«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК ЖАСАЛАДЫ

Солтүстік Қазақстан облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерекесіне дайындық және тойлау жөніндегі өңірлік шаралар жоспары жасалды. Онда Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлес қосқан азаматтарға көлемі 100 айлық есептік көрсеткішке дейін бірреттік төлемдер жасау көзделген. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы хабарлады.

Облыстық және аудандық (қалалық) бюджеттерден мына санаттағы азаматтар материалдық көмек алады: соғысқа қатысушылар мен мүгедектер – 100 АЕК көлемінде; Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы жанқияр еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендері және медальдарымен марапатталған тұлғалар – 25 АЕК көлемінде; жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша соғысқа қатысушыларға теңестірілген тұлғалар – 5 АЕК көлемінде.

Басқарманың хабарлауы бойынша, барлығы 15 мыңға жуық солтүстікқазақстандықтардың төлемақыға қолы жетеді.

Сонымен бірге, 2015 жылы Петропавл қаласында және облыс аудандарында Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, сол сияқты оларға жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша теңестірілген тұлғаларға әлеуметтік көмек көрсету жалғасатын болады.

Хабарламада айтылғандай, тіс протезін салуға, санаторийлік-курорттық емдеуге, жатып емделу орнына барып-қайту жолақысына әлеуметтік көмек көрсету жоспарлануда.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp