Облыстық мәслихаттың жиырма жетінші сессиясы өтіп, күн тәртібінде өңір дамуы үшін аса маңызды екі мәселе қаралды. Негізгі баяндаманы облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев жасады. Ол өткен жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды.
Облыстың былтырғы бюджеттік кірісі 488 млрд. теңгеден асты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға артық. Оның ішінде меншікті кірістер 18,5 пайызға, ал салықтық түсімдер 18,3 пайызға ұлғайған. Бұл қаржылық тұрақтылық пен басқарудың тиімділігін көрсетеді.
Бюджет негізінен әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталды. Әлеуметтік шығындар 16,5 пайызға өсіп, 32,1 млрд. теңгеге жетсе, әлеуметтік қорғауға 17,3 млрд. теңге бөлініп, атаулы әлеуметтік көмекпен 5 мыңға жуық адам қамтылды. Мүгедектігі бар азаматтар техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 14 452 жұмыс орны ашылды.
Білім беру саласына 168,997 млрд. теңге, денсаулық сақтау жүйесіне 20,7 млрд. теңге бөлінді. Мәдениетке 9 млрд., спортты дамытуға 18,8 млрд. теңге бағытталды. Ауыл шаруашылығына бөлінген қаражат көлемі 68,9 млрд. теңге.
Жергілікті жолдарды жөндеуге 52,6 млрд. теңге бөлініп, 630 км жол қалпына келтірілді. Сумен жабдықтауға 11,8 млрд. теңге жұмсалып, 62 ауылдың 12 мың тұрғыны таза ауызсуға қол жеткізді. Тұрғын үй құрылысына 21,9 млрд. теңге бөлініп, жалпы көлемі 330 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Әлеуметтік осал топтарға 387 пәтер үлестірілді.
Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Қайрат Сейітқожаев жалпы аймақтық өнімнің 14,2 пайызға өскенін атап өтті. Бұл – еліміз бойынша ең жоғары өсім. Жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім де 1,2 есе ұлғайып, халықтың әл-ауқатының артқанын көрсетіп отыр.
Экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қазбек Орынбай 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының іске асуы туралы баяндама жасады. Инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту мен бизнес қауымдастығымен серіктестіктің артықшылықтары айтылды.
Сессия барысында депутаттар Ербақыт Амантайұлы мен Сәуле Сұрағанова бюджет қаражатын ашық әрі тиімді пайдалану қажеттігін баса айтты. Қаржының мақсатты жұмсалуына тұрақты мониторинг жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Сессия соңында депутаттар былтырғы облыстық бюджеттің орындалуы туралы есепті бірауыздан қолдап, оның өңір халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».