«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРИЯЛЫ ЕЛ — ҚАЗЫНАЛЫ

Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт халқы серпінді жаңа кезеңде өмір сүрудеміз. Әлем елдерімен иық теңестіре білген жас мемлекеттің жеткен жетістігі аз емес, бірақ біз бағындырар әлі талай белес бар. Тәңірден берілген тәтті сыйымыз – Тәуелсіздіктің арқасында салт-сана, ұлттық дәстүр, мәдениетіміз жаңғырып, ана тіліміздің мәртебесі артты.

Ардагерлер ұйымының жұмысын айтпас бұрын, әуелі оның тарихына қысқаша тоқталып өткенім жөн болар. Аққайың ауданында ардагерлер ұйымы 1999 жылы құрылды. Сол жылы Астрахан ауылдық округінде бастауыш ардагерлер ұйымы жұмысын бастады. Ұйымға ең алғаш марқұм Иван Зелинский басшылық етті. Бүгінде бастауыш ардагерлер ұйымы аудан, облыс көлемінде өтетін шараларға белсене қатысады. Мен 2006 жылдан бері ұйымның төрайымы ретінде жұмыс істеп келемін. Құрылған уақыттан бері көп жұмыс атқарылды деп ауыз толтырып айта аламын. Ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүруіне біз, ардагерлер, барынша мүдделіміз. Отанымыздың тыныштығы мен еліміздің болашағы үшін жастардың бойында патриоттық рух қалыптастыру аға ұрпақтың міндеті. Ұйымда менімен бірге Ләззат Нұрышева, Светлана Гайнанова, Шолпан Сәрсекеева, Қайдар Макашев сияқты зейнеткерлер жұмыс істейді. Сонымен қатар, “Шаңырақ” этномәдени бірлестігінің жұмысын үйлестіру де бізге жүктелген.

Бірлестіктің мүшелері әртүрлі ұлт өкілдерінен құрылған. Астраханка ауылы тұрғындарының саны 1070 адамды құраса, 198 зейнеткер бар. Оның ішінде 18-і – тыл еңбеккері. Жалғыз тұратын 10 қария бар. Оларға үй шаруасына қолғабыс ету үшін арнайы әлеуметтік қызметкерлер бекітілген. Бұл мәселені де назардан тыс қалдырмаймыз. Ауыл тұрғындарының 80 пайызы жұмыспен қамтылған. Үйде қол қусырып бос отырғандар жоқ. Соңғы кездерде бала туу артты. Ауылдағы демографиялық жағдайдың оң қарқынмен дамуы біздерді қуантады.

Ауылда қазақтармен бірге орыс, армян, өзбек, неміс, татар, поляк этносының өкілдері ынтымағы жарасып, тату-тәтті тұрады. Тұрғындардың бір-біріне бауыр басып кеткені соншалық, біз ұлтқа, ұлысқа бөлінбейміз. Барлығымыз да жақын туысқандар сияқты етене араласамыз. Барлық ұлттық мейрамдар мен мерекелерде жұдырықтай жұмылып, бірлігі жарасқан елдің біртұтас халқы екенімізді мақтан етеміз. Әсіресе, бастауыш ардагерлер ұйымы мен “Шаңырақ” этномәдени бірлестігі кез келген мерекелік іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Әр ұлттың әнін айтып, биін билейміз. Қазақстан халқының бірлігі күні аудан көлемінде ұйымдастырылған мерекелік шарада өз өнерімізді паш еттік. Осы ретте ардагерлерге қолдау көрсеткен “Астраханское” ЖШС-нің директоры Жомарт Омаровқа айтар алғысымыз шексіз. Осындай жанашыр азаматтың қолдауымен арнайы киімдер сатып алдық. Түрлі аудандық, облыстық шараларда өз өнерлерімізді ортаға саламыз. Саяси науқан – сайлау барысында да бастауыш ардагерлер ұйымына үлкен жүк түседі. Елбасының халыққа арнаған Жолдауларын ауыл тұрғындарына түсіндіруді де міндетіміз деп білеміз. Спорттық сайыстарға да белсене қатысамыз. Бос уақыт болғанда ардагерлер ұйымының мүшелері құрақ көрпе тігіп, домбыра тартып, мектеп оқушыларын ұлттық өнерге баулиды.

Мұндай тәрбиелік мәні зор шаралардың жастар үшін маңызы ерекше. Сонымен қатар, мектепішілік шараларға жиі қатысамыз. Өзім аптасына бір рет білім ошағына барып, балалармен кездесіп, сөйлесемін. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде “дөңгелек үстел” ұйымдастырдық. Осындай атаулы күндерді біз назардан тыс қалдырмаймыз. Өйткені, тарихтан сыр шертетін тағылымы мол шаралардан жастар көп мағлұмат алады. Біздің жұмысымыз көзге көрінбесе де, тындырған шаруамыз аз емес. Әйтеуір еліміздің дамуы мен ауылымыздың гүлденуі үшін жанымызды салып жұмыс істеудеміз.

Бүгінде жасым 70-тен асты. Еріккендіктен емес, әйтеуір еліме пайдам тисін деген мақсатпен өзімнің шама-шарқым келгенше қолымнан келген істі тындырудамын. Ардагерлердің өмірде көргені көп, түйгені мол. Сондықтан кейінгі ұрпақ қазыналы қариялардан көрсін, білсін, үйренсін дейміз. Құдайға шүкір ауылымыздың әлеуметтік жағдайы жақсы. Астраханкада кітапхана, клуб, заманауи үлгіде салынған асхана, фельдшерлік-акушерлік пункт пен бірнеше дүкен бар. Биыл үйлерге су тартылуда. Әсіресе, бұл жүріп-тұруы қиын қарттар үшін жасалған жақсылықтың бірі екенін баса айтып өткім келеді.

Қариялы ел – қазыналы. Қарттарымыз ардагерлер кеңесіне келіп, көмек сұрайды. Өз кезегімізде біз тиісті мекемелерге хабарласып, қолдау көрсетеміз. “Қыстың қамын жаз ойла” демекші, зейнеткерлердің отынмен қамтамасыз етілуіне де ерекше назар аударамыз. Сонымен қатар, жыл сайын қарттармен облыс орталығына саяхат жасап, Петропавл қаласының көз тартарлық тарихи-мәдени жерлерін аралаймыз. Облыс орталығындағы театрларда өтетін қойылымдарды тамашалау дәстүрге айналды. Еңбек ардагерлерін туған күндерімен, мерейтойларымен құттықтап, әсіресе, Қарттар күнінде сый-сияпат көрсетеміз. Бұл да өнегелі істің бірі деп ойлаймын.

Биыл Астраханка ауылының тұрғындарының атынан облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қабылдауында болып, ішкі жолдар қалпына келтірілсе деп өтініш айтқан болатынмын. Өңір басшысы сөзімді жерге тастаған жоқ. Облыстық бюджеттен Астраханка ауылының екі көшесін жөндеуден өткізуге 10 миллион теңге бөлінді. Осындай іскер, білікті, елжанды азаматтың билік басында отырып, халықтың мұң-мұқтажын ескергені бізді қуантады. Облыс әкімі Ерік Хамзаұлына ауыл тұрғындарының айтар алғысы шексіз.

Қазақстанның болашағы – бүгінгі жастар. Ал жастардың білімді, бәсекеге қабілетті, отансүйгіш болып өсулері үшін барынша жағдай жасалуда. Биыл 7 түлек оқу бітірді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан түлектерге сәттілік тілеп, баршамыз қобалжыдық. Көп тілегі – көл болды. Аудан бойынша Астраханка ауылының түлектері тестілеу нәтижесінде бірінші орынға қол жеткізді. Орташа балл – 96,33.

Бастауыш ардагерлер ұйымының жоспары ауқымды. Алда атқарылуы тиіс шаруа да көп. Біз тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Алдыңғы толқынның ақ тілегі – еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығы. Жарқырап, жайнай берші, Мәңгілік Қазақстан!

Светлана ҚАСЫМОВА,

Астрахан ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp