
Солтүстiк Қазақстан облысында “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру былтырдан бастап бiлiм беру, денсаулық сақтау, қауіпсiздiк, көлiк және басқару саласы сияқты бес басымды бағытта жүргiзiлiп жатыр. Биыл осы бағыттарға “Ақылды қаланың” алты компоненті қосымша енгізілді. Олар – ақылды басқару, әлеуметтік сала, экология, бизнес пен құрылысты дамыту және ауыл шаруашылығы. Осы жобалардың жүзеге асуы облыс тұрғындарының өмір сапасын арттыратыны сөзсіз.
Білім беру саласында облыста барлығы 485 мектеп болса, соның 444-і кең жолақты интернетке қосылған. Бұл облыстағы барлық мектептің 93,5 пайызын құрайды. Оқушылар сарайында осызаманғы айрықша IT – орталық жұмыс істейді.
Облыстың 333 мектебі мен 335 балабақшасында екі мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Олар: жеті жасқа толмаған мектепке дейінгі бүлдіршіндерді “Кезекке қою” және “Бірінші сыныпқа жолдама беру”.
Бүгінде “Smart-мектеп” және “Smart-балабақша” жобалары іске асырылуда. Қазір ол оншақты мектеп пен 13 мектепке дейінгі оқыту мекемелеріне толықтай енгізілді. Жыл соңына дейін тағы да 12 мектеп пен 15 мектепке дейінгі оқыту ұйымдарына енгізу жоспарланған.
Облыста “Bilimland” білім беру тұғырнамасына өңірдегі барлық мектеп қосылған. Денсаулық сақтау саласында да бұл іс бойынша ілгерілеу бар. Барлық медициналық қызметкерлер компьютерлік техникалармен жабдықталған. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында медициналық ұйымдарда ақпараттық жүйенің енгізілуі тиісінше 33 және 27 пайызды құрайды. Ал аудандық деңгейден жоғары ұйымдар толықтай ақпараттық жүйеге енгізілген. Жаппай компьютерлік техникалар алуға облыстық бюджеттен 144,7 млн.теңге жұмсалды.
Медициналық құжаттарды автоматтандыру медицина мамандарына ғана емес, пациенттерге де қолайлы екендігін өмір көрсетіп отыр. Соның арқасында қазір Петропавл тұрғындары DamuMed пен SKOMed көмегі арқылы дәрігерге мобильді қосымша арқылы жазыла алады.
Сондай-ақ, ONCOSCREEN мобильді қосымшасын қолданудың нәтижесінде қатерлі ісікке шалдыққан 2 пациент анықталды. Ал “АнтиИнсульт” қосымшасы арқылы тексеруден облыстың 14882 тұрғыны өткізіліп, оның ішінде 1668 адамда инсульттің жоғары тәуекелі, 5814 адамда орта тәуекелі бары анықталды.
Цифрландыруға басымды бағыт берілген келесі сала – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ). Облыста “Біртекті есеп айырысу орталығының” ашылғанына бірнеше жыл болған. Оған қазір ТКШ қызметтерін көрсететін облыстағы 70-тен артық кәсіпорын енгізілген. ТКШ саласындағы электр қуатын тұтынғандықты көрсететін 30 мыңнан артық жеке есептегіштер көрсеткіштерді автоматты түрде оралыққа жіберіп тұрады. Биыл көшедегі жарық бергіштерді автоматты түрде реттейтін қондырғылар орнату үшін 35 шақырымдық жарық беру жүйесі жаңартылды.
Қоғамдық көліктердің диспетчерлік орталығының деректері қалалық әкімдікке көрініп тұратын болды. Барлық автобустарға GPS жүйесі орнатылған. Мобильді қондырғылар арқылы барлық бағыттағы қала автобустарының жұмыс тәртібін “InfoBus” арқылы білуге болады. 2018 жылдан бері аялдамалық павильондарға 29 ақпараттық таблолар қойылған. Қала автовокзалы электронды билет сатуды жоспарлап отыр. Өкінішке қарай, автобустарда билет сатылмайды, ал жолақысын жүргізушінің өзі жинайды. Сондықтан бұл салада цифрландыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет.
Қауіпсіздік саласындағы цифрландыру туралы айтатын болсақ, қазір жол-көлік оқиғасын жедел басқару орталығында 2000-нан артық бейнекамера орнатылған. Алдағы уақытта жедел әрекет ету үшін “Біртекті кезекшілік-диспетчерлік қызмет” құру жоспарланып отыр.
Теміржол вокзалында бейнекөрініс арқылы адамдарды тану жүйесі жұмыс істейді. Олар бір орталықтандырылған 12 камерадан тұрады. Сондай-ақ, ЖКО қатысы бар көліктердің нөмірлерін анықтай алатын 7 интеллектуалды жүйе іске қосылған.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бейнекамералардың көмегімен 1,5 мың құқық бұзушы жүргізушілер анықталып, олар 25 миллион теңге айыппұл төледі.
Облыстың ауыл шаруашылығы саласында бүгінгі таңда 4,8 млн. гектар егістік цифрланған. Бұл – барлық егістіктің 99 пайызы. Нақты жер игеруде цифрландыруды қолданудың арқасында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында еңбек өнімділігі 2,5 пайызға артты.
Мал шаруашылығында цифрландыруды қолданатын 12 ферма жұмыс істейді. Оларда жайылымдағы мал “электронды малшы” деген жүйемен бағылады. Жануарларды суару, өлшеу, сақина салу және т.б. жұмыстардың бәрі цифрландырылған. Биыл осындай 3 сүт өндіру кешені іске қосылды.
Жақсыбай САМРАТ.