Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласының көшелерінде
қолға алынған жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, бірқатар нысандарды аралады.
Алдымен өңір басшысы Абай, Әуезов, Сәтбаев көшелерінде болды. Қазіргі таңда “СУ-808” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған көшелерде жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Абай көшесінің бойында қазір жолдың шұрық-тесік жерлері жамалуда. Оның үстіне асфальт салынады. Осы орайда облыс әкімі серіктестік директоры Вячеслав Старухинге жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілуі тиіс екенін және жол жиегіне ерекше мән беру керектігін ескертті.
Жүзжылдық тарихы бар “Қызылжар оранжереясы” ботаникалық бағында болған облыс әкімі ғимараттың қазіргі қалпын көріп, дереу бұл мәселе қолға алынуы тиіс екенін айтты.
– Ботаникалық бақта 2010 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген, – деді “Қызылжар оранжереясының” агрономы Равиль Рязапов. – Алайда, сапасыз жүргізілген жөндеудің салдарынан қазіргі таңда ғимараттың іргетасының үстінен қосымша қаланған кірпіш үгітіліп түсуде. Бұған себеп – кірпіштің сапасыздығы.
Ерік Хамзаұлы жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, қажетті техникалық жұмыстар дұрыс атқарылуы тиіс екенін атап көрсетті. Сонымен қатар, Петропавл қаласының әкіміне сапасыз жөндеу жұмыстарымен айналысқан мердігерді табуды, бұл мәселе “жабулы қазан күйінде” қалмауын тапсырды.
Қазіргі таңда Мир көшесінің бойында да қарқынды жұмыс қолға алынған. Мұнда орташа жөндеу жұмыстарымен “Дорожник Ашық Аспан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда.
Облыс әкімі тұрғын үйлердің аулаларын қалыпқа келтіруге де баса мән берді. Уәлиханов көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласында балалар үшін ойын алаңы салынып, жаңа кейіпке енген.
– Биылғы жылы 45 аула қалыпқа келтірілетін болады. Бұған дейін ешқашан тұрғын үйлердің ауласында жөндеу жұмыстары қолға алынбаған еді. Бюджет есебінен және демеушілердің көмегімен балалар үшін ойын алаңдары салынады. Барлық орталық көшелер қалпына келтіріледі. Өткен жылы салықтан 5 миллиард теңге қосымша қаржы жинадық. Заманауи Спорт сарайы мен Мамлют ауданында мектеп салынды. Қазіргі таңда “Бәйтерек” ауылында мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл бюджеттен қалаға 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, – деген облыс әкімі Ерік Сұлтанов тұрғындармен әңгімелесу барысында Петропавл қаласында жылу желілерінің тозығы жеткенін де айтып өтті. Жылу желілерінің 60 пайызын қалпына келтіру үшін шамамен 4 жыл уақыт жұмсалмақ. Өз кезегінде тұрғындар облыс әкіміне қолдауы үшін ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты. Кездесуде аула маңында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге тұрғындар да барынша мүдделі болуы тиіс екені сөз болды. Жеңіс саябағында да жұмыс қарқынды. Алдағы уақытта саябақта би алаңы ашылып, балалар аттракционы іске қосылмақ.
Көктемгі тасқын судың салдарынан облыс тұрғындары біраз әбігерге түскен еді. Өңір басшысы Заречный кентінде болып, ондағы жағдаймен танысты. Бүгінде Заречный кентінде судың деңгейі 40 сантиметрге төмендеген. Өңір басшысы бір-екі аптада жағдай қалпына келетініне сендірді. Облыс әкімі Петропавлда атқарылып жатқан кең ауқымды шаралар жайында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат беріп, жұмыс сапарын қорытындылады.
– Қазір облыс орталығындағы 7 көшеде жөндеу жұмыстары басталды. Жалпы жөндеуге биыл бюджеттен 1 миллиард 700 миллион теңге бөлінді. Көпқабатты үйлердің ауласын қалпына келтіру үшін де биыл біраз еңбектенетін боламыз. Петропавл қаласының 45 ауласының ішкі жолдары қалпына келтіріліп, 30 балалар алаңы орнатылады, – дей келе Ерік Хамзаұлы келесі аптадан бастап бірқатар көшелерге қиыршықтас төселетінін хабарлады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
