«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЖЫ КӨЛЕМІ ҰЛҒАЯДЫ

Өңірімізге жұмыс сапарымен Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетова келді. Ол өңірлік штаб отырысына қатысып, келесі жылдан бастап енгізілетін әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыру үшін өңірдегі емдеу мекемелерінің дайындығын пысықтады.

Отырыста Айжан Есмағамбетова өңір тұрғындарын медициналық сақтандыру, денсаулық сақтау ұйымдарының ақпараттық жүйесін интеграциялау, тұрғындардың мәртебесін анықтаудың маңызын атап өтті. 

– Өңір тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы ақпараттан хабардар болуы тиіс. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жандандыру қажет. Қалған уақытта емдеу ұйымдарымен, медициналық қызметкерлермен жұмыс істеу керек, – дей келе Айжан Серікбайқызы елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу аясында медициналық көмекті қаржыландырудың жалпы көлемі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір жарым есе өсетінін айтты. Яғни, оңалту шаралары мен паллиативтік, консультациялық-диагностикалық, стационарды алмастыратын көмекті қаржыландыру көлемі көбейеді.
Біздің өңірге 2020 жылы 38,3 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарлануда. Бұл 2019 жылғы бюджеттен 1,2 есе жоғары. МӘМС жүйесінде республика тұрғындарының 95 пайыздан астамын медициналық көмекпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Ал біздің өңір бойынша медициналық қызмет көрсетуші 56 ұйым деректер базасында тіркелгенін айтып өткен жөн. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалымен 2019 жылы 50 медициналық ұйым келісімшарт жасады. Соның ішінде 26-сы – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік ұйым.
Өңірлік штаб отырысы соңында Айжан Есмағамбетова үстіміздегі жылдың соңына дейін барлық медициналық ақпараттық жүйелер тиімді жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті. Бұл орайда, келесі жылдың алғашқы үш айында республика тұрғындары шартты түрде сақтандырылады. Ал тегін кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне алғашқы, шұғыл көмек көрсетіліп, бірқатар созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау мен емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді. Мемлекет жеңілдік санаты бар тұрғындар үшін МӘМС жүйесіне жарна төлейді. Жеңілдік санатына енген азаматтардың ішінде зейнеткерлер, балалар, студенттер, жүкті әйелдер мен тағы басқалары бар.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp