«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЫЗЫН ҚАЙТАРУҒА АСЫҚПАҒАНДАРДЫҢ ЕСІМДЕРІ ЖАЛПАҚ ЖҰРТҚА ЖАРИЯ БОЛДЫ

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеуден жалтарып жүрген жүз адамның аты-жөнін жариялады. Яғни, олар ел бюджетіне 300 миллион теңгедей қарыз. Көбінесе мүлік, жер, көлік салықтарын төлеуге асықпайтын борышкерлер жауапсыздықтың опық жегізетінін түсінбейтін сияқты.

Тізімге еніп, есімдері елге жария болған борышкерлердің жалпы қарызының ішінде 175,3 млн. теңге негізгі берешек болса, қалған 110,6 млн. теңгесі өсімпұлдар. Салық бойынша ең көп берешегі бар азамат Қа­рағанды облысында тұрады. Асқар Нә­биевтің жер салығы бойынша негізгі бо­рыш сомасы 37,1 млн. теңге болса, есеп­телген өсімпұлы – 28,1 млн. теңге. Сонда жалпы қарызы 65,3 миллионды құрап отыр.
Қазақстанда қарызын өтеуге асықпай жүріп, өсімпұл сомасы негізгі борыштан асып кеткен азаматтар да бар. Ондай азаматтардың бірі Нұр-Сұлтан қаласы­ның тұрғыны Талғатбек Ілиясовтың жер салығы бойынша жалпы берешек сомасы 19 млн. теңгеге жеткен. Соның ішінде негіз­гі борышы – 8,6 млн. теңге болса, өсімпұлы – 10,3 млн. теңге.
Облыстық мемлекеттік кірістер департа­менті мамандарының айтуынша, салықтан жалтарғандардың қатарында 11 солтүс­тікқазақстандық бар. Олардың берешегі 7,5 млн. теңгеден асады. Мәселен, жер­лес­теріміздің арасында 2,5 млн. теңге қа­рызы бар Юрий Хрущев есімді азамат көш бастап тұр. Вадим Бачуриннің қарызы 1,4 млн. теңге болса, қалған жерлестеріміздің берешегі 1 млн. теңгеден аз.
– Бюджетке берешек жеке тұлғалар – көлік салығын уақтылы төлемеген авто­көлік иелері. Бұл салық төлеушілердің мен­шігінде бірнеше көлік болған. Аталмыш қа­рыз көп жылдан бері жиналған. Заңнамада белгіленген тәртіп бойынша салық міндет­темелерін уақытында орындамаған бұл азаматтарға қатысты салықтық бұйрықтар шығарылып, атқарушы органдарға жібе­ріл­ді, – деді департаменттің бөлім бас­шысы Әсел Пұштанова.
Қазіргі уақытта елімізде жеке тұлғаларға қатысты салықтық рақымшылық жүргізілу­де. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарына дейінгі салықтары бойынша негізгі қарызын төле­ген азаматтардың өсімпұлы есептен шы­ғарылатын болады. Салықтан жалтарғандар тізіміне енген борышкерлер де негізгі берешегін төлеген жағдайда ра­қым­шылыққа ілігеді.
Салықтық рақымшылық жыл соңына дейін жүзеге асады. Салық төлеушілер борыштарының бар-жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz сайты арқылы тексере алады. Интернет-ресурс­­тағы “салық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер” электронды сервисіне кірген салық төлеуші жеке сәйкестендіру нөмірінің (ЖСН) көмегімен борышын тексереді. Таяу уақытта Қазақстан Рес­публикасының азаматтары ұялы теле­фондарына төлеуге тиісті салық сомасы туралы SMS-хабарламалар алады. Бұл үшін азаматтар “Электронды үкіметтің” “egov.kz” порталы немесе “mgov” мобильді қосымшасы арқылы нөмірін тіркеу қажет.
Мемлекеттік кірістер органдары салық бойынша берешегі бар азаматтар тізімін жариялау үрдісін алдағы уақытта да жал­ғастыруды көздеп отыр.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp