«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАРДЫҢ ҚАДІРІ АРТА БЕРЕДІ

Өткен жылы Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесі өз жұмысын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауының аясында жүргізді. Елбасы өзінің ардагерлерге арнаған Үндеуінде “Ел басына күн туған қиын-қыстау жылдарда Сіздер Отан үшін жан аямай соғысып, ерен еңбек еттіңіздер. Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері – сол еңбектеріңіздің жемісі. Біз оны жақсы білеміз және бағалаймыз. Сіздер әрдайым еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келесіздер. Сіздердің бай тәжірибелеріңіз бен ақыл-парасаттарыңыз, ұлағатты өмірлік ұстанымдарыңыз аса бағалы мұра саналады, оны өскелең ұрпаққа аманаттау өте маңызды. Бұл орайда мен Сіздерге үлкен сенім артамын”, – деген еді.

Аудандық ардагерлер кеңесі өзі біріктіріп отырған 58 бастауыш ұйымының алдына соғыс және еңбек ардагерлерінің материалдық және тұрғын үй жағдайларын, мәдени-тұрмыстық, медициналық қызмет көрсетуді жақсарту, ардагерлерді жас ұрпақты патриоттық және жоғары адамгершілікке тәрбиелеуге кеңінен тарту мақсатын қойды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа және тұрақты комиссиялары отырыстарында осы мәселелер жүйелі түрде талқыланып отырылады.

Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін ардагерлер кеңесі әкімдіктермен, мәслихат депутаттарымен, мектептермен, басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейді. Аудандағы ардагерлер ұйымдары Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған “Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!” атты ардагерлердің көркемөнерпаздар шығармашылық байқауына белсенді түрде қатысты. Соның нәтижесінде Лариса Киселева мен Гүлнәр Әбілқайырова жетекшілік ететін ардагерлердің “Родник” және “Балқадиша” ансамбльдері облыстық байқау фестивалінде өнер көрсетті. Ардагерлеріміздің алтын қоры саналатын 12 майдангер Жаңа жыл қарсаңында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын және жаңажылдық сыйлығын аудан әкімі Марат Омаровтың өз қолынан алып, бір жасап қалды. Айта кету керек, аудан әкімі ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып, ардагерлерді туған күндерімен құттықтауды жақсы әдетке айналдырған. Соғыс ардагерлері Дмитрий Трисеев пен Кірамша Мұқановтың 90 жасқа толу торқалы тойларын жоғары дәрежеде өткізді. Ауданымызда 3826 зейнеткер тұрады, соның 503-і – тыл еңбеккерлері. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға ұдайы көңіл бөлініп келеді. Ал майдангерлерге деген құрмет тіпті ерекше. Мысалы, 2014 жылы соғысқа бастанаяқ қатысқан ауданымыздың абыз ақсақалы Рақым Мұқаметжановтың үйінің жанынан монша салынып берілсе, тағы бір соғыс ардагері Сағындық Бағрамовтың үйі осызаманғы сайдинг материалымен қапталды. Сол сияқты жаңажылдық құттықтау кезінде Сағындық ата өзіне мүгедектер арбасының қажеттілігі туралы аудан әкіміне өтініш айтқан еді, оны жедел шешкен аудан басшысы 31 желтоқсан күні майдангерді мүгедектердің қоларбасымен қамтамасыз етті.

Ауданда өтетін барлық әлеуметтік-экономикалық шараларға ардагерлеріміз белсенді түрде қатысады. Мысалы, Хамит Найманов, Манабай Үмітбаев, Бекет Жүсіпов, Самат Ғабдуллин, Ілияс Тоқымбетов, Яков Веряскин, Виктор Курило, Зарап Құрманқұлов сияқты еңбек ардагерлері қолдарынан келген көмектерін аяған емес. Осындай белсенділеріміздің тікелей араласуымен тәлімгерлік жұмысы жақсы жолға қойылды.

Өткен жылдың шілде айында Шал ақын, Тимирязев аудандарының бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағаларымен “Өңірлердегі қоғамдық өмірде ардагерлер ұйымдарының алатын орны мен рөлі, жұмыстың тиімділігін арттыру жолдары” тақырыбында аймақтық семинар-кеңес өткізілді. Семинар-кеңесте Сергеевка қалалық ардагерлер ұйымының төрайымы Л. Шафоростованың, Афанасьев ауылдық бастауыш ұйымының төрағасы Ш. Бүртімбаевтың, автошаруашылық бастауыш ұйымының төрағасы Н. Ковалевтің, Сергеевка мектеп-гимназиясының бастауыш ұйымының төрайымы Қ. Жұмағалиеваның іс-тәжірибелері құптарлық деп танылды.

Ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі, тыл еңбеккері, еңбек ардагері Мәлғаждар Сәдуақасов облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет кітабына енгізілді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жалпыұлттық идеямыз – “Мәңгілік Елді” басты бағдар еткен “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауы біздің ардагерлер кеңесінің алдына да зор міндеттер қойып отыр. Оны орындау барлық ардагерлердің ардақты борышы деп білеміз.

Тұрар ОРАЗАЛИН,

Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесі

төрағасының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp