
Солтүстікқазақстандық полицейлер биылдыққа бірінші рет заңды бұза отырып сақталып келген қаруды анықтап, тәркіледі. 36 жасар петропавлдық өзіне тиесілі үш аңшы мылтығын қайта тіркеу мерзімін өткізіп алыпты. Бұған қоса қару сақтайтын сейфінің дабылы істен шыққаны анықталып, 12 калибрлі “ИЖ-54″ және «Ata Arms», сондай-ақ 7,62 мм калибрлі «Вепрь 308» аңшы карабині тәркіленді. Енді иесі үш жылға қару ұстау құқығынан айырылады.
«Қайта тіркеу мерзімін өткізіп алу – аңшылар тарапынан жиі кездесетін заң бұзушылықтардың бірі. Қаруды сақтауға рұқсат бес жылға беріледі. Бұл мерзім аяқталмай тұрып, жаңа рұқсат ресімдеп үлгеру қажет. Адамдарға ыңғайлы болу үшін және сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында мемлекеттік қызметтің бұл түрі «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетіледі. Алайда, көпшілік түрлі себептермен бұл қызметке уақтылы жүгінуді естен шығарып алады. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 486-бабын бұзудың 34 дерегін анықтады», – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Құрман Мусин.
Қару иелері тұрғылықты мекенжайын ауыстырғанда полицияны хабардар етудіұмытып кетеді. Қару иесі қайтыс болса, мұрагерлері бір ай ішінде қаруды аумақтық полиция бөліміне тапсырып, оны қайта тіркеу немесе сату туралы шешім қабылдауы керек.
Сондай-ақ, тіркелген қаруды сақтау ережелерін бұзушылықтар да жоқ емес, қаңтар айында осындай 49 жағдай орын алды. Сейф қаруымен қоса қолды болмауы үшін, полицейлер қару салынған сейфті еденге немесе қабырғаға бекіту қажеттігіне, сонымен қатар сейф қабырғасының қалыңдығы 3 мм. кем болмауы тиістігіне, қала тұрғындары дабыл орнатулары қажеттігіне назар аударады. Сейфте басқа заттарды сақтауға қатаң тыйым салынады.
Облыста бір ай ішінде полицейлер 624 қару иесін тексеріп, нәтижесінде 92 заң бұзушылықты анықтады.