Петропавл маңындағы Қарғалы аралындағы демалыс аймағында жаңа «Гринвуд» қонақүйі салынады. Жоба құны – 100 млн. теңге. 55 миллион теңгені кәсіпкер «БЖК – 2020» бағдарламасы аясында ресімдемек. Өтінім қарауға берілді. Бұл туралы «Казиканов» ЖШС тең құрылтайшысы Сергей Шенкнехт хабарлады.
«Жатын корпустарын жөндеуге өткен жылы кіріскен. Бұл – бұрынғы теміржолшылардың туристік базасы. Қазір заманауи стандарттарға сәйкестендіріп жатырмыз. Ашық аспан астында жылытылатын бассейн орнатамыз, алаңы – 300 шаршы метр. Спа-салон, мейрамхана, монша, спорт алаңдары болады. 100 орынға есептелген. Демалыс базасы ұзақ демалуға маманданған. Адамдар Еуропаға, Түркияға бармай, 3-4 күн осында демалып, барлық қызметті осы жерден алғанын қалаймыз», – деді Сергей Шенкнехт.
Петропавлдықтар мен қала қонақтары мотельде кез келген маусымда демалады. Қыста атқа мініп, коньки, шаңғы тебу көзделген. Балаларға арналып ойын автоматтары, аттракциондар орнатылады.
Бизнесменнің айтуынша, баға қолайлы болады. Қонақүй 2016 жылы ашылады.
(Өз тілшіміз).