«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАРДЫҢ КӨҢІЛІН ЖАСЫТҚАН КЕЛІН көз жасынан жасқанбағаны ма?

Егде тартқан екі адам өзіме қарай жақындай түскенде олардың ескі таныстарым екенін тани кеттім. Менің көз алдымда сақталған олардың 25-30 жыл бұрынғы бет-әлпеттері кәріліктен әжімденіп, дене бітімдері қушиып қалыпты. Олардың біздің отбасымызға құда болғанына да 40 жылдан асыпты. Амандық-саулықтан соң бір-бірімізді көптен көрмегендіктен, шүйіркелесе әңгімеге кірістік. Мен қарияның балаларын жақсы танығандықтан, олардың жағдайын сұрап, сауалды да көбейтіп жібердім. Ескі таныстарымның қалаға көшіп келгенін де ұзын құлақтан естіген болатынмын. Әңгімемізді әрі қарай өрбітпек болып:

– Сіздер қаланың кемпірі мен шалы болыпсыздар. Қалай ұнап жатыр ма? – деп әзілдей қойған сауалымның ретсіз айтылғанын кейін ұқтым. Бұл сұрағымды естіген кезде кейуананың маған жалт етіп қараған көздері олардың өмірінде жағымсыз жаңалықтардың бар екендігін сездіргендей болды.

Олардың жүрек жарасын тырнап тұрғанымды анық білмегенмен, көңіл күйлерінің түсіп кеткенін аңғарып, бір сәт мен де үнсіз қалдым. Кейуана басын салбыратып бір күрсініп алды да, кәріліктен бе, әлде ішкі шерден бе, суланған жанарын көтеріп, әңгімесін бастады:  

– Иә, қарағым, тағдыр деген адамның басын тауға да, тасқа да ұрғызатын кезді талғамайды екен. Ауылды тастап, балалардың қасына жақындайық деген оймен көшіп келгенімізге көп болған жоқ. Бірақ айлакер келін жолығып, бүгінде далада қалдық. Қартайғанда қаладан пәтер жалдап тұрамыз деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген болар. Сегіз балаға ақ сүтімді беріп, адал өмір сүр, біреудің ала жібін аттама, ешкімнің қарғысына ілікпе деп үйретуден жалықпаған едім. Бүгінде өзіміз басқаның баласының құрығына түсіп отырмыз, – деді ана біртүрлі жасып.

Жастары ұлғайып, мәпелеп өсірген ұлдары мен қыздарының қызығын көріп, қолдарын жылы суға малып отыратын шақтарында осындай күйге түсу кімнің болсын аяушылығын тудырары сөзсіз. Сондықтан болар, бұрындары жадырап жүретін құда-құдағиымның ұнжырғасы түсіп кеткенін көру маған да оңай болған жоқ. Жұбататындай сөз таба алмай, тағы үнсіз қалдым. Бұл кейіпімді қария ұқты ма, сөзді өзі жалғады:

– Ол келіннің ісі балалық болсын. Ал оның үш жыл бойы құда-құдағи деп сыйласып жүрген ата-анасы қыздарының мына қылығына тоқтау айтудың орнына онымен бірге бізге қарсы шыққандығы жанымызға батты. Бізді жіберген соң өздері қыздарының қолына кіріп алыпты. Сонда бұлардың ойында әу бастан арамзалық пиғыл болғаны ма? – деп тағы да мұңайып қалды.

Бұл оқиғаның қалай басталғанын баяндаған кейуананың әңгімесінен ұққаным: жасы отыздан асып кеткен, бір рет те үйленбеген ұлдары Берік 20 жасар қызы бар келіншекпен азаматтық неке құрады. Жап-жақсы отбасылық өмір кешіп жатқан олар ауылдан Беріктің ата-анасын көшіріп әкеледі. Өздерінің жиған-тергені бар, ата-анасының зейнетақылары бар, біріне-бірін ұқсатып, үй сатып алады, одан әрі оның ішіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Сатылып алынған үй келіннің атына құжатталып, ол оның еншісіне өткеннен кейін ғана ерлі-зайыптылар заңды некеге тұрады. Бірер айлардан кейін отбасылық сыйластық тарылып, араға іріткі түскен кезде үйді некеге отырғанға дейін құжаттап алған келін жылжымайтын мүліктің толыққанды иесі болып шыға келеді. Яғни, бұл – күйеудің де, оның ата-анасының да үйге еш қатысы жоқ деген сөз. Екінші мәселе – айлакер келін некеге отырған аз уақыттың ішінде балалар үйінен нәресте асырап алу үшін құжаттарын жасап үлгерген.

– Әлгі бала бізге тумаса да, туғандай болып кеткен еді. Жаялықтары мен тамағын өз зейнетақымызға сатып алып, бес ай бойы суға түсіріп, бағып едім. Үш ай болды көрмегеніме, сағынып жүрмін, – деген кейуананың көздері тағы да мөлтілдей қалды.

Бір қызығы – әлгі алаяқ келін облыс орталығындағы ата-ананың қарауынсыз және жетім қалған балалар үйінде жұмыс істейді екен. Үлкенді сыйлауды білмейтін, адамгершілік қасиеттен мақұрым адам қалайша бала тәрбиесімен айналысып жүр екен деген ой мазалады. Ерлі-зайыпты болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Осындай кезде ашуға ерік беріп, осыған дейін ата-ана деп сыйлап келген адамдарға еш жанашырлық танытпай, үйден қуып шыққаны қалай?! Әлде ол әйел арам ойын жасырып келді ме екен? Бұл ой жалғыз менің ғана санамда ұяламапты. Ол ойды қарт пен қарияның сөздері де дәлелдеп тұрды. Үлкенге сыйластық, кішіге ізет, ата-анаға құрмет деген отбасылық тәрбиеміздің мәні тозайын дегені ме? Бүгінгі жастар адамгершілік қасиеттерді көзге ілмей, бірінші кезекке материалдық құндылықтырды қоя бастағаны ма? Қасіреттен жанарларын мұң басқан екі кәрі адамның сол күнгі көңіл күйі көз алдымнан кетер емес.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp