«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРАҚШЫЛАР – ТҰЗАҚТА

Үй тонаушылар, қалта қаққыштар, қарақшылар, әдетте, әлжуаз, дәрменсіз адамдарды аңдиды. Сөйтіп, балаларға, яки қорғансыз қартаң адамдарға тізе батырады.

Осындай оқиға таяуда Мамлютка қаласында орын алды. Сол күні кешкілік жетпіс екі жасар кейуана ақсақалымен үйінде бейқам отырғанда бетперде киіп алған екі адам бөлмеге баса-көктеп кіріп келіп, тапаншамен қорқытып, ақша тауып беруді талап етеді.

Әлжуаз екі қария қарулы қарақшыларға қарсылық көрсете алсын ба, алты мың теңгені қолдарына ұстатады. Қарақшылар үй иелерінің қолдарын желімқағазбен байлап тастайды.

Алайда, ебін тауып босанған кемпір полицияға хабар түсіреді.

Осы хабар жетісімен Мамлют аудандық ішкі істер басқармасының жеке құрамы қарақшылардың ізіне түседі. Оларға облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Думан Таев бастаған жедел қимыл тобы көмекке келеді. Өйткені, қарақшылар одан да қауіпті қылмыс жасауы мүмкін.

Ақыры қарақшылар бір тәуліктің ішінде тұзаққа түсті. Бұлар Мамлютка қаласында тұратын адамдар екен. Қылмыстық топта үш ер адам және бір әйел болған. Жастары отыз бен қырықтың шамасында. Тергеу барысында олардың бұрындары да қарақшылықты, ұрлықты, пәтер тонауды кәсіп етіп келгені анықталды.

Бұл қылмыскерлер аталған үйге бұрыннан көз салып жүріпті. Өйткені, қарттардың қора-қопсысы жақсы, өсіріп отырған малы, күтімді бау-бақшасын көрген қарақшылар бұлардың қалтасы қалың деген дәмеде болыпты.

Тексеруден кейін қарақшылардың үстінен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 179 – “Қарақшылық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зейнеткерлердің үйіне баса-көктеп кірген екі қарақшы уақытша оқшаулағышқа қамалды. Ал үшінші ер адам кепілдікпен босатылса, отыз тоғыз жастағы әйел үйқамаққа алынды. Тергеу одан әрі жалғасуда.

Ольга ШИЯН,

облыстық ішкі істер департаменті

 баспасөз қызметінің инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp