Петропавлдың орталығында, жұрт көзінен тасалау жерде тұрған көпқабатты ғимаратты сол маңайдағы адамдар «қарттар үйі» деп атап кеткен. Ресми атауы – «Долголетие» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы». бұл мекемеде асыраушысынан айырылған, өздігінен жүріп-тұра алмайтын ондаған қария қоңырқай тірлік кешуде. Бірін-бірі алданыш тұтқан олардың тағдырлары – сырт көзге жұмбақ.
Қарттар үйінің табалдырығын имене аттадым. Жүректері жалғыздықтан жабырғаған, мейірім-махаббатқа шөлдеген ата-апалармен әңгімелескім келді. Қарттардың әр бұрышта өздерімен өздері жападан-жалғыз отырғандарын көріп, көзіме еріксіз жас үйірілгенін жасыра алмаймын. Терезенің алдында өткен-кеткен адамға ұзақ қарап отырған бейтаныс әжей көзіме түсті. Жанына барып, жөн сұрастым.
–Кел, кел, құлыным, жаныма жақын отыр, – деп бастады әңгімесін ол. «Бұл жерге өздерің сияқты өрімдей ұл-қыздар көп келмейді. Ол да дұрыс шығар. Жастардың өз өмірлері бар. Қоғамда «ешкім ешкімге міндетті емес» деген түсінік қалыптасып кетті. Біз жас кезімізде үлкенге жәрдемдесуді, әлсізге көмектесуді міндетіміз деп білдік. Қазіргілердің ой-пайымдары мүлдем бөлек». Осылай деп ағынан жарылған қария қос жанарынан мөлдіреген тамшының ағып түскенін өзі де байқамай қалды. Мен болсам жұбатпақ ниетпен: «Бәрі жақсы болады» дей бердім.
Қарияның есімі – Фадия екен. Саналы өмірін аспаздыққа арнапты. Оны қарттар үйіне ешкім мәжбүрлеп әкелмеген, өз аяғымен келген. «Кез келген ана өз балаларының жақсы өмір сүргенін қалайды. Бір өкініштісі, олар анасыз ғұмыр кешуді «жақсы өмір» деп білді. Мен екеуіне де масыл болғым келмеді», – дейді кейуана.
Ананың жүрегінен асқан мейірім жоқ шығар бұл дүниеде! Сәбиін еш жамандыққа қимайтын жанға өз баласының үйінің төрінен ұядай ғана бір бөлменің табылмағаны өкінішті! Қарт бұл жағдайға кейде өзін кіналап, жанын жегідей жейді.
Әжейдің жұбайы боксшы болыпты, қит етсе, жұдырық ала жүгіріп, келіншегін көк ала қойдай сабауды әдетке айналдырған. Күн сайын қайталанатын айқай-шу мен ұрыстан әбден ығыры шыққан ол бір күні балаларын алып, төркініне кетіп қалады. Екі қыз бен бір ұлдың анасы қартайғанда қарттар үйінің бір бөлмесін паналайтынын еш ойламаған. Оның «бұл жерге өзім келдім» деуінің астарында үлкен сыр жатқанын біліп, қазбалап сұраған едік. Қария «балаларымды кіналағым келмейді» деп жылап сала берді.
«Долголетие» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын паналап отырған әр қарияның тағдыры әрқилы, барлығы да өмірдің тауқыметін тартқан жандар. Бірі балаларынан тірідей айырылса, енді бірінің барар жері, басар тауы жоқ. Тоғыз ай, тоғыз күн қиналып дүниеге әкелген перзентінен: «Сен сияқты әкем мен шешем жоқ» деген сөз естігендер де бар. Оларды тіршіліктің талай соқпағын көріп, нұры бәсеңдеген, мұңға толы жанарлар мен «бір күні келіп қалар» деген үкілі үміттер ғана байланыстырады.
Өмір жолы – сан тарау. Бабаларымыз «адамның алды – қараңғы» деген сөзді бекер айтпаған ғой. Ешкім алдынан қандай «сыйдың» күтіп тұрғанын білмейді. Біз ат басын бұрған қарттар үйіндегі аға буын өкілдерінің қилы тағдырына тек балалары кінәлі деуден аулақпыз. Мұндай жағдайға өз қолдарымен жасаған іс-әрекеттердің де себеп болуы ғажап емес қой. Әйтсе де біз қартын қадірлеген, «ата-анасы жынды болса байлап баққан» ұлттың ұл-қызымыз.
Екіұдай сезімге бөлеп, жүректі ауыртқан бұл сапарымызда біз оқшау үйде тұрып жатқан алдыңғы толқынның маңдайларына жақын ағайынның, туған ұл-қыздың жылуын көру жазбағанымен, мемлекеттің мейіріміне бөленіп, қамқорлығын сезініп отырғанына қуандық.
Асылзат АРҒЫНБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ -дың Журналистика және
әлеуметтік ғылымдар
кафедрасының II курс студенті.