
“Soltústik Qazaqstan” облыстық газеті 100 жылдық мерейтойы қарсаңында түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастыруда. Бұрнағы күні осындай кездесу редакция қабырғасында өтті. Облыс орталығындағы Қожаберген жырау атындағы №6-шы орта мектептің және Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатының жоғары сынып оқушылары қарашаңыраққа қонаққа келді.
Бір ғасырлық жолдан өткен басылымды иісі қазақ жұрты “қарашаңырақ” деп құрметтейді. Себебі, Алаштың ардақты азаматтары Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров іргесін қаласа, олардың ізін Сәбит Мұқанов, Сафуан Шәймерденов сынды жерлес жазушылар жалғады. Жүрегі “жұртым” деп соққан қаншама азаматтардың есімдері редакция тарихына алтын әріптермен жазылды. Бұл кеште қалам қарымымен ұлтына қызмет еткен қаламгерлердің есімдері ұлықталды. Осылайша, өскелең ұрпақ газеттің кешегісіне қанығып, бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы мол мағлұмат алды.
Редакцияны аралап, газеттің жаңа санының дайындалу барысымен танысқан жастарға безендіруші Ақнұр Бейсенбаева, корректор Айгүл Хамзина өз жұмыстары туралы әңгімелеп берді. Бас редактордың сайт жөніндегі орынбасары Роза Шәкенова, руханият және қоғамдық-саяси бөлімдерінің меңгерушілері Гүлбике Кубенова мен Арайлым Бейсенбаева, аға тілшілер Ақмарал Есдәулетова мен Орынбасар Төлепбергенқызы өздерінің еңбек жолдарындағы қызықты оқиғалар, бүгінгі атқарып отырған қызметтері жайлы айтты.
Оқушылар редакцияда сақталған 1938 жылғы латын әліпбиімен жарық көрген “Ленин туының” ескі санына да қызығушылық танытты. Басылымның әр жылдардағы басшылары және өткен күннен сыр шертер сарғайған суреттердің де өскелең ұрпақ үшін әсері зор болғанын айтып өткен жөн.
“Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменов кездесу барысында “Soltústik Qazaqstan” газетінің мақсат-мүддесі, бағыт-бағдары жайлы сөз қозғады. Алаштың асыл азаматтары өз заманында халықты газет, кітап оқуға үндесе, бұл мәселе бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан шараға қатысқан жастар да газет оқыған адамның ұтары көп екенін көңілдеріне түйіп қайтты.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.