«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРА ЖОЛДА ҮЗІЛДІ ТАЛАЙ ТАҒДЫР

Елімізде жол-көлік оқиғасы азаймай тұр. Сәт са­йын күрежолдағы жүгенсіздік салдарынан талай тағдырдың талқандалып жатқаны жайында жай­сыз хабар естіліп жатады. Соның салдарынан бір отбасы асыраушысынан айырылса, енді бірінің жан дегендегі жалғызы ажал құшып, қара жамы­лып қалуда. Өрімдей балалардың өмірін жалмап жатқан оқиғалар қаншама? Жан түршігерлік жағ­дайға алып келетін жол апатының статистикалық мәліметіне көз жүгіртсеңіз, көңіл құлазиды.

Облыстық полиция департа­ментінің дерегінше, биылғы сегіз айда облыста 362 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті, салдарынан 28 адам қайтыс болып, 488-і ауыр жарақат алған. «Биыл об­лыста жол-көлік оқиғалары былтырғымен салыстырғанда 33 пайызға артты. Маусым, шілде айларында осы мәселеге қатыс­ты фактілердің азайғаны аңға­рылған еді. Қыркүйек айында тіркелген жан ауыртар деректер бізді ғана емес қарапайым ха­лықты да алаңдатып отыр. Жауапты мамандар тарапынан түрлі алдын алу шаралары қа­былданғанымен, олардың бар­лығы нәтиже берер емес», – дейді облыстық полиция депар­таментінің баспасөз хатшысы Әдемау Меңдібаева.

Ведомство өкілі атап өткен­дей, қыркүйек айындағы факті­лерді сөйлетсек жүрек ауырады. Қыркүйектің алғашқы жұлды­зында Челябі-Новосібір тас жо­лындағы «Добрый путь» асхана­сының жанында «Shevrolet», «Mazda», «Lexus» автокөліктері соқтығысқан. Екі адам оқиға ор­нында көз жұмып, бесеуі ауыр дене жарақаттарымен аурухана­ға жеткізілген. 6-шы қыркүйек күні Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шақпақ ауылы ма­ңында (Есіл-Чистополье тас жо­лында) «Chevrolet Cobalt» және «Toyota Camry» автокөліктері соқтығысып, 41 жастағы поли­ция майоры Владимир Синицын мен 27 жасар аға лейтенант Дәу­летхан Қазыханның көз жұмға­нын күйзеле хабарлаған едік. 8-ші қыркүйекте Шал ақын ау­данының маңында (Жезқазған-Петропавл тас жолында) «Audi» автокөлігі аударылып, 41 жаста­ғы жолаушы қайтыс болды, жүргізуші дене жарақатымен ау­руханаға жатқызылған.

«Жол-көлік оқиғаларының жиілеуінің себеп-салдарын анық­тау мақсатында 10-шы қыркүйек­те тәртіп сақшылары мен медици­на қызметкерлері профилактика­лық іс-шара өткізді. Көлік жүргі­зушілерінің рөлде отырып ұйық­тап қалмауын, қауіпсіздік шара­ларын мұқият сақтауын түсіндіріп, олардың қан қысым­дарын өлшеп, медициналық кө­мек көрсетті», – дейді Әдемау Меңдібаева.

Жол-көлік оқиғасының кө­бею деректері барлық облысқа тән. Елімізде қара жолдың үстін­де орын алатын қаралы хабарлар саны өткен жылмен салыстыр­ғанда биыл 51 пайызға өсіп, өлім-жетім екі есеге ұлғайған. Ішкі істер министрлігінің өкілі Қайсар Сұлтанбаев жуырда елордада өткен брифингте үстіміздегі жылдың жеті айын­дағы көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, есепті кезеңде елде 19100 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 26100 адам зардап шек­кен. Қайтыс болған 1200 адам­ның 176-сы бала. Қазақстанның барлық өңірінде жағдай мәз емес. Жол апаттары Ақтөбеде 3, Атырауда 2,5, Қызылордада 94, пайызға өскен. Елімізде орын алған жол-көлік оқиғаларының әрбір бесіншісі Алматыда бола­ды екен.

«Бұл фәниде қашанда өмір қымбат», – деп ақын жырға қос­қандай, осынау құндылықтың әрқайсысымызға бір рет қана берілетінін қара жолдың үстінде көлік тізгіндеп келе жатқан жүргізуші де, жолаушы да жақсы біледі. Статистикалық деректер жол апаттарының көп жағдайда жүргізушілердің жүгенсіздігінен орын алатынын дәйектеп отыр. Жылдамдық режімін асыруға құштар, жаяу жүргіншілер өт­келінен зу етіп өте шығатын жүргізушілерге ақын Күләш Ах­метованың өлеңіндегі: «Төзім құрып қалған ба, тағат тозып, осы біздер қай жаққа асыға­мыз?» деген өлеңмен өрілген сауалды төтесінен қойғың ке­леді.

Жалпы мамандардың ай­туынша, бұл мәселенің бірнеше себебі бар. Оның алғашқысы «темір тұлпар» тізгіндегендердің жауапкершілігіне тікелей байла­нысты. «Кез келген жүргізуші көлік рөліне отырғанда жанында отырған, көшеде кезіккен адамдардың тағдыры үшін алаң­дауы тиіс. Адамның өмірі ойын­шық емес. Жол қателікті кешір­мейді. Жүргізуші «жолда асық­пау керек» деген ұстанымды басшылыққа алса дейсің», – дейді 50 жыл көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген Петропавл қаласының тұрғыны Ардақ Бекдәулетов.

Жол-көлік апатының мұн­шалықты көп болуына жол сапа­сының нашарлығы да әсер ету­де. Шыны керек, облыс орталы­ғына жақын орналасқан аудан­дарды айтпағанда, шалғайда жатқан ауылдарға баратын күре жолдардың сапасы сын көтер­мейді. Заманауи тас жолы бар ауылдардың саны аз. Дүние­жүзілік экономикалық форум­ның деректеріне сай, Қазақстан жол сапасы жөнінен әлемде 108-ші орында тұр. Әрине, жер кө­лемі бойынша әлемде тоғызын­шы сатыға жайғасқан Ұлы дала­ның түкпір-түкпіріне заманауи талаптарға сай жол салу қиын екені түсінікті. Дегенмен күре жолдарды күрделі жөндеу толас­тамауы тиіс. Өңірде бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылып жат­қанымен, олардың барлығы бір­дей сапалы орындалуда деп айта алмаймыз. Жол активтері сапа­сының ұлттық орталығы облыс­тық филиалы мамандарының дерегінше, жыл басынан бері тексерілген 128 жол нысанынан 259 ақау табылған.

Полиция қызметкерлері жол апатының 68 пайызы жылдамдықты шектен тыс арт­тырудан дейді. «Темір тұлпар» тізгінін ұстаған екі жүргізушінің бірі жоғары жыл­дамдықпен жүреді екен. Саға­тына 40 шақырым жылдамдық­пен жүрген жүргізуші кез кел­ген жағдайда, тіпті қарсы ал­дынан жаяу жолаушы жүгіріп шықса да, тежегішті басып үл­гереді. Адамды қаққан күннің өзінде соққы өлімге алып кел­мейді. Ал сағатына 80, 100, 120 километр жылдамдықпен жү­ретін автокөлік қоғамға өте қауіпті.

Қара жолда қыршынынан қиылып жатқан тағдырлардың көбеюі ақхалаттыларды да алаң­датуда. Дәрігерлер бұл мәсе­ленің бір ұшын көлік жүргізуші­лерінің шаршауды басады деген оймен энергетикалық сусынды жиі тұтынуымен байланыстыра­ды. «Адамның жүрек соғысын жиілететін мұндай сусындар денсаулыққа өте зиян. Жүректің қатты соғуы ми жұмысына да әсер етеді. Ми алғашқы екі са­ғатта қандай өзгеріс болып жат­қанын қабылдай алмай, ағзаға «жылдамдық режімін іске қос» деп тапсырма беруі мүмкін», – дейді терапевт-дәрігер Айдын Бектасов.

Жол-көлік оқиғалары тек адам өмірі мен қоғам тынышты­ғына қауіп төндіріп қана қой­май, мемлекеттің имиджіне де кері әсер етеді. Өйткені туристер үшін саяхаттайтын мекеннің қауіпсіздігі маңызды. Сондық­тан халықаралық қауымдастық­тар жол апаты төңірегінде түрлі зерттеулер жүргізіп отырады. Мысалы, БҰҰ мәліметтеріне зер салсақ, жыл сайын әлемде 1,3 миллионға жуық адам жол апа­тынан қаза табады. Оқыс оқиға салдарынан қапияда өлім құш­қандардың әрбір төртіншісі жаяу жүргіншілер мен велоси­педшілер. Өміріне қауіп төнген­дердің орташа жасы 5-тен 29-ға дейін.

Қазақстанда жол-көлік апа­тынан қайтыс болу жағдайы Еу­ропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп. «The World Bank»-тың де­ректері бойынша, Қазақстанда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 23,8-ді құрайды. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш төмен. Ұлыбританияда 2,9 адам, Герма­нияда 4,2, Францияда 5,1, Ни­дерландыда 3,1, Швецияда 2,9, Норвегияда 2, Швецияда 2,5, Швейцарияда 2,7 адамды құрай­ды.

Тағы бір айта кететін жайт, көшеде «бұғанасы қатпаған» жастардың көлік тізгіндеп келе жатқанын жиі көреміз. Қандай көлік дейсіз ғой. Екінің бірі, егіздің сыңарының уысына түсе бермейтін қымбат «темір тұл­парлар». Олардың барлығының дерлік иелері жол ережесін бес саусақтай білсе жақсы. Білмесе ше? Осы ретте автокөлік жүргі­зуге рұқсат беретін құжаттың сатылатыны туралы ақпараттың құлағы қылтияды. Бұл жайтты құжатты беруге жауапты мекеме де, облыстық полиция департа­менті де жоққа шығарды.

ТҮЙІН: Айдың-күннің ама­нында жол апатынан қаза тап­қандардың көптігі ешкімді бей­жай қалдырмауы тиіс. Жол ере­жесін сақтамай, жоғары жыл­дамдықпен жүйткігендер азай­майынша, жол бойындағы апат­тың азаюы екіталай. Қоғамда жол-көлік оқиғасын, тіпті, адам шығынын тудыруы мүмкін кішігірім құқық бұзушылықтарға толық төзбеушілікті қалып­тастырудың да уақыты әлдеқа­шан жеткен. Көлік жүргізу мәдениетіне де көңіл бөлінсе игі. Сонда ғана қара жолда үзілген тағдырлар саны азаяр, бәлкім!

Перизат ӘМІР,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp