«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ АРДАҚТЫ

Қарттарды қолдау айлығы аясында Айыртау ауданындағы Дәуқара мектебі ұжымының, оқушылар мен ата-аналардың ұйымдастыруымен “Асыл жанды, ардақты қарттарым-ай” атты ән кеші өтті.

 Алдымен семіз қой сойылып, қарияларға кең дастарқан жайылды. Концерттік бағдарлама аясында ауылдың абыройлы азаматы Болатбек Дүйсенов ардагерлерге жылы лебізін арнап, бұл шараға ат салысқан барша ауыл тұрғындарына алғысын білдірді. Мектеп директорының міндетін атқарушы Балбөбек Халелқызы демеушілік жасаған кәсіпкерге білім ордасының ұжымы атынан ризашылығын білдірді. Дастарқан басында аға ұрпақ өкілдері бала тәрбиесі, жастар мәселесі мен бүгінгі өзекті проблемалар жайында сөз қозғап, қызықты концертті тамашалады. “Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй”, демекші, жиналғандар мектеп оқушылары Кәмила Дінәш, Айғаным Балхаш пен Алмаз Ақжігіттің орындауындағы “Асыл әжем”, “Бүлдірген” әндерін және Сүгірдің термесін жылы қабылдады. “Ата, әже, әке, ана” әнін Мөлдір Қалым есімді оқушы нақышына келтіре орындаса, Камила мен Шолпан есімді қыздар “Қос бәйтерегім” әнін әуелетіп, ата-әжелеріміздің ықыласына бөленді. Кеш барысында қарттар да әннен шашу шашып, балаларға ақыл-өсиеттерін жолдады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Қасым Нұрғалиұлы болса:
“Бар әлемде тыныштық боп
Бейбіт заман орнасын.
Қариялар, жүздеріңді
Қайғы бұлты шалмасын!”, – деп, қарттарымызға өлең шумақтарын жолдады. Жиын соңында “Батаменен ел көгерер” демекші, қадірлі қонақтар кешті ұйымдастырған мектеп әкімшілігі мен оқушыларға және олардың ата-аналарына ақ батасын беріп, шат-шадыман күйде тарқасты.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp