Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Qyzyljar» АЭА-да орналасқан №3 субаймақта болып, инженерлік инфрақұрылым тарту барысымен танысты.
Ғауез Торсанұлының қатысуымен өткен жиында инженерлік коммуникацияларды дер кезінде іске қосу, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, қолданыстағы және жоспарланған жобаларға барынша басымдық беру мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда негізгі инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы аяқталған. Құны 1,3 млрд. теңге болатын су құбыры тартылыпты.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеев ұзындығы 6,7 шақырымды құрайтын су құбыры пайдалануға берілгенін, 20 құдық орнатылғанын, олардың кәсіпорындарға қосыла бастағанын жеткізді. Сонымен қатар құны 2,5 млрд. теңге болатын электр желісі тартылып, 1,2 млрд. теңгеге магистральдық нөсерлік кәріз жүйесі салынған. Келесі міндет – электрмен жабдықтау. Оның жалпы қуаттылығы – 11 мегаватт, ұзындығы – 15,8 шақырым. Бұдан бөлек, жылу желілерін тарту жобасы жүзеге асырылуда. Оны қазан айында аяқтау жоспарланған. Жалпы құны – 1,1 млрд. теңге. Келесі жылы «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы аумағында ұзындығы 2,3 шақырым болатын темір жол желісін салу көзделген. Оған 1 млрд. теңге қарастырылған. Осы кезеңде жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайтын автожол құрылысы да аяқталмақ. Бөлінген қаржы – 15,8 млрд. теңге. «АБК-Автодор НС» ЖШС директоры Ерлан Бегалин биыл 7,8 млрд. теңге қарастырылғанын, қаражаттың толық игерілетінін айтты.
«Qyzyljar» АЭА-ның ішкі аймағына 16 кәсіпорынды орналастыру жоспарланған. Жалпы аумағы 160 гектарды құрайды. Бөлінген қаржы – 105,5 млрд. теңге. Нәтижесінде 1700 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Толық циклді саңырауқұлақ өсіру кешені жылына 2,5 мың тонна шампиньон өндіруді жоспарлап отыр. Жоба аясында саңырауқұлақ өсіруге қажетті субстрат – қоректік орта өндірісі де жолға қойылмақ.
Өңір басшысы негізгі нысандарды аралап көріп, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
«Біртұтас кешенді құрайтын озық жобалар өңір экономикасының дамуына серпін берумен қатар мыңдаған жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Өндіріс орындарының ппайдалануға беріледі инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты екенін айрықша ескерткім келеді. Басты мақсат – кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуіне барлық қажетті жағдайларды жасау», – деген облыс әкімі бірқатар міндеттерді нақты белгілеп берді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltustik Qazaqstan».