Мамырдың 16-нан бастап өңіріміздегі көлдерде балық аулуға рұқсат беріледі. Осыған дейін 1 ай бойына, яғни сәуірдің 15-нен уылдырық шашу кезеңі болғандықтан шортан, ақсерке мен көкқайранды аулауға тыйым салынған болатын. Енді алабұға, торта, шортан, аққайран, көксеркеге ау құрып, қармақ сала беруге болады. Тек мамырдың 20-на дейін сазан аулауға рұқсат жоқ.
Солтүстік Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жануарлар дүниесі және балық ресурстары бөлімінің бас маманы Евгений Суворовтың айтуынша, Есіл, Сілеті өзендерінде және олардың барлық салаларында мамырдың 20-на дейін балық аулауға тыйым салынды. Бұл шектеуді бұзған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, балық шаруашылығы су айдындарының резервтік қорында әуесқой балықшыға тек 5 килограмм ғана ұстауға рұқсат етіледі. Әр балықшы өзімен бірге жеке бас куәлігін алып жүруге міндетті.
Сағындық МАУҒАЗИН
“Soltüstık Qazaqstan”.