

“Қызылжар” орталық мешітінің ұйымдастыруымен VIII республикалық Құран жарысының іріктеу кезеңі өтті.
Құранды жатқа оқу сайысында жиырмаға жуық қари төрт аталым бойынша сынға түсті. Облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Дүйсенбай қарилердің Құранды жатқа және мәнерлеп оқуына баса мән берілетінін айтты. Жамбыл ауданының намысын қорғаған Әлібек Жәлиев те өзінің мүмкіндігін көрсетіп, бақ сынады. Құран оқуға қызығушылық танытқан бозбаланың жеңіске деген жігері мықты.
– Бұл сайысқа қатысушылар жақсы дайындықпен келген. Өзім Құранды 13 жасымнан оқимын. Бүгінге дейін жүздеген сүрені жатқа білемін, – деді ол.
Орталық мешіттің бас имамы Кенжетай Байкемелұлы, наиб имам Мұхаммад Файзиев пен Көкшетау қаласындағы “Науан хазірет” орталық мешітінің ұстазы Такен Махмұд сияқты қазылар төрелік еткен сайыста Дәукен Қайырбай, Ахмадходжа және Азизходжа Хакимовтарға, Алмас Шомановқа жолдамалар табысталды.