«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАРЫМ — ҚАЗЫНАМ

Солтүстікқазақстандық полиция қызметкерлері қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында қайырымдылық іс-шараларын жалғастырып келеді. Осы мақсатта облыстық ішкі істер департаментінің вокалдық тобы Тайынша ауданының орталығында өнер көрсетті.

Қайырымдылық іс-шараларын өткізу ІІД-нің басшылығы мен жеке құрамының назарынан тыс қалған жоқ. Полиция қызметкерлері өздеріне бекітілген зейнеткерлерді аралап, алғаш рет ішкі істер органдарының облыстық слетін ұйымдастырды. Бүгінгі таңда облыстың ішкі істер органдарында 20 ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 1850 адам бар. Оның алтауы соғыс ардагері болса, 28-і – тыл еңбеккері, 25-сі – жауынгер-интернационалист.

Облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеевтің айтуынша, айлық аясында бірқатар ардагерге материалдық көмек көрсетілді. Соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 25 мың теңге және қан қысымын өлшеуге арналған құрылғы – тонометр берілді.

Тайынша ауданының Мәдениет үйінің залы лық толы болды. Аудан әкімі Ержан Иманслям тайыншалық ардагерлерді құттықтап, бірқатарын марапаттады. Басқосу облыстық полицияның үрмелі аспаптар оркестрі мен вокалдық тобы әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты. Бүгінде ІІД-нің шығармашылық ұжымы облыстық полиция ведомствосының мақтанышына айналып отыр. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Берік Біләловтің бастамасымен, шығармашылық жетекші Дидар Малаевтың ұйымдастыруымен полиция қызметкерлерінің арасында дарынды қызметкерлер іріктеліп, олар бос уақыттарын дайындық жұмыстарына арнауда. Бүгінде ІІД-нің шығармашылық ұжымы облыстың барлық концерттік алаңдарында сұранысқа ие. Тайыншалықтар алдында өнер көрсеткен сақшылар мұны кезекті рет дәлелдеді.

ІІД кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаевтың айтуынша, аталмыш іс-шара Тайынша аудандық ардагерлер кеңесінің сұрауымен өткізілді. Әсіресе, қазақтың қара домбырасымен жеке өнер көрсеткен Асхат Ғалеев тайыншалықтардың қошеметіне ие болды. Ардагерлерге таныс әндер де айтылды. Аға ұрпақ өкілдері әндердің біршамасын бірге қосылып шырқады.

Нұрбек БАЕКИН,

облыстық ішкі істер департаменті

баспасөз қызметінің жетекші маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp