“Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің” деген екен Майқы би бабамыз. Бүгінде баба сөзі ақиқатқа айналғандай. Енгізіліп жатқан шетелдік тәжірибеден де, айыппұлдардың артып, жазаның қатаңдатылуынан да келген нәтиже мардымсыз. Жылдамдықты асыру, ащы суға тойып алып көлік жүргізу, қауіпсіздік белдіктерін тақпау сияқты немкеттіліктің салдарынан бейбіт өмірде елімізде өлімі темірден болған 3 мыңнан астам адамның қаны қара жолға сіңді, талай арман қапияда үзілді.
Жүгенсіздік пен жауапсыздықты, салғырттық пен салақтықты өлім өкшелеп жүреді. Ішкі істер департаментінің мәліметтеріне көз жүгіртсеңіз, осыған қаныға түсесіз. Былтыр облыс жолдарында 300-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 40-тан астам адам өмірмен қоштасты. Өткен айда ұйымдастырылған төрт күндік жедел-алдын алу шарасының барысында ғана тәртіп сақшылары өңір аумағында мас күйде көлік басқарған 61 жүргізушіні құрықтады. Бас-аяғы төрт тәуліктің ішінде облыста жол ережелерін бұзудың 1343 фактісі анықталды. Қауіпсіздік белбеуін тақпағандарға қатысты 248 әкімшілік хаттама толтырылып, көлік басқара отырып телефонмен сөйлескен 200-ден астам жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Көлік жылдамдығын асырғандардың, жаяу жүргіншіге жол бермегендердің, қозғалыстың қарсы бетіне шығып кеткендердің де қарасы аз болмаған. Полицейлердің айтуынша, ай сайын өткізілетін жедел-алдын алу шаралары кезіндегі көрініс – осы.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың 4 айында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда еліміз бойынша жол-көлік оқиғасы 3 пайызға төмендеген екен. Олардың 32 пайызы Алматы қаласына тиесілі болса, Солтүстік Қазақстан облысы көлік апаты ең аз тіркелген өңір ретінде көрсетіліпті. Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері де өткен жылы орын алған жол-көлік оқиғалары 15 пайызға кемігенін айтады. Әйтсе де, жыл сайын 20 мыңнан астам отандасымыздың “темір тұлпардың” кесірінен кембағал болып қалатыны, кейбірінің өмірі қара жолдың бойында қиылып кететіні ойлантпай қоймайды.
Өмір көрсетіп отырғанындай, елімізде орын алып отырған көлік апаттарының 3 пайызы жолдардың сапасыздығынан болады екен. Әбден мүжіліп, ойқы-шойқы болған өңіріміздегі жолдардың күзде езіліп, қыста қар алып, баршаны әлекке салатынын жол азабын жиі тартатын жолаушылардан артық ешкім білмейді. Қала ішіндегі жолдардың да жағдайы мәз еместігін көріп жүрміз. Міне, осылай сапасыз жолдар “жүргізушінің ұйықтап кетпеуіне” емес, жол апатына, жол-көлік оқиғаларының туындауына, адам өліміне де себеп болуда.
Өткен жылдан бастап көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі өңір басшысының ерекше назарына алынып, биылғы жылы жолдарды жөндеу жұмысына 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа жаңа технологияларды пайдалану арқылы 250 шақырымнан астам автожолдар жөнделмек. Өткен жылы да бұл мақсатқа 6 миллиард теңге жұмсалған болатын.
Облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов жыл сайын бөлінетін қаражат үш есе артық, яғни 15 миллиард теңгені құраса, 5 жылдың ішінде апатты жағдайдағы жолдарды толық жөндеп шығуға болатынын айтады. Енді жолдарымыз жерлестеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей талапқа сай болар күнді шамамен болжай беріңіз.
Полиция қызметкерлері апаттың жиілеуіне көлік санының күрт артуы да себеп болып отырғанын айтады. Соңғы бес жылда ғана мемлекетіміздің автопаркі 3 есе көбейген. Рубль бағамының төмендеуіне байланысты биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана көрші мемлекеттен облысымызға 5 мыңға жуық көлік әкелінген екен. Былтыр олардың саны небәрі 400-ге жуық болған.
2013 жылы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау еліміздегі ескі автокөліктерден арылу туралы арнайы бағдарламаның әзірленіп жатқанын айтқан болатын. Аталмыш бағдарлама сәтін салып жүзеге асар болса, тозығы жеткен “темір тұлпарлардан” қоғамға келер қауіптің де кемитіні сөзсіз.
Әзірше, сырттан келген және қолданыстағы көнетоз көліктердің сапасына қатысты барлық жауапкершілікті техникалық байқау қызметкерлеріне жүктеп, олардың ар-ұятына сеніп тапсырмасқа амал жоқ.
Петропавлдағы техникалық байқау орталығының операторы Михаил Рыбиннің осы саладағы еңбек өтілі – 30 жыл. Әр жылдары техникалық қызмет көрсету станцияларында жұмыс істеген кәнігі маман Кеңес Одағы кезінде техникалық байқауға қалай көңіл бөлінгенін еске алады. Көліктің ақауларын тексеруге жауапты комиссияның құрамында атқарушы биліктің мүшелері, инженерлер, жол полициясының қызметкерлері, автомектептердің оқытушылары кірген екен. Жүргізушілер де алдағы тексеріске алдын ала мұқият дайындалып, міндетті түрде медициналық комиссиядан өтіп, көлігін жөндеп-қырнап, бояп, ретке келтіретін.
“Автомектептердің оқытушылары міндетті түрде жол қозғалысы ережелерін насихаттау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша 36 сағаттық “техминимум бағдарламасын” өткізетін. Жаңа заңда осы мәселе де қамтылғанда, жол апаттарының көрсеткіші кемитін бе еді?! Өкінішке қарай, мұндай маңызды шаралар ұмыт қалды”, – дейді білікті маман. Қазір жағдай біршама өзгерді. Техникалық байқау бәсекелі ортаға берілді. Соның нәтижесінде саладағы түйткілді мәселелер азайды. “Техникалық байқау ісінің жекеменшік қолға өтуінің тиімді тұстары көп. Бастысы, енді бармақ басты, көз қыстыға жол берілмейді. Техникалық байқауды жүргізген оператор өз ісіне зор жауапкершілікпен қарайды. Себебі, жол-көлік апаты орын алса, көлікті тексерген оператор да міндетті түрде заң алдында жауап береді”, – дейді Михаил Алексеевич.
Қадам басқан сайын дөңгелектері анадайдан “мен мұндалап” тұратын техникалық қызмет көрсету станцияларына сенім бар ма?! Бұл сауалға да жауабы дайын Михаил Алексеевич: “Мұндай станцияларға сене берудің қажеті жоқ. Оларда негізінен өздігінен білім алған жас жігіттер жұмыс істейді. Ал сырттан әкелінетін көлік бөлшектерінің дені Қытайда жасалған. Аккредиттеу өтпеген мұндай станциялардың бөлшектерге сертификаттары да жоқ. Яғни, олар автокөліктерді жөндеу бойынша да ешқандай кепілдік бере алмайды деген сөз”, – дейді.
Өткен жылдың соңында көлікті төртінші рет мас күйде басқарған 25 жастағы петропавлдық ұсталған болатын. Соңына түскен полицейлердің дауыс зорайтқышпен айтқан талаптарын елемеген жүгенсіз жүргізуші жанындағы көліктер мен адамдарға қауіп төндіре отыра, ізін суытпақ болыпты. Әйтеуір, қолға түскен жігіттің үстінен әкімшілік іс қозғалған. “Бұған дейін бірнеше рет мас күйде көлік жүргізгені үшін жауапқа тартылған бұл жігіт неліктен көлікті басқару құқығынан айрылмаған?” – деген сауалға облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері Юрий Клыков тәртіп бұзушының заң талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, бұл жолы ол кемінде 20 тәулікке қамауға алынатынын жеткізді. Жазасы жанына батпаса, ащы судың буымен бесінші рет көлікті басқарып, елге аты шулы Үсеновтің әрекетін қайталамайтынына кім кепіл?!
Полицейлер болса, қатаңдатылған әкімшілік заңнаманың аясында биылғы жылдан бастап мас күйде көлік басқарғандар бірден жүргізу құқығынан айрылатынын, мұндай жүгенсіздер жазасыз қалмайтындарын айтып сендірді.
Мұндайлар жазаланғаннан гөрі, мүлдем жаза баспаса екен деп тіледім. Жуырда сондай жүгенсіздің кесірінен жақыным жол апатынан көз жұмды. Ішімдікке сылқия тойған жас жігіт көлігін басқара алмай, жолдың екі жағына ирелеңдеп шыға берген. Қарсы бағытта келе жатқан ағамның, артқы орындықтағы тәтемнің де барлық өмірі көз алдарынан өте шыққан шығар сол бір қас-қағым сәтте… Қарсы шыққан қатерден құтылу мүмкін емес еді. Тәтем ұйықтап отырған бойы қайтыс болды. Ағам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Жүргізуші “қанмен жазылған” заң бойынша жазасын алар, ары да маза бермес. Алайда, қырқында қыршын кеткен өмір үшін кім жауап бермек?! Өзекті өртейтіні де осы.
САПАР СОҢҒЫ БОЛМАСЫН ДЕСЕК…
“Жол-көлік апаттарын болдырмау үшін не істеу керек?” деген сауалдың жауабын жол жағдайын жақсы білетін жүргізушілерден және сала мамандарынан сұрастырып көрдік.
Михаил Рыбин,
техникалық байқау орталығының операторы:
“Жол-көлік апаттарына бойымыз үйреніп кетті. Автомектептердегі дайындық сапасының төмендігін кінәлап жататындар бар. Олай болса, жүргізуші курсын тамамдағандар қалайша ішкі істер органдарында емтихан тапсырып, куәлік алуда?
Ал қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, жолда жүру мәдениетін бала жастан қалыптастыру қажет. Мектепте оқушыларға жол ережелерін үйрету ісіне ерекше көңіл бөліп, ата-ана да баласына әр адам өзінің және өзгенің өміріне жауапты екенін айтудан жалықпауы тиіс. Мектепті тамамдаған соң бірден көлік сатып алатын жасөспірім “темір тұлпарды” тізгіндей алатынына сенімді болуы тиіс”.
Ілияс Баукенов,
жүргізуші:
“Темекі саудасымен айналысамын. Аптасына екі рет Ресейдің Қорған облысына барамын. Шекара асып, Ресейдің жолына шыққанда бойым бір жеңілдеп қалады. Өңірімізге жаңа басшы келісімен, жол сапасын жақсарту ісінің қолға алынғанына қуанып қалдық.
Ал апатты болдырмау мәселесіне келер болсақ, әрбір қалада заманауи, тиісті инфрақұрылымдармен жабдықталған автодром салу қажет деп ойлаймын. Жаңадан көлікке отырған жүргізушілер республикалық немесе облыстық маңызға ие тас жолдарға шығар алдында тағы бір мәрте жол белгілерін пысықтап, автодромдарда көлік жүргізу арқылы шеберліктерін шыңдар болса, апаттардың саны әлдеқайда аз болар еді”.
Алмас Қанафин,
“NOMAD Insurance” сақтандыру компаниясының апаттық комиссары:
“Қыстыгүндері апаттардың орын алуына жолдардағы көктайғақ себеп болып жатады. Арақашықтық сақталмағандықтан, жүргізушілер көп жағдайда көлікті тежеп үлгермейді. Бағдаршамдағы сары түстен өтіп үлгеремін деп, зулап келе жатқан көліктің қиылыста маневрді аяқтап жатқан көлікпен соғылысу фактілері де жиі кездеседі. Осындай даулы сәттерді шешуде кейде қиындықтар туындап жатады. Мұндайда көше қиылыстарындағы бейнебақылау камераларының көмегі зор.
Меніңше, апаттардың алдын алу үшін қалаішілік және облыс жолдарының бойындағы бейнекамералардың санын барынша көбейту қажет. Байқасаңыз, көшелерде орнатылған интеллектуалды, жылдамдықты бақылайтын, басқа да камералар орнатылған уақыттан бастап, жүргізушілер де көліктерін аңдап жүргізетін болды. Тәртіпсіздерді жүгендеудің тиімді тәсілі осы”.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қара жол еркелікті де, есерлікті де көтермейді. Демек, әрқайсымыздың қауіпсіздігіміз ең алдымен өзімізге байланысты екенін бір сәтке де естен шығармайық, ағайын!
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.