
Ел арасынан небір құнды жәдігерлерді жинақтап, сақтап, өскелең ұрпаққа насихаттау аса маңызды. Музейде сақталған әр зат өлкеміздің өткенінен сыр шертеді. Осы орайда, жуырда “Музейге сый” акциясының аясында облыстық тарихи-өлкетану мұражайына есімі өңірімізге белгілі Ғабдолбәри қаридан қалған жәдігерлер табысталды. Құнды заттарды асылдың тұяғы Жапар Төлегенов тарту етті. Шараға “Тұғырыл хан” халықаралық қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.
Аталмыш бірлестіктің өкілі Самат Жұматайұлының айтуынша, бұл игі іс қаридың 105 жылдығына орай қолға алынған. Құранды жатқа оқыған Ғабдолбәри Төлегенұлы – Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылының тумасы. Бес жарым жасында шешек ауруы кесірінен қос жанарынан айырылып, зағип атанады. Он жасқа толар-толмаста әкесі оны Кеңес ауылындағы зағиптар медресесіне береді. Сол медресенің үш жылын бітірген соң “ұлы кәмпеске” салдарынан ауылға қайтады. Осы кезден бастап “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” деген қағиданы шырақ қылып, көпшілікті имандылыққа бастайды. Осылайша, 87 жыл ғұмырында бес уақыт намазын қаза қылмай, белгілі ділмар атанады. Зайыбы Уазипамен алты баланы тәрбиелеп өсіреді.
– Асқар тауым – әкем көмекке мұқтаж адамдарға үнемі қол ұшын созып, адасқанды жолға салып, өмірдің сынағынан сынбай өтулеріне көп қолғабыс етті. Көзі көрмесе де, зейіні аса мықты, естігенінен жаңылмайтын. Бірде саясатты әңгімелесе, ендігіде жастардың салт-дәстүрімізден алшақтап кеткеніне қамығып отыратын. Сонымен қатар шебер-тұғын. Ер-азаматқа тән шаруаның түгелін көзі көретін кісіден артық істейтін. Ағаш шабу, шеге қағу, пышақ, шалғы, ара қайрау, пима, етік жамау, ау тоқу, онымен балық аулау – бәрі-бәрі қолынан келетін, – дейді қаридың ұлы Жапар Төлегенов.
Музей қорын марқұмның құжаттары, фотосуреттері және жеке заттары толықтырды. Мәселен, жәдігерлер арасында Құран кітабы, аяттар жазылған күйтабақтар, сандықтар, түлкі тымағы, тақиясы, бөркі және қолданған құрал-саймандары бар. “Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді” дегендей, игілікті істерімен танылған қаридың есімін елі ешқашан ұмытпақ емес. Бүгінде Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылында оның есімімен аталатын мешіт бар. Бұдан бөлек, ұрпағы ардақты әкелері жайында “Ғұлама ғұмыр” атты кітапты жарыққа шығарды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында: “Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс”, – деген болатын. Ендеше, Ғабдолбәри қаридың ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа жол сілтер темірқазық іспеттес.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.