, екі күн бойы үй іздеп, табандарынан таусылды. Ақыры қаланың шет жағынан өздеріне лайықты деген баспанаға қол жеткізді. Қолда бар қаражат жетпей жатқан соң Дауылбай несие алды. Не керек, айналасы бір аптаның ішінде олар жаңа үйге көшті.
Жаңа қонысы туралы туған-туыстарға Дауылбай тіс жарған жоқ. Тіпті, анасына да айтпады. “Ауырып қалған соң келе алмадым”, – деп сылтауратып, он күннен кейін ғана оралды.
– Естідім, үй алыпсыңдар, ауыл адамдары айтып жатыр, – деді апасы шай құйып отырып.
– Соны айтуға келгем, жеткізген екен ғой. Алдық. Енді бізбен тұрыңыз, апа, – деді Дауылбай.
– Рахмет, сенің қалаңа барып, төрт қабырғаға қамалып, терезеге телміріп отырғым келмейді. Оның үстіне әкеңнің жылы да өткен жоқ, мен ешқайда бармаймын. Олай-бұлай болып кетсем, осы үйден шығарасың, ұмытпа соны, – деді анасы қабағын түйіп.
Әңгімелері жараспаған соң Дауылбай одан әрі үндемеді. Ертесіне қалаға қайта кетті.
Арада бес ай өтті. Жаңа жылдан кейін жұмыстан шығып қалған Дауылбай несиесін төлей алмай әбден қиналды. Амалы таусылып, анасына тағы келіп, ақша сұрады. Бірақ ойы жүзеге аспады. Отағасының жабдықтарын өткізгеннен кейін анасының бар жиған-тергені сарқылған. Қалған аздаған ақшаға анасы “өлсем керек болады” деп екі метр ақ мата мен ұсақ-түйектерін алып сандыққа салып қойған. Бар болғаны сол ғана.
Қалаға қайтайын десе қарызы бар, қайтпайын десе, әйелі тосып отыр, осылай басы қатқан Дауылбай әкесінің үйін сатудан басқа амал таппады.
Түні бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмаған ол ертесіне жаяулап көрші ауылға барып, баяғыдан үйлеріне “құда” түсіп жүрген адамға жолығып, қысылғаннан қарашаңырақты сатып жіберді. Енді тек анасына айтып, оны қалай да қалаға өзімен бірге кетуге көндіру керек болды. Қайтар жолда ол соны ғана ойлады.
Кешкі ас үстінде анасына несиесі, қарызы барын ақырындап айта бастады да “қарыздарым басымдағы шашымнан да көп, бүйтіп өмір сүргім келмейді. Мен үйді саттым, несиемді жаппасам, мойнымдағы борыш күн санап өсе береді” дегенді естігенде анасы талып қала жаздады.
– Өзің өсіп, өркен жайған қарашаңырақты сатуға қалай ғана дәтің барды, сен… сен…, – деуге ғана шамасы жеткен қария құлап бара жатты.
… Анасын жерлеген соң, Дауылбай қалаға кетуге жиналды. Далаға шығып, көлік тосып тұрғанда көрші ауылдан үйді бұзып әкетуге келіскен адамдар да келіп жетті. Кеше ғана осы үйдің қара жамылғаны ешкімнің ойына кіріп те шықпайтын сияқты. Бәрі мәре-сәре, орынсыз күлкі, келіспейтін әңгіме. Он шақты жігіт трактордан секіріп-секіріп түсті де, үй жаққа бет бұрды. Бұл көріністі сырттан бақылап тұрған Дауылбай шегелерін бір-бірлеп суырып, быт-шытын шығарып жатқан үйінен алыстай бергенде Ақбөрінің арс еткен дауысын естіп, кері қайтты. Ауласына жақындай бере “Лақтырып жіберіңдер ананы, басып кетіп, обалына қалмайын” деген жүргізушінің ашулы дауысын естіді. “Не болды?” деп итіне қарай жақындап еді алдында жатқан көріністен шошып кетті. Жігіттердің айтуынша, Ақбөрі үйді бұзып жатқан адамдарға тап берген, сол кезде абайсызда бөрене құлап, ит астында басылып қалған деседі. Ақбөріні Дауылбай ауылдың шетіне апарып қардың астына көме салып, сол жағынан көлікке мініп, қалаға кетті.
Кешке ауылға суыт хабар жетті. Ағайындары Дауылбайдың діттеген жеріне жете алмай, жол көлік оқиғасынан қаза болғанын естіді. Дауылбайды туған-туыстары ауылдағы зиратқа, ата-анасының қасына апарып жерледі. Жаназаға азын-аулақ қана адам жиналды. Қабырғалары қайысып жылап-сықтап жатқан ешкім жоқ. Үлкендер де, жастар да: “Киелі қарашаңырағын да, анасының соңғы өтінішін де сыйламады, солардың киесі ұрған ғой”, – дегеннен басқа еш нәрсе айта алмады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.