Бүгін “Оқырманның жүрек сыры” айдарымен Гүлнара Есбатырованың әңгімесін ұсынып отырмыз. Білімін шыңдау үшін біздің өңірге Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласынан келген қарлығаш бүгінде өмірден өткен анасы Гүлдана Қалдыбекқызы жайында сыр шертеді. Отбасының алтын қазығы болған асыл ана бес баланы мәпелеп өсіріп, небәрі 40 жасқа қараған шағында дүниеден өткен. Бақилық болған аналарын жиі еске алатын ұл-қыздардың сағыныштан жүрегі езілсе де, тағдыр салған сынаққа төзуді балалық парыз санайды. Түн ұйқысын төрт бөліп, әлдиімен аялап, ақ сүт беріп, мәпелеген ардақты жанның енді қайтып оралмасын түсінген балалары оның жансыз суретіне қарап, көңілдерін жұбатады. Орны ойсырап қалған асыл аналарының бейнесін көз алдына елестеткенде жанарларына жас толады. Әрине, өмір сыйлаған ананы бұл жалғанда ұмыту мүмкін емес. Гүлнараның өзегін өртеген әңгімесін тыңдаған кезде Жаратқаннан: “Шіркін, дүние-ай, бұл жалғанда аналарды балаларынан айырмасыншы!” – деп тіледік.
Менің өзге балалардан ешбір айырмашылығым жоқ. Көпбалалы отбасында өмірге келдім. Бауырларымның ортасында жүріп, бақытты балалық шақты бастан өткердім. Қазір сол кезді еске алып, ой сүзгісінен өткізсем, жүрегім бірде қуаныш, бірде сағыныш сезіміне бөленеді. Шіркін, балалық шақ десеңізші! Айналып қайтып келмес, ең бір тамаша кезең! Бірақ, өмір толқыны аумалы-төкпелі. Бірде көктемнің жылы лебіндей есіп, жаныңды жылылыққа бөлесе, енді бірде күздің қара суығы арқаңа аяздай батады. Оны мен асыл анам өмірден өткенде түсіндім. Бәрі бір жалған түстей өте шықты. Мен ол кезде небәрі 16 жастамын. Үлкен апам тұрмыста болғандықтан, үйдің шаруасына көмектесіп, анамның қолғанаты болуға жарап қалған кезім. Өзімнен кейінгі бауырларыма қолымнан келгенше көмектесіп жүргенімді байқаған әкем кейбір кездерде: “Былай істесек қайтеді, қызым…”, – деп менімен ақылдасқандай кейіп танытып, бір нәрселерді сұрап қоятын. Ондай сәттерде қуанышым қойныма сыймай, өзімді үлкен адамдай сезініп, не нәрсені болса да үлкен жауапкершілікпен істеуге тырысатынмын. Анам да “менің көз қуанышым, көмекшім… ” деп “айналайын” сөзімен аялап, мерейі бір өсіп қалатын. Осылай, ата-анамның ортасында еркелеп, бойжетіп келе жатқан кезде қатал тағдыр біздің отбасымызға тырнағын батырып, жасыл жазымды сары күзге айналдырып жіберді. Сол күн әлі көз алдымда. Есіме алғанда жүрегім алай-дүлей сезімге бөленіп, бойымды сағыныш, қорқыныш, өкініш сияқты сезімдер басып алғандай болады.
Әрине, пенде болған соң ертеңгі күннен бәріміз де жақсылық күтеміз. Қуанышқа қуанып, жамандық болмаса екен деп тілейміз. Бірақ, өмір бар жерде өлім де жүреді. Бұл, ащы болса да, шындық. Өмірдің өзегі болған анаңнан көз жазып қалу үлкен қайғы, орны толмас қасірет екен. Оны мен анам жол-көлік апатына ұшырап мерт болғанда, қайғыдан өзегім өртенгенде сезіндім. Күні-түні жол жаққа қарайлап, қараң еткен біреу көрінсе: “Анашым, анам!” – деп өз-өзімді алдап, содан кейін оның шынымен де жоқ екенін ойлап, көз жасыма ерік беріп жылаған сәттерде түсіндім. Әттең, сол күнді, сол сағатты қайта айналдырып әкелсе, мүмкін дәл қазір мен осылайша анама деген сағынышымды ақ қағазға емес, өзіне айтып, кеудесіне басымды қойып, бір мауқымды басар едім. Бірақ тағдыр бізге анамыздың сүйіспеншілігін, ыстық алақанын қимай, жанымызды жылылыққа бөлеп, шаңырағымыздың шаттығы болған ардақтымызды маңдайымызға сыйғызбай, балалық құшағымыздан жұлып әкетті.
… Сол күні көрші ауылда той өткелі жатқанды. Анамыз туған-туыстарына қолғабыс бермек болып, ертемен тұрып, керек-жарағын алып, жолға жиналды. Бір бәленің боларын сезгендей әкем байғұс: “Сол жиынға бармасаң қайтеді, қызым, ал сен қалай ойлайсың?” – деп анадай жерде тұрған маған қарамасы бар ма? Бала емеспін бе, тойдың боларына қуанып, “Барсын, қызықтан қалуға бола ма? Үй шаруасын өзіміз-ақ тындырамыз”, – дедім. Оған дейін шешіліп-пішілген дүние болса да, әкем осы жолы да менің ойымды сұрағанына ішім жылып кетті. Балалар бәріміз жиналып, анамызды тойға шығарып салдық. Кейін түсінгендей, бұл біздің анамызды соңғы рет көргеніміз, соңғы рет онымен тілдесіп, мейірім толы жүзін көріп, ыстық ықыласына бөленген күніміз екен. Жолда анам мінген көлік апатқа ұшырап, ол мәңгілікке көз жұмды.
Оқыс оқиға болғанын естігенде төбемізден жай түскендей болдық. Асылымыздан айрылып қалғанда бәрінен де әкемізге қиын болды. Жарты жолда жалғыз қалған қамқоршымыз сол сын сәтте нағыз азаматқа тән ер мінез танытып, морт сынып кетпей, қайта қиындыққа құрыштай шыныға білді. Оған қарап біз де бой түзеп, қайғы бұлтын сейілтуге тырыстық. Ес біліп қалған баламыз, сондықтан жүрекке түскен жараның бетін тырнамауға тырыстық. Бәрінен де үйдің кенжесі, 5 жастағы кіші сіңлім Жұлдызайға ауыр тиді. Ол анамызды күнде тосатын. “Анамыз енді келмейді”, – деп айтуға аузымыз бармайтын. Сүт кенжесін анамыз кіп-кішкентай сарыуыз балапанға теңейтін. Отырса да, тұрса да оны мейірлене иіскеп, басынан сипап, еркелетіп өсіріп еді. Енді, міне, сол балапан қанаты қатаймай жатып, анасынан айрылып, қапыда қалды.
Сұм ажалдың мұндай қатыгездігіне не дерсің? Көнесің, одан басқа амал жоқ. Анасынан айрылған ботадай екі көзі жәудіреген сіңлімді таңертең балабақшаға алдап-сулап апарып, кешке үйге солай алып келетінмін. Түннің бір уағына дейін ертегі айтып, көзі ұйқыға кеткенше арқасынан қағып, бауырыма басатынмын. Әрине, ананың орнын ешкім де алмастыра алмайды. Бірақ, сонда да, оған бойымдағы бар жылуымды беріп, ащы мұңның орнын тәтті сезіммен басқым келді. Осылайша бір сәтте балалық шақтан қол үзіп, өзімнің де есейіп кеткенімді байқамай қалдым. Әрине, анамның келмес сапарға кеткені маған да, бауырларыма да оңай тимеді. Сағыныш толы күндер ақырын-ақырын жылжып, өтіп жатты. Жүректегі жараның аузы бекімесе де, уақыт емші болғандай. Арада біраз жылдар өтті, бірақ, менің жаныма тыныштық бермейтін ой бар санамды жаулап алды. Анамызды ортамыздан алып кеткен сол қайғылы оқиға болар алдында әкем менің ойымды сұрағанда: “Барсын, қызықтан қалмасын”, – деп айтқан сөзіме өкінемін. “Неге ғана солай айттым, жібермесем, мүмкін бәрі де басқаша болар ма еді…”, – деп кейбір кезде өзімді-өзім жегідей жеймін. Әрине, бәрібір Жаратқанның қолында. Бұл жерде ешкімнің де кінәсі жоғын түсінемін. Бірақ, бұлқынған жүрек тыңдамаса не істейсің?..
Оңаша қалғанда көз жасыма ерік беріп, жылап аламын. Мен үшін ол да ем. Осындай кездерде ішкі жан дүниеме түскен жара мен жазылмас дерттің ащы запыраны көз жасыммен сыртқа ақтарылғандай денем бір жеңілдеп қалады. Қасыңдағы адамдарға қайратты болып көрінгің келсе де, біз, қыздар табиғатымыздан нәзіктіктен жаралған жанбыз ғой. Оған қарсы тұруға дәрменіміз жоқ. Бірақ әрбір арайлап атқан күннің жылы шуағымен менің қанатымның астынан сая тапқан сіңлімнің жүзіне қайта күлкі үйірілгенін байқағанда, оған үлгілі апа болып өмір сүруге бекіндім. “Тек, әкеме қиын болмаса екен”, – деп бауырларыма бас-көз болып, қатарымнан қалмауға тырыстым. Осылай жүргенде мектепті аяқтап, жылы ұядан қанат қағатын кез де келіп жетті. Жан-жақты ойланып, өз білімімді таразылап жүргенде “Серпін – 2050” мемлекеттік бағдарламасы жайында естіп, теледидардан көріп, қуанып қалдым. Жаңа мемлекеттік бағдарламаға менің де қатыса алатындығымды ойлағанда, жүрегімде үміт оты бүршік жарғандай болды. Өзім оңтүстікте туып-өссем де, солтүстікке барып, білім алғым келетін ойымды әкеме айттым. Ол үнсіздікпен тыңдап, терең ойға шомды. Қандай әке қызының жыраққа кеткенін қаласын, тіпті, білім алу үшін де? Бірақ, асқар таудай әкем мені қолдады, бұл жолы ағамның және басқалардың да қарсылығына қарамай, оқуға түсуге өзі алып барды. Тиісті құжаттарды жинап, тапсырып, Петропавл темір жол көлігі колледжіне оқуға түскенімді естігенде, қатты қобалжыдым. Ешкімді танымайтын, ағайын-туысым жоқ, басқа өңірге қанат қағу мен үшін үлкен сынмен тең болды. Бірақ, Қызылжар қаласы бізді құшақ жая қарсы алды. Пойыздан түсе сала тілеулестерді көргенде, өз үйімізге келгендей күйге бөлендік. Оқуда, жатақханада барлық жағдайымыз жасалған. Ұстаздарымыз бізге туған балаларындай қарап, қамқорлық көрсетіп, жақсы бастамалар болса, қолдауға дайын тұрады. Осындай жақсылықтарды көргенде, біз қуанбағанда, кім қуанады?..
Әрине, үйдегілерді сағынам. Бірақ, өзім сияқты білім іздеп келген жастарды көргенде, олармен араласып-құраласып жүргенде көңілдегі сағыныш сезімі сейіліп кететін сияқты. Жүректегі жара қандай терең болса да, оның да сейілетін уақыты болады екен. Мен соны түсіндім. Қазір жаңа жерге үйреніп кеттік. Күнде таңертең сабаққа барар кезде әкеме телефон соғып, “Менде бәрі жақсы, уайымдамаңыз”, – деп көңілін бір көтеріп тастаймын. Тұтқаның ана жағынан: “Қара қызым менің, қалың жақсы ма?” – деген әкешімнің дауысын естігенде екі көзге ыстық жас тығылса да, оған сездірмей, ойнап-күліп, әңгімені жалғастырып әкетемін. Сол сәтте жапырақтай жүрегім кеудемнен шығып кете жаздайды. Сағыныш пен қуаныш сезімдері қатарласып, жан дүниемде үздіксіз күрес басталады. Бір жағынан бауырларымды, туып-өскен ортамды сағынсам, екінші жағынан осындай мемлекеттік бағдарлама арқылы оқуға түсу мүмкіндігіне ие болғанымды мақтан етемін.
Біз – азат елдің азаматтарымыз. Тәуелсіздік туын желбіреткен жас мемлекетіміз біздерге, жас ұландарға, үлкен сенім артып, осындай жобаларды жүйеге қосып отыр. Олай болса, мүмкіндікті мүлт жіберіп алуға біздің қақымыз жоқ. Мені арманым, сенім мен ойым, бәрі-бәрі үміт пен мұратқа толы болашаққа жетелейді. Сол үшін де қуанамын. Шамам келгенше, білімімді толықтырып, қатарымнан қалмауға тырысамын. Оқи жүріп, өмір атты дастанның өрмегін үздіксіз тоқимын. Осылайша, бойыма бар жақсылықты жинағым келеді. Қазақ қызына тән инабаттылықты, табиғи сұлулықты, ар-намысымды тұмарымдай сақтаймын. Бұл – анамның бала кезімнен құлағыма құйып айтқан өсиеттері.
Бастапқы кезде солтүстіктің суығына үйрене алмағанымыз рас. Бірақ, адамдардың жүрек жылылығы бәрінен де басым түсті. Мен өзім басқалар сияқты ана тілінде еркін сөйлеймін, орысша, ағылшынша, түрік тілдерінде түсінемін. Сондықтан тілден қиындық көрген жоқпын. Қазір өзім қатарластарым арасында белсенділік танытып, қоғамдық жұмыстарға қатысып, басқа өңірлердегі газеттерге мақала жазып тұрамын. Мұның барлығы – ұстаздарым Индира Қазиева, Айгүл Оспанованың басшылығымен жүзеге асып жатқан жұмыстар. Өзім электрмен қамтамасыз ету мамандығы бойынша білім алып жүрсем де, шығармашылық жағынан да бағымды сынап көрудемін. Себебі, заман талабына сай болу үшін жан-жақты бола білу керек.
Мен – балғын тәтті тілегіммен ілгері басып, қатарымнан қалмауға тырысып келе жатқан қарлығаштардың бірімін. Сондағы маған қуат беріп, жанымды жұбататын бір ғана ой. Ол – үлгілі азамат болу, оқуымды жақсы оқып, ерінбей еңбектеніп, биік белестерді бағындыру. Бұл жан анашымның тілегі болатын. Олай болса, асқақ арманды жүзеге асыру – менің балалық парызым.
Дайындаған
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.