«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЖЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАЖЕТТІЛІКТЕРГЕ БАҒЫТТАЛДЫ

Облыстық мәслихаттың жиырма жетінші сессиясы өтіп, күн тәртібінде өңір дамуы үшін аса маңызды екі мәселе қаралды. Негізгі баяндаманы облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев жасады. Ол өткен жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды.

Облыстың былтырғы бюджеттік кірісі 488 млрд. теңге­ден асты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға артық. Оның ішінде меншікті кірістер 18,5 пайызға, ал са­лықтық түсімдер 18,3 пайызға ұлғайған. Бұл қаржылық тұ­рақтылық пен басқарудың тиімділігін көрсетеді.

Бюджет негізінен әлеуметтік қажеттіліктерге бағыттал­ды. Әлеуметтік шығындар 16,5 пайызға өсіп, 32,1 млрд. теңгеге жетсе, әлеуметтік қорғауға 17,3 млрд. теңге бөлініп, атаулы әлеуметтік көмекпен 5 мыңға жуық адам қамтылды. Мүгедектігі бар азаматтар техникалық құралдармен қамта­масыз етілді. Сондай-ақ 14 452 жұмыс орны ашылды.

Білім беру саласына 168,997 млрд. теңге, денсаулық сақтау жүйесіне 20,7 млрд. теңге бөлінді. Мәдениетке 9 млрд., спортты дамытуға 18,8 млрд. теңге бағытталды. Ауыл шаруашылығына бөлінген қаражат көлемі 68,9 млрд. теңге.

Жергілікті жолдарды жөндеуге 52,6 млрд. теңге бөлініп, 630 км жол қалпына келтірілді. Сумен жабдықтауға 11,8 млрд. теңге жұмсалып, 62 ауылдың 12 мың тұрғыны таза ауызсуға қол жеткізді. Тұрғын үй құрылысына 21,9 млрд. теңге бөлініп, жалпы көлемі 330 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Әлеуметтік осал топтарға 387 пәтер үлестірілді.

Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Қайрат Сейітқожаев жалпы аймақтық өнімнің 14,2 пайызға өс­кенін атап өтті. Бұл – еліміз бойынша ең жоғары өсім. Жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім де 1,2 есе ұлға­йып, халықтың әл-ауқатының артқанын көрсетіп отыр.

Экономика басқармасы басшысының міндетін атқару­шы Қазбек Орынбай 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының іске асуы туралы баяндама жасады. Инфрақұ­рылымды жаңғырту, инвестиция тарту мен бизнес қауым­дастығымен серіктестіктің артықшылықтары айтылды.

Сессия барысында депутаттар Ербақыт Амантайұлы мен Сәуле Сұрағанова бюджет қаражатын ашық әрі тиімді пайдалану қажеттігін баса айтты. Қаржының мақсатты жұмсалуына тұрақты мониторинг жүргізудің маңыздылы­ғына тоқталды.

Сессия соңында депутаттар былтырғы облыстық бюд­жеттің орындалуы туралы есепті бірауыздан қолдап, оның өңір халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp