«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАР ҮЙІНДЕГІ ҚИЛЫ ТАҒДЫРЛАР

Петропавлдың орталығында, жұрт көзінен тасалау жерде тұрған көпқабатты ғимаратты сол маңайдағы адамдар «қарттар үйі» деп атап кеткен. Ресми атауы – «Долголетие» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы». бұл мекемеде асыраушысынан айырылған, өздігінен жүріп-тұра алмайтын ондаған қария қоңырқай тірлік кешуде. Бірін-бірі алданыш тұтқан олардың тағдырлары – сырт көзге жұмбақ.

Қарттар үйінің табалдыры­ғын имене аттадым. Жүректері жалғыздықтан жабырғаған, мейірім-махаббатқа шөлдеген ата-апалармен әңгімелескім келді. Қарттардың әр бұрышта өздерімен өздері жападан-жал­ғыз отырғандарын көріп, көзі­ме еріксіз жас үйірілгенін жасы­ра алмаймын. Терезенің ал­дында өткен-кеткен адамға ұзақ қарап отырған бейтаныс әжей көзіме түсті. Жанына ба­рып, жөн сұрастым.

–Кел, кел, құлыным, жаны­ма жақын отыр, – деп бастады әңгімесін ол. «Бұл жерге өз­дерің сияқты өрімдей ұл-қыз­дар көп келмейді. Ол да дұрыс шығар. Жастардың өз өмірлері бар. Қоғамда «ешкім ешкімге міндетті емес» деген түсінік қа­лыптасып кетті. Біз жас кезіміз­де үлкенге жәрдемдесуді, әлсіз­ге көмектесуді міндетіміз деп білдік. Қазіргілердің ой-па­йымдары мүлдем бөлек». Осы­лай деп ағынан жарылған қария қос жанарынан мөлдіреген там­шының ағып түскенін өзі де байқамай қалды. Мен болсам жұбатпақ ниетпен: «Бәрі жақсы болады» дей бердім.

Қарияның есімі – Фадия екен. Саналы өмірін аспаздыққа арнапты. Оны қарттар үйіне ешкім мәжбүрлеп әкелмеген, өз аяғымен келген. «Кез келген ана өз балаларының жақсы өмір сүр­генін қалайды. Бір өкініштісі, олар анасыз ғұмыр кешуді «жақ­сы өмір» деп білді. Мен екеуіне де масыл болғым келмеді», – дейді кейуана.

Ананың жүрегінен асқан мейірім жоқ шығар бұл дүниеде! Сәбиін еш жамандыққа қимай­тын жанға өз баласының үйінің төрінен ұядай ғана бір бөлменің табылмағаны өкінішті! Қарт бұл жағдайға кейде өзін кіна­лап, жанын жегідей жейді.

Әжейдің жұбайы боксшы болыпты, қит етсе, жұдырық ала жүгіріп, келіншегін көк ала қойдай сабауды әдетке айнал­дырған. Күн сайын қайталана­тын айқай-шу мен ұрыстан әб­ден ығыры шыққан ол бір күні балаларын алып, төркініне кетіп қалады. Екі қыз бен бір ұлдың анасы қартайғанда қарт­тар үйінің бір бөлмесін паналайтынын еш ойламаған. Оның «бұл жерге өзім келдім» деуінің астарында үлкен сыр жатқанын біліп, қазбалап сұраған едік. Қария «балаларымды кінала­ғым келмейді» деп жылап сала берді.

«Долголетие» арнайы әлеу­меттік қызмет көрсету орталы­ғын паналап отырған әр қария­ның тағдыры әрқилы, барлығы да өмірдің тауқыметін тартқан жандар. Бірі балаларынан тірідей айырылса, енді бірінің барар жері, басар тауы жоқ. Тоғыз ай, тоғыз күн қиналып дүниеге әкелген перзентінен: «Сен сияқты әкем мен шешем жоқ» деген сөз естігендер де бар. Оларды тіршіліктің талай соқпағын көріп, нұры бәсеңдеген, мұңға толы жанарлар мен «бір күні келіп қалар» деген үкілі үміттер ғана байланыстырады.

Өмір жолы – сан тарау. Баба­ларымыз «адамның алды – қа­раңғы» деген сөзді бекер айтпа­ған ғой. Ешкім алдынан қандай «сыйдың» күтіп тұрғанын біл­мейді. Біз ат басын бұрған қарт­тар үйіндегі аға буын өкілдерінің қилы тағдырына тек балалары кінәлі деуден аулақпыз. Мұндай жағдайға өз қолдарымен жасаған іс-әрекеттердің де себеп болуы ғажап емес қой. Әйтсе де біз қар­тын қадірлеген, «ата-анасы жын­ды болса байлап баққан» ұлттың ұл-қызымыз.

Екіұдай сезімге бөлеп, жү­ректі ауыртқан бұл сапары­мызда біз оқшау үйде тұрып жатқан алдыңғы толқынның маңдайларына жақын ағайын­ның, туған ұл-қыздың жылуын көру жазбағанымен, мемле­кеттің мейіріміне бөленіп, қам­қорлығын сезініп отырғанына қуандық.

Асылзат АРҒЫНБАЙ,

М.Қозыбаев атындағы

СҚУ -дың Журналистика және

әлеуметтік ғылымдар

кафедрасының II курс студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp