«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қарызды төлеу — парыз

Бүгінде Петропавл қаласында коммуналдық қарыздарын төлеуден жалтарып жүргендер, сол сияқты пәтер иелері кооперативтеріне берешегі барлар аз емес.

Осыған орай ұзақ уақыт бойы коммуналдық қызметке ақы төлеуден қасақана жалтарып жүрген азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылуда.

Облыс орталығында жылу, су, жарықтан бөлек, ПИК қызметінің ақысын төлеуден жалтарып жүргендердің бірі – 24 мың теңге қарызы бар облыс орталығының А. есімді тұрғыны. Сот орындаушылары азаматқа осы жайды телефонмен және тұрғылықты мекенжайы бойынша келіп ескерткенімен, қарыздың қайтарылатын түрі жоқ.

Аталмыш тұрғынның жауапсыздығы тек қызмет көрсетуші компанияларға ғана емес, айналасындағы көрші-қолаңдарына да зардабын тигізетіні анық. Өйткені, үйдің ішкі-сыртқы жөндеуі мен коммуналдық қызмет сапасының жоғары деңгейде болуы тұрғындардан түсетін қаржыға байланысты. Сөйтіп, ПИК қызметінің ақысын уақытымен төлемеген бірдің қырсығы мыңға тиіп отыр.

Сот орындаушылары толтырған әкімшілік хаттама бойынша Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік соты азаматқа қатысты әкімшілік жаза белгілеп, шара қолданғаннан кейін ғана ол борышын толық өтеді.

Анар ҚАРАБАЛИНОВА,

облыстық сот актілерін орындау департаментінің бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp