
Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында көктемгі егіске дайындық, су тасқынының алдын алу және төтенше жағдай кезінде сабақты қашықтан оқыту жайы әңгіме өзегіне айналды.
Облыс әкімі қатысушыларға коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдайға қарамастан, өңіріміз үшін аса маңызды көктемгі егісті ұйымшылдықпен өткізу қажеттігін атап айтты.
– Бір айдан кейін облыста көктемгі егіс басталады. Сондықтан диқандардың жауапты науқанға дайындық деңгейін бағалап, мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруымыз керек. Елімізде өсірілетін астықтың үштен бірі біздің диқандардың маңдай терімен келетінін ескерсек, алдымызда үлкен міндет тұр, – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшеновтің айтуынша, үстіміздегі жылы өңірімізде 4,2 млн. гектар алқапқа егін егу жоспарланса, дәнді дақылдардың үлесі – 2,8 млн. гектар. Майлы дақылдар 955,4 мың гектарға сіңіріледі, бұл жалпы егістіктің жиырма пайызын құрайды. Сондай-ақ, 47,4 мың гектар алқапқа соя егілмек. Картопқа бөлінген алқап – 32,2 мың гектар. Биыл қар көп жауғандықтан, ылғал қоры жеткілікті. Шаруалар жердің құнарлығы мен өнімділік сапасын сақтау үшін егін танаптарына 130 мың тоннаға жуық тыңайтқыш себуі қажет. Дегенмен, кейбір аудан әкімдерінің оған тиісті деңгейде көңіл бөлмеуінен бұл жұмыс сылбыр жүргізілуде. Қазіргі уақытта өңір диқандары 78,1 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізу бойынша келісімшарт жасады. Бүгінгі күні оның тек 54,7 мың тоннасының ақшасы төленген.
Алдағы уақытта шаруашылықтар алқаптарда дәнді дақылдардың ауруға шалдығуының алдын алу үшін фунгицидпен және гербицидпен дәрілеу жұмыстарын жүргізетін болады. Үкімет көктемгі дала жұмыстарын қолайлы уақытта жүргізу үшін 68,9 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөліп отыр. Десе де, аудан әкімдіктері оператор компаниялармен жанар-жағармайды жеткізу бойынша келісімшарт жасауға асығар емес. Бұл жолғы науқанға 13,7 мың трактор, 16 мың тұқымсепкіш, 1,2 мың егіс кешені қатысады. Қазіргі уақытта оның 97 пайызы сақадай сай тұр. Агроқұрылымдардың техникалық паркі жылдан-жылға жақсаруда. Жыл басынан бері облыс диқандары 5,3 млрд. теңгеге 355 жаңа техника сатып алды.
– Аграрлық секторды дамыту – экономикадағы өсімді қамтамасыз етудің басым бағыттарының бірі. Сондықтан көктемгі егіске барынша тыңғылықты дайындалуымыз керек. Дала жұмыстарын уақытында әрі сапалы жүргізгенде ғана күзде мол астық жинауға болады. Биыл облысымыздың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ел бюджетінен 42,8 млрд. теңге бөлінді. Яғни, бұл көрсеткіш соңғы бес жылдың ішінде 2,5 есеге артты. Минералды тыңайтқыштарды сатып алуға 5,7 млрд. теңгенің демеуқаржысы қарастырылып отыр. Бұл – диқандарға жасалып жатқан үлкен қолдау. Коронавирусқа байланысты енгізілген шектеулер биылғы егіс науқанына кері әсерін тигізбеуі тиіс, – деді Құмар Іргебайұлы.
Бұдан кейін облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Нұрлан Бүркіталин көктемгі су тасқыны қарсаңындағы өңірдегі жағдай және атқарылған жұмыстар жайында есеп берді. Оның айтуынша, наурыз айының соңғы онкүндігінде қар еріп, күннің жылынуына байланысты көктемгі су тасқыны қаупі біршама азайған. Нәтижесінде қар суы енуі мүмкін елді мекендердің саны екі есе қысқарды. Атап айтар болсақ, бүгінде тек 41 елді мекен мамандардың жіті бақылауында. Ал Айыртау, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы қар жамылғысы әлі де қалың. Ылғал мөлшері жылдағыдан көп. Өңіріміздегі ірі су қоймаларындағы ахуал мамандардың назарында. Соңғы дерек бойынша, Сергеевка су қоймасы – 95, ал Петропавлдағы гидроторап 94 пайызға толған.
Көктемгі су тасқынымен күреске 2 мың маман жұмылдырылмақ. Бүгіндері 1,6 мыңнан астам инженерлік техника әзірленген. Жалпы 368 су сорғыш және 176 жүзу құралы бар.
– Аудандық әкімдіктер су басу қаупі жоғары елді мекендер мен учаскелерге арнайы техникаларды жеткізді. Қажет болған жағдайда 45 эксковатор мен 157 бульдозер қолданылады. Айтып келмейтін апаттың зардабын азайту, адам мен мал шығынын болдырмау мақсатында облыс аумағында 263 эвакуациялық қосын әзірленді, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мамандарға жағдайды жіті бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, инертті материалдар қорын артығымен дайындау қажеттігін ескертті.
Оқушылар коронавирусқа байланысты 2019-2020 оқу жылының төртінші тоқсанын ғаламтор арқылы қашықтан оқитын болады. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, қазіргі уақытта өңірде 72,5 мың оқушы бар болса, соның 5 мыңға жуығы шалғай ауылдарда тұрады. Шәкірттердің 66,8 пайызы “Zoom”, “Bilimland” және “Kundelik” платформалары, ал 22,7 пайызы “Ел арна” мен “Балапан” телеарналары арқылы сабақ оқымақ.
– Бүгінгі таңда петропавлдық мектептер 2747 баланы қажетті ақпараттық техникамен қамтамасыз етті. Ал аудандардағы білім ошақтары тарапынан оқушыларға 1775 компьютер уақытша қолданысқа берілген. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген 116,2 млн. теңгеге 596 ноутбук пен планшет сатып алынды. Алайда, компьютер мен ноутбуктер әлі де жеткіліксіз. Шалғай ауылдардағы оқушы саны аз 143 мектеп жұмыстарын штаттық режімде жалғастырады. Тағы бір бөлігіне сабақтың аудио, видео нұсқаларын пошташылар жеткізіп береді, – деді Гүлмира Райынбекқызы.
Атқарылған жұмыстар мен алда тұрған жоспарларды саралай келе облыс әкімі Құмар Ақсақалов жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.