«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРҚЫН ЕРЕКШЕ

Облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, соңғы 2,5 жылдың қорытындысын шығарды. Осы кезеңде кәсіпкерлерден 9 мыңға жуық өтініш түскен. Оның 4 мыңға жуығы құқықтық мәселелерге байланысты. Салықтық әкімшілдендіру, бақылау-кассалары машиналарын, мәліметтерді беру құрылғысы мен техникалық қамсыздандыру мәселелері бірінші орында тұр. Кәсіпкерлердің өтініштерінде жер қатынастары, табиғи монополиялар салаларындағы өзекті мәселелер де жиі көтеріледі.

Кәсіпкерлер палатасы бизнес субъектілерін заңды және құқықтық қорғау, бизнесте әкімшілік кедергілерді жою, кәсіпкерлер үшін қаржының қолжетімділігі мәселелеріне ерекше басымдық береді. Бұл орайда палатадағы құқықтық, экономикалық, әлеуметтік блоктар елеулі жұмыстар атқаруда.

– Кәсіпкерлер палатасы бизнестің дамуына әкімшілік кедергілер тудыратын жайларды анықтауға барынша мүдделі. 2016 жылы кәсіпкерлер палатасы жергілікті деңгейде 23 әкімшілік кедергіні анықтады, оның 16-сы оң шешімін тапты, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов.

Кәсіпкерлер палатасы жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға барынша мүдделі. Осы мақсатта палатаның ықпал етуімен өңірдегі кәсіпорындарға қолдау көрсету үшін республикалық дағдарысқа қарсы шараларға ұсыныс енгізілді. Аталмыш жоспар аясында өңірде тауар өндірушілердің жергілікті үлесін арттыру үшін өзара ынтымақтастық байланыс орнату мақсатында 4 ұлттық және өзге де компаниялармен меморандумдарға қол қойылды. Ынтымақтастық аясында облыста отандық тауар өндірушілермен 14 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аграрлық кооперацияны дамытудың жоспарлы шараларына сәйкес облыста кооперациялардың артықшылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда біздің өңірде 117 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істесе, оның 96-сы 2016 жылы тіркелді. Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары 50 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің әділет органдарында тіркелуіне көмек көрсетті.

Қазіргі таңда облыста 800 заңды тұлға, 3 мыңға жуық шаруа қожалығы мен фермерлік шаруашылықта 130 мың адам еңбек етуде. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне зерттеу жүргізуі нәтижесінде кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы әзірленді. Оның аясында облыстың қандай салаға маманданғаны анықталды. Аймақта ауыл шаруашылығы, оның ішінде өсімдік шаруашылығына негізгі басымдық берілген. Өңірлік карта аясында жалпы сомасы 7 миллиард теңгенің 100 инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақ.

Айсұлу ҚҰСАЙЫНОВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының

баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp