Қызылжар өңірінде биыл қар қалың. Қаңтар айының өзінде ғана орташа көрсеткіштен 3 есеге артық түскен қарды күн-түн демей тазаласа да, үлгере алмай жатқан арнайы техника саны толықтырылды.
Облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенконың айтуынша, өңір биылғы қысқа түпкілікті дайындалды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2015 жылдың алғашқы жартыжылдығына 230 миллион теңгенің қаражаты бөлініп, жанар-жағармай қоры жеткілікті әзірленді. Екі мыңнан астам құтқарушы, 1250 бірлік техника, 315 жылыту қосыны қыс басталысымен жұмыстарын үзген емес.
Алайда, күрделі метеорологиялық жағдайдың салдарынан 29-30 қаңтарда өңіріміздің төрт ауданы қар құрсауынан шыға алмай қалды. Осыған байланысты бұл аудандарда төтенше жағдай жарияланып, қосымша техникалардың қажеттігі жайында Ішкі істер министрлігіне өтініш хат жолданған болатын.
Министрліктің шешіміне сәйкес облысқа 2 шнекоротор, 3 бульдозер мен 3 автогрейдер техникалары берілді. Олардың дені аудандарға жіберіліп, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте жедел әрекет ету отряды құрылды.
Қар тазалау жұмыстары енді жаңа қарқынмен жалғаспақ.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.