«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАРЫ КӨП, ЖАСТАРЫ ЖОҚ

Есіл ауданындағы бір кез­дері аты дүрілдеп тұрған Горное елді мекені жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұл ауылдың аумағында бұрын әккі қыл­мыскерлер, қаныпезерлер мен баукеспе ұрылар жазасын өтейтін колония болған еді.

Облыстық қылмыстық-ат­қару жүйесі департаментінің ЕС-164/4 мекемесі деп аталған бұл колония 60 жылға жуық уа­қыт жұмыс істеп, 2018 жылы жабылды. Бүгінде нысанның кей ғимараттарының қабырға­сы сөгіле бастаған. Жол бойын­да орналасқан, сотталғандар­дың қолымен жасалған жануар­лардың мүсіндері де жел мен жаңбырға мүжіліп, сыйқынан айырылыпты.

Заградовка ауылдық округі әкімдігінің мәліметінше, 2021 жылы қараша айында бұрынғы колонияның барлық дүние-мүлкі электронды сауда арқылы сатылған. Қазіргі иесі – «Июнь 17» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл серіктестік ко­лония жанынан құрылысқа қа­жет тас өндірумен айналысады. Горное елді мекенінің халқы 2018 жылдан бері үш есе қысқарған.

Жалпы бұл елді мекеннің тарихы әріден бастау алады. Өлкетанушылардың айтуынша, картаға түсірілген аты – Бүркітті. Бертінге дейін оның ұшар басына қыран құс ұя са­лып келген деседі. Ел аузында «Жалғызтау» делінеді. Әсірелеп айтылса да, құлаққа қонымды, жүрекке жылы тиеді. Кейде аласалығына қарап «Жаманшо­қы» дей салатындар да кезде­седі. Оның атауы жайлы түрлі болжамдар бар. Құймақұлақ қарттардың айтуларынша, ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда тауға ентелей енетін қылтаны сауда керуендерін тонайтын қарақ­шылар торуылдаған. Есіл дала­сымен әрлі-берлі өткен жолау­шылар алыстан мұнартып ша­лынатын тауды сапарларына бағдар ретінде пайдаланған.

Кеңес одағының дүрілдеп, заманның озып тұрған шағында геологтар осы маңайда жан-жақты жер асты барлау жұмыс­тарын жүргізген. Адам ағзасына өте зиянды ауыр металдардың мол қорын тапқан. Ол жайында қанша жасырылса да, «ел құла­ғы – елу». Осы төңіректегі тұр­ғындардың обыр ауруына жиі ұшырайтынын табиғаттың осы құбылысымен байланыстыру ол кездері өң түгіл түске ен­бейтін.

Ауылда фельдшер болып жұмыс істеген Ақбаян Шоқы­баева таудың етегінде орналас­қан, табиғаты көркем елді ме­кеннен көшкісі жоқ. Зейнеткерді елді мекен тұрғындарына жайлы жағдай жасалмағаны қынжылтады.

«Балаларым әр сенбі сайын ауылға келіп, аунап-қунап ке­тетін. Қазір ат ізін анда-санда бір салады. Елді мекенде теле­фонмен сөйлесудің өзі мұң. Туыстарымызға қоңырау шала алмаймыз. Ауыл тастың үстінде орналасқандықтан картоп, қияр-сәбіз дұрыс өсе қоймай­ды. Бәрін сатып аламыз. Жұ­мыс болмағасын жастардың дені қалаға кетті», – дейді ауыл тұрғыны.

Горное ауылында бір дүкен және екі ауылдың тұрғындары­на арналған «Достық» демалыс орталығы жұмыс істеп тұр. Екі жыл бұрын бала санының азды­ғынан мектепте бастауыш сы­ныптар ғана қалған.

«Әзірге 1-2-3-сынып оқу­шыларын бір кабинетке отыр­ғызып оқытып жатырмыз. 4-сыныпта оқушы жоқ. Білім ордасында менен басқа ағыл­шын тілі пәнінің мұғалімі және мектепті күтіп ұстайтын тех­персонал жұмыс істейді. Біз сияқты жастар ауылда қалмады. Қазір негізінен мұнда зейнеткерлер тұрады», – дейді мектеп меңгерушісінің міндетін атқа­рушы Амила Ташманова.

— 2018 жылы бұл ауылда 86 үй, 346 адам болса, қазір 33 үй және 100 тұрғын ғана қалған. Халық саны жылдан-жылға азайып келеді. Оқушы санының аздығынан жақын күндері ауылдағы бастауыш мектептің есігіне қара құлып салына ма деп қорқамыз. Тұрғындар жұ­мыстың жоқтығынан көшіп жатыр. Елді мекенде тек тас өң­деумен және қой шаруашылы­ғымен ғана айналысуға болады. Сондықтан қандастарды да көшіріп әкелу тиімсіз, – дейді Заградовка ауылдық округінің әкімі Данияр Тұяқов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp