Петропавл қаласында қаржы пирамидасы арқылы ақша жинап, алаяқтық жасауға қатысты екі қылмыстық іс қаралуда.

Облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар қызметінің мәліметінше, “WhatsApp” желісі арқылы “Қазандық” ойынына кіру үшін 14 300 теңгеден жіберген екі әйел алданғанын түсінгеннен кейін құқық қорғау органдарына шағымданған. 60 жастағы қала тұрғыны өзінің ақшасын қайтарып қана қоймай, қосымша пайда табатыны жөнінде уәдеге сенгенін айтқан. Ол белгіленген соманы жіберіп, артынан екі адамды ертіп әкелген. Ал жеткілікті түрде қатысушы мен ақша жинап алған топтың әкімшісі зым-зия жоқ болып кеткен.
Петропавлдық танысының сөзіне сеніп, сан соғып қалған Көкшетау қаласының тұрғыны да осындай жолмен алданған. Аталған фактілерге қатысты “Алаяқтық” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.