Қаннен-қаперсіз жүрген Төлен қарт суыт хабарды естігенде есеңгіреп қалды. Мезгілсіз дүние салған жалғыз бауырының қазасы ақсақалға оңай тимеді. Ешкім де мәңгілік емес екенін жақсы білсе де, Серіктен басқа жақыны жоқ ол қанаты қырқылған құстай күй кешті. Бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ, бауырынан қапияда көз жазып қалған ол жаназаға қатысу үшін ауылды бетке алды. Шаһардан шыға берісте ақсақал жолдың оң қапталында тұрған зиратқа еріксіз назар салды. Биікке ұмтылған мазарлар мен қымбат құлпытастарға қарап, “апыр-ай” деді ішінен. Бұрын мәрмәрмен қапталып, алтынмен апталған асқақ күмбездерге көңіл аудара бермеуші еді. Бейіт басын бекіту бәсекеге айналғанына енді көзі анық жетіп отыр.
Осы мәселе қоғам арасында жиі көтерілгенімен, әлі де болса бір тоқтамға келген халық жоқ. Әркім ойына келгенін істеуде. Қазақта “Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады” деген аталы сөз текке айтылмаса керек. Алайда, “өлімнен ұят күшті” деген қағиданы ұстанатындар қатары азаяр емес. Сондықтан жерлеу рәсімінің жоралғылары барысында орынсыз шығынға жол беріледі. Мәселен, қаза болған адамды жерлеу рәсімінде салтқа емес, салтанатты дастарқанға көбірек көңіл бөлу белең алды. Өңірде бірер жыл бұрын дін қызметкерлері, аға буын өкілдері жаназа дастарқанына қойылатын тағамдарды шектеу туралы бастама көтерген болатын. Өйткені, аза тұтып отырған үй иелері үшін аста-төк дастарқан жаю артық. Жаназа дастарқанындағы ас мәзіріне шектеу қою – құптарлық іс. Бұл тәртіптен көпшілік хабардар. Бірақ оны орындау, орындамау әр адамның пайым-түсінігіне байланысты. “Тәртіпке бағынған құл болмайды” демекші, жаназа дастарқанын жарқыратып жаюды шектегендер де бар. Бірақ әзірге аз. Көш жүре түзелер.
Мешіт қызметкерлері кейбіреулер марқұмға арнап бес мұнараға дейін тұрғызатынын айтады. Әр мұнараны тұрғызуға кем дегенде 100 мың теңге жұмсалатынын ескерсек, мұның қаншама ысырап екенін бағамдай беріңіз. Бұл құптарлық іс емес. Сол себепті, көк тіреген күмбез орнатып, басына қымбат құлпытас қою да шектелуі тиіс. Өйткені, қара жер үшін қара да бір, хан да бір. Марқұмның басын бекітуде шариғат талабын сақтау қажеттілігін “Қызылжар” орталық мешітінің имамдары да үздіксіз насихаттауда.
– Дүниеден өткен адамдар үшін ең бірінші қолымыздан келетіні – дұға жасау. Сондықтан Алла тағаладан дұға тілеп, марқұмның жетісін, қырқын, жылын өткіземіз. Шариғат бойынша қабірді жоғалтып алмау мақсатында үстіне белгі қойып, аты-жөнін жазуға рұқсат беріледі. Өкінішке қарай, бүгінгі күні әсемдеп қабір тұрғызу, бей-берекет кесене салу үрдісі толастар емес. Мақтану, байлығын көрсету, бәсеке үшін кесене тұрғызу дұрыс емес, – дейді “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы Аян Алыпқашов. Оның айтуынша, шариғатта марқұмның қабірін таптамау үшін оны қоршауға рұқсат етілген. Бірақ қабір үстіне құрылыс нысандарын салуға болмайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан зираттардың қағидалары мен талаптары бекітілген, бұл орайда дін мамандары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазір кейбіреулер бейіт басына Құран аятын жазуды сәнге айналдыруда. Алайда, дін мамандары мұның да қажетсіз екенін айтуда. Ислам дінінде қабір басына өмірден озған адамның суретін қоюға да тыйым салынған.
Қазір үлкен қалаларда діни рәсімдер қызметін көрсететін жекеменшік ұйымдар аз емес. Олар мәйітті жуындырудан бастап, жерлеуге дейінгі қызметтерді атқарады. Бұл да бизнестің бір түрі. Мұндай компаниялар мазар салу бәсекесін одан бетер күшейтуде. “Біреуге – мал қайғы, біреуге – жан қайғы” деп осындайда айтылса керек.
Құлпытас жасаумен айналысатын Есіл ауданындағы Горное ауылында тұратын танысымды сөзге тартқанда, ол өзінің тәжірибесінде түрлі адамдарды кездестіргенін айтты. Біреудің атын атап, түсін түстеуден аулақ. Ол тас шабу қомақты пайда табатын кәсіп түрі екенін жасырмады. Бір тастың құны 40-80 мың теңге тұрады. Біреудің бір айлық табысын, бірер күнде табатын шебердің жағдайы жаман емес.
– Мен талай жылдан бері мазар салумен айналысамын. Мамыр айынан бастап, күздің қара суығына дейін тапсырыс қабылдаймын. Соңғы жылдары биік там соғуды қалайтын, қымбат мәрмәр тастан қашап, еңселі ескерткіш орнатушылар қатары көбеюде. Материалдың бағасын айтпағанда, мұндай қызмет қымбат тұрады. Бірақ ауыл-аймақта баға біршама төмен. Жалпы, мазар салу оңай емес. Зират басын бекітуге 50-80 мың теңге аламын. Бұл менің негізгі күнкөрісім. Қыста жұмыссыз отырамын. Сондықтан ала жаздай бал жинаған арадай тыным таппаймын. Әрине, қатып қалған қағида жоқ. Кейде марқұмның жақындарының жағдайына қараймын. Тіпті, тегін жасайтын кездерім де аз емес, – деді Айыртау ауданында тұратын Сәлімжан есімді шебер.
Қазіргі таңда ғаламторда мазар салу қызметін ұсынушылардан көз сүрінеді. Солардың біріне қоңырау шалғанымда, телефон тұтқасын көтерген ер-азамат өзін Сейілбек деп таныстырды. Айтуынша, мазарды екі күннің ішінде салады. Еңбегіне 70 мың теңге алады. Ал сәулеттік үлгіде биік мазар тұрғызу көп еңбекті қажет етеді, сондықтан оның бағасы біршама жоғары. Құлпытастың бағасы да осы мөлшерде. Биіктігіне қарай бағалары әртүрлі. Мәрмәр құлпытас гранитке қарағанда арзан тұрады. Мәселен, Қызылжар қаласындағы мазар салу, ескерткіш орнатумен айналысатын ұйымдардың біріне хабарласқанымда граниттен жасалған дайын құлпытас 100-140 мың теңге, мәрмәр тас 70-80 мың теңге тұратынын білдім.
Бүгінде қоғамның да пікірі екіге бөлінген сияқты. Мәселен, қала тұрғыны Гүлімжан Әмірқызы өмірден озған адамның басына қымбат құлпытас қою немесе зәулім күмбез тұрғызу әркімнің өз ісі екенін айтады. Туыстарының, артында қалған бала-шағаларының жағдайы келсе, марқұмға арнап лайықты ескерткіш тұрғызса, оның несі айып? Ал көпті көрген қария Айман Құспекова бұл пікірмен келіспейді. Біреуден ерекшелену үшін бейітті бәсекеге айналдырудың қажеті жоқ. Онсыз да бай мен кедейге бөлінген қоғамның берекесін қашыруға болмайды. Одан да материалдық жағдайы жақсы адам қайырымдылықпен көбірек айналыссын. Сөйтіп, сауапқа кенелсін.
Сіз не дейсіз, құрметті оқырман?
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.