«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қарқын алып келеді

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы өткізіп жүрген баспасөз мәслихатының кезекті басқосуы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында құрылысқа қатысты айтылған жаңашылдықтарға арналды. Олар стратегиялық құжаттың 46-49-қадамдарында қамтылған.

Тақырыпқа қатысты сөз алған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамедиев еліміздің құрылыс нарығына елеулі қарқын, нәтижелі жұмыс әкелетін төрт қадамға жеке-жеке тоқталды. Серік Мақсұтұлы өз сөзінде 46-шы қадамда көрсетілгендей, құрылысқа рұқсат алу үш сатылы кезеңмен жүргізілетінін жеткізді. Жобалау және құрылыс құжаттарын беру мерзімі 40 күннен 17-ге дейін, жоба сызбасын мақұлдау 60 күннен 15-ке дейін қысқарған. Осыған дейін қағаз түрінде беріліп келген құрылысқа рұқсат құжаттары енді электрондық тәсілмен реттелетін болады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа берілетін құрылыс нысандарына мемлекеттік комиссия қабылдау жүргізбейді. 47-ші қадамда жобаларды сараптауды бәсекелес ортаға тапсыру қағидасын назарға ала отырып, Ұлттық экономика министрлігі жұмыс жоспарын жасағаны айтылды. Онда жаңа құрылыс нысандарын салуға, тұрғын үй ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізуге, елді мекендерді абаттандыру шараларына, электрмен жабдықтау желілерін тарту және жолдарды жөндеуге берілетін жобалық-сметалық құжаттарды мақұлдауды бәсекелес ортаға тапсыру 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізіледі. Ал мемлекеттік сараптамадан халықаралық маңызы бар құрылыстар жобасы, нақты техникалық жағдайға байланысты дайындалған ерекше нысандар, техникасы және технологиясы күрделі ғимараттар мен имараттардың құрылысы өткізіледі.

2015 жылдан бастап құрылыс нарығы баға қалыптастырудың жаңа әдісіне көшті. Яғни, материалдардың, бұйымдардың, жабдықтардың және еңбекақының нақты нарықтық бағасына сәйкес құрылыстың сметалық құнын шығарып, сметалық-нормативтік базаны жаңа технологиямен толықтыруға мүмкіндік берілді. Құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесі енгізіледі. Осы орайда, елдің климаттық және географиялық жағдайын ескерген 453 нормативтік-техникалық құжат, 58 құрылыс нормасы дайындалған. Олар өткен жылдың 1 шілдесінен бастап ескі нормалармен қатар қолданысқа енгізіле бастады. Ал 2020 жылдан бастап сала толықтай еурокодтар жүйесінің нормативтік базасына өтеді.

Құрылыс басқармасының басшысы облыс аумағында салынып жатқан маңызды нысандарға да тоқталды. Салаға биыл республикалық бюджет пен Ұлттық қордан – 4,96 миллиард теңге, облыс қазынасынан 1,21 миллиард теңге қаржы бөлінген. Үстіміздегі жылы өңірде 12 тұрғын үй (1061 пәтер) пайдалануға берілмек. Оның 11-і облыс орталығында (1011 пәтер), 1-еуі Тайынша қаласында (50 пәтер), 6 ауданда алты жатақхана (135 пәтер) және бірпәтерлі бес жер үй беріледі. Құрылыс саласына “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның қосып отырған үлесі де зор. Биыл банктің өңірлік филиалының тікелей басшылығымен 6 үйдің жобасы жүзеге асырылуда, 498 пәтер пайдалануға беріледі. Жалпы жергілікті атқарушы органдарда пәтер кезегінде 14 мың солтүстікқазақстандық тұр.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp