«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАР СУЫ ҚАУІПТІ

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Шал ақын ауданына барды. Сапар барысында Ғауез Нұрмұхамбетов Сергеев су қоймасының көктемгі су тасқынына дайындығын тексерді. Мамандар гидротораптың жағдайын және көктемгі су тасқынына қатысты болжамдарын айтты.

Былтырғы төтенше жағдайда су торабының жанындағы сол жақ жағалаудан 2 мың текше метр балшықты су шайып кеткен. Оны жөндеу үшін тас төселген. Қазіргі таңда тиісті жұмыстардың барлығы аяқталыпты.

«Бүгінгі таңда Сергеев су қоймасы қалыпты жұмыс істеп тұр. Ешқандай қауіп жоқ. Комиссиялық тексеруден өтті. Сергеев гидроторабы да, Петропавл су қоймасы да су тасқынына дайын. Жоспарда болған жұмыстардың барлығы атқарылды. Биылға тағы да ауқымды жұмыстар жоспарланған. Оның барлығы тендер ойнатылғаннан кейін қолға алынады. Республикалық бюджеттен 321 млн теңге, «Демеу» қорынан 200 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа оң жағалауды бекітеміз», – деді «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин.

Мамандар жүргізген тексерістер бойынша, өңірде топырақтағы ылғал қоры 100-ден 216 мм-ге дейінгі аралықты құрайды. Облыстың басым бөлігінде бұл көпжылдық көрсеткіштерден 2 есеге артық. Қазіргі уақытта қар жамылғысында ылғал қоры анықталып жатыр. 30 қаңтарда жүргізілген далалық жұмыстардың қорытындысы бойынша қардағы ылғал қоры облыстың көп бөлігінде нормаға жақын. Ал оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс аумақтарында нормадан 30-60 пайыз асып кеткен.

«Жалпы су тасқынының болуы метереологиялық факторларға тікелей байланысты. 30 қаңтар күні далалық түсірілім жұмыстары жүргізілді. Облыста қардағы ылғал қоры 27-ден 96 мм.-ге дейін көтерілген. Бірақ Ғабит Мүсірепов атындағы және Уәлиханов аудандарында қардағы судың мөлшері бұдан жоғары. Болжалды гидрологиялық есеп бойынша биыл Сергеев су қоймасына келетін судың көлемі 1,7-2,8 млрд. текше метр болмақ», – дейді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалымова.

Сергеев су қоймасына келетін қалыпты су мөлшері 1,3 млрд. текше метр. Өңір басшысының айтуынша, биыл да жағалауды нығайту және судың шайып кетуінен қорғау жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар су торабының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда облыс бойынша 19 гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Биылғы жылы наурыз айында тағы да жаңа 3 гидрологиялық бекет іске қосылады. Облыс әкімі мамандарға күнделікті су мөлшері мен гидрологиялық есептерді бақылауда ұстауды тапсырды.

«Біз биыл еріген қар суы мен Қарағанды жақтан келетін суды қадағалауымыз керек. Шағалалы су қоймасы тез толады. Оның су қабылдау мүмкіндігі өте аз. Сондықтан да біз осы уақыттан бастап Тайынша ауданына назар аударуымыз керек. Төтенше жағдайлар департаменті аудан әкімдігімен бірге тиісті жұмысты қолға алыңыздар. Аудан әкімдері осы бастан жұмысқа кіріссін. Петропавл мен Қызылжар ауданында 8 қорғаныс бөгеті күшейтіліп, биіктігі 7 метрге дейін көтерілді. Барлық есептеулер өткен жылғы қатты су тасқынының ең жоғары деңгейі ескеріле отырып жасалды. Бірінші көтергіш сорғы стансасын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Жалпы 109 іс-шарадан тұратын инженерлік жоспарды жүзеге асыру аясында елді мекендерді тасқыннан қорғау үшін барлық қажетті шаралар қабылданды», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда Сергеев және Петропавл су қоймалары қалыпты жұмыс істеп тұр. Қалпына келтіру жұмыстарының бір бөлігі аяқталған. Көктем келісімен қалған жұмыстар қолға алынады.

Ксения ГУРЬЯНОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp