
Облыс орталығын қардан тазалаудың жайымен танысқан өңір басшысы Ерік Сұлтанов коммуналдық қызметтің жетекшілеріне бірқатар ескертулер жасады.
Қардан тазалау бойынша бас мердігер “Су-808” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күн сайын Петропавл қаласы көшелерінен 6 мың текше метрдей қар шығарады екен.
Осы орайда облыс әкімі қаланың шет аймақтарында судың көп жиналуына жол бермеу керектігін атап өтіп:
– Сіздің ұйым тәулігіне 10-15 мың текше метр қар шығаруға міндетті. Жұмысты ширағырақ ұйымдастырыңыздар. Қазіргі таңда тариф белгіленген, қажетті қаржыны бөлеміз. Қала бойынша қар көп, қарқынды еселей түсу керек. Қарды молырақ артуды бақылауға алыңыздар, – деді.
Ойқала шағынауданында “Строй Агро Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалары көшелерді қардан тазалаумен айналысуда. Бұл ауданның 32 көшесінде қар жинау қызу жүргізілуде. Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің басшысы Мереке Мұхамедияровтың айтуынша, қар жинау жұмысына жергілікті тұрғындардың да өз аулаларын тазалау арқылы атсалысқандары жөн.
“Береке” шағынауданының Ухабов көшесі бойында “Дорожник Ашық Аспан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істейді. Олар күніне 1,5 мың текше метр қар жинайды екен. Өңір басшысы аталмыш коммуналдық қызметтің жұмысын сынға алды.
– Мен шыққанда ғана емес, үнемі жұмыс істеу керек. Қалған соңғы күндерде жұмысты ұйымдастыру қажет. Мен күніне 15 мың текше метрге дейін қар шығаруды тапсырдым, – деп атап өтті Ерік Хамзаұлы.
Облыс әкімі Досмұхамбетов және 1 Заречный көшелерін қардан тазалау жұмысының барысымен де танысты.
– Бүгін көшелерді қардан қалай тазалап жатқанын көрдік. Жұмысты жандандыру маңызды. Менің ойымша, үш аптадай уақыт қалды. Осы уақыттың ішінде жұмыс тәулік бойы ұйымдастырылатын болады. Тәулігіне қар шығаруды 2-2,5 есеге ұлғайтып, қауіпті жағдайдың алдын алып, су тасқынына жақсылап дайындалуымыз керек. Сонымен қатар, білім беру жүйесі мен қала әкімдігі аулаларын өз күштерімен қардан тазалай алмайтын ардагерлер мен зейнеткерлерге көмектесуде, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Қыс басталғалы Петропавл қаласынан 380 мың текше метр қар шығарылған. Қала бюджетінен бұл мақсатқа 184 миллион теңге бөлінген.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.