«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРИЯЛАРЫН ҚҰРМЕТТЕЙТІН ЕЛМІЗ

Халықаралық қарттар күніне орай облыс әкімі Ерік Сұлтанов тыл еңбеккері Лидия Черепанова мен Ұлы Отан соғысының ардагері Қожатай Некібаевтың шаңырақтарында болып, қос қарияға да өзінің тарту-таралғысын жасады.

Лидия Черепанова осы жылдың қарашасында 88 жасқа толмақ. Ғасырға жуық өмір сүрсе де, қарт ана өзін әлі тың сезінеді. Еңбек жолын Ұлы Отан соғысы жылдары Петропавл элеваторында зертханашы болып бастаған Лидия Яковлевна бейбіт заман орнаған шақта облыс орталығындағы Куйбышев, Ленин зауыттарында инженер-конструктор болып еңбек етеді. Зейнеткерлікке 1984 жылы шыққан. Бүгінде артынан ерген жалғыз ұлынан 2 немере мен екі шөбере сүйіп отыр. Ұлы Омбыда, қазіргі күні екі бөлмелі баспанада жалғыз тұрып жатыр. Қол қусырып отырғанды ұнатпайтын кейуана әлі күнге дейін бағбандықпен айналысады. “Өскелең ұрпақ та еріншектіктен аулақ болса екен”,– дейді тыл еңбеккері.

Қарттар күні мерекесінде облыс әкімі Ерік Сұлтанов Лидия Черепанованың шаңырағына келіп, арнайы құттықтап, өз атынан әжейге мұздатқыш камераны сыйға тартты. Өңір басшысымен әңгіме барысында көнекөз қария көрсетіліп жатқан сый-құрметке алғысын білдіріп, еліміздің одан әрі гүлдене беруіне тілектес екендігін тілге тиек етті.  

– “Бейнетіңнің зейнетін көр” деген бар. Оның бекерге айтылмағандығына көзім жетіп отыр. Бүгінде елімізде аға буынға деген қамқорлық ұшан-теңіз. Зейнетақымыз жыл санап артып келеді, жергілікті атқарушы билік тарапынан да үнемі қолдау бар, еңбектеріңіз қашанда үстем болсын, – деді Лидия Черепанова.

Зейнеткермен әңгіме барысында өңір басшысы қазіргі күні облысымызда атқарылып жатқан жұмыс жайында айтып, мұның бәрі Елбасының тапсырмасына сәйкес халық игілігі үшін жасалып жатқан істер екендігін жеткізді.

Бұдан соң Ерік Хамзаұлы Ұлы Отан соғысының ардагері Қожатай Некібаевтың шаңырағында болды. Қарт майдангер әскер қатарына 1941 жылы шақырылып, 2-ші Украин майданында жаумен шайқасқан. Елге 1945 жылы қайтып оралысымен ұстаздық жолда еңбек етеді. Жасы тоқсанға таяған ақсақал бүгінде соңынан ерген 10 баласынан 25 немере мен 15 шөбере сүйіп отыр.

Облыс әкімімен әңгіме барысында Қожатай Сейтахметұлы өңірімізде орын алып жатқан оң өзгерістерден үнемі құлағдар болып отыратындығын айтып, Ерік Хамзаұлының қызметіне сәттілік тіледі. Өз кезегінде өңір басшысы ардагерді Қарттар күні мерекесімен құттықтап, оған түрлі түсті теледидар тарту етті.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp