«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ

Парламент Сенатының депутаты, белгілі журналист, жазушы Жабал Ерғалиевтың өз қаражатына туып-өскен жері – Қарағаш ауылында алтын айшықты, көк күмбезді, қос мұнаралы мешіт тұрғызып, салтанатты ашылуына орай жолымыз түскен еді. Уақытымыздың кеңдігін пайдаланып, Абай ауылдық округі орталығының сәнін келтіріп тұрған мектеп үйіне бас сұғып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуды ұйғардық. “Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпес” демекші, осыдан жарты ғасыр бұрын тұрғызылған ғимараттың ішкі тазалығына, жинақылығына қарап, күтімі келіскенін бірден аңғаруға болады.

Бізді жылы шыраймен, кішіпейіл ізетпен қарсы алған мектеп директоры Айгүл Нұрмағамбетова ағылшын тілі пәнінің мұғалімі екен. Басшылық жұмыс өтілі 6 жылдан асыпты. Көрнекі етіп безендірілген әрі ағымдық жөндеуден өткен үшқабатты нысанды аралата жүріп, ұжымының соңғы кезде жеткен жетістіктері жайлы әңгімеледі. Оның айтуынша, қазақ және орыс тілдерінде білім беретін оқу орнында бүгінде 184 оқушы тәлім-тәрбие алып жүр. Бір қуантарлығы, мектеп аралас саналғанымен, жыл өткен сайын қазақ сыныптарының саны артып келе жатқан көрінеді. Мәселен, ұлттық тілде білім алатын балалардың саны 135-ке жетіпті. Бұл – көңіл сүйінтетін көрсеткіш! Мұның өзін мемлекеттік тілді ұлықтаудағы табыстарымыздың біріне жатқызуға болады.  

Шағын орталық та мұнтаздай тазалығымен жылы әсер қалдырды. Мұндағы 45 тәрбиеленуші үшін барлық жағдайдың жасалғаны көрініп тұр. Қолдағы мәліметтерге қарағанда, ауылдағы бала туу көрсеткіші жақсы ма деп қалдық. Оқушылар санының кему үдерісінің жалғасып келе жатқанына 7 жыл болса, үш жылдан кейін өсім болады деген болжам бар.

Мектепте 44 мұғалім жұмыс істейді, олардың 6-уы – жоғары, 14-і – бірінші, 12-сі екінші санатты ұстаздар қатарында. Айгүл Боранбаева деген жас маман “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша ұжымға қосылыпты. Мақтаулылар қатарында алдымен орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Зәуреш Баймағамбетованың есімі аталды. Жұмыс өтілі 40 жылдан асқан тәжірибелі ұстазды жуырда зейнеткерлікке қимай шығарып салыпты. Сол сияқты 39 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан орыс тілі мұғалімі Евгения Горбовскаяның іс-тәжірибесі өзгелерге үлгі ретінде таратылыпты.

– 1991 жылы Моңғолияның Байөлке аймағынан көшіп келіп, осы мектепте оқыдым. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде тарихшы мамандығын алғаннан кейін еңбек жолымды жалғастырып келемін. Кембридж бағдарламасы шеңберінде білімін жетілдіріп келген 7 ұстаздың бірімін. Петропавлда үшінші деңгейлі оқу бағдарламасын тауысқан соң, айлық жалақыма үстеме қосылды. Бәрінен де озық жобаларды игергеніме қуанулымын, – дейді тарих пәнінің мұғалімі Мұратбек Мұталхан. Екінші деңгейлі оқу бағдарламасын аяқтағандардың бірі – математик Нұрболат Едіресов. Мұғалімдердің орташа айлық жалақысы 80-85 мың теңге төңірегінде көрінеді.

Мектептегі жағымды жаңалықтардың бірі – жергілікті қазынадан бөлінген 25 миллион теңгеге білім мекемесінің ғимаратына пластикалық терезелер орнатылып, жылу жүйесінің жаңғыртылуы. Спорт залы жұмыс істейді. Интернатта маңайдағы ауылдардан келген 29 бала тұрады.

Мектеп мұражайына ауылдың кешегі тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шертетін көптеген жәдігерлер қойылыпты. Қарағаштықтар белгілі қаламгерлер Жақан Сыздықов, Төлеген Қажыбаев, Сайлау Көшкенов, Жабал Ерғалиев секілді жерлестерін ерекше мақтан тұтады. Білім ошағына көрнекті ақын Жақан Сыздықовтың есімін беру сұралып, жергілікті мәслихаттардың қолдауына ие болыпты. Ендігі жауапты республикалық деңгейдегі ведомстволардан күтіп отырған жайлары бар.

Мектепті “Алтын белгімен” аяқтаған Диана Аяпова Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық мемлекеттік университетінің 3-ші курсында оқиды. Арманы – тарихшы-археолог болу. “Тарих ата” республикалық олимпиадасының жеңімпаздары Юлиан Ежинский мен Баян Сақтаев Көкшетаудағы А.Мырзахметов атындағы ордалы оқу орнының озат студенттері саналады.

Облыс орталығынан шалғайда жатқан мектептен жылы әсермен оралдық.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕРДЕ: Гүлжан Ғабдуллина және Юлия Звольская бастауыш сынып мұғалімдері

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Тайынша ауданы,

Қарағаш ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp